Қазақстан • 12 Шілде, 2017

Ардагерлер Астана күнімен құттықтады

474 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді сүйікті елордамыз – Астана күнімен шын жү­рек­тен құттықтаймыз! Осы сәтті пай­далана отырып, Ақжайық тұрғын­дарының атынан Сізге зор ден­саулық пен игілік, елімізге бейбіт­шілік пен тыныштық тілейміз.

Ардагерлер Астана күнімен құттықтады

Біз өмірдің ащы-тұщысын татқан ұрпақпыз. ХХ ғасырдың барлық зобалаңы басымыздан өтті десем өтірік болмас. Кешегі Ұлы Отан соғысында етігімізбен қан кешіп жүріп туған жерімізді қорғадық. Одан кейінгі жылдарда да бел жазбай еңбек еттік. Құрылыс саласында еңбек жолымызды қарапайым жұмысшыдан бастап, соңында мемлекет үшін маңызды қызметтерге дейін атқардық. Біз адал еңбек, маңдай термен тапқан нанның тәтті болатынын жан-тәнімізбен ұғып өскен ұрпақпыз.
Қандай қиыншылықпен өткізсе де әркімге өзінің жастық шағы қымбат қой. Бірақ шынымызды айтайық, тоқсаннан асқан біз үшін дәл осы кезеңнің, дәл осы күндердің қадірі ерекше болып тұр. «Әттең, баяғы жас күніміз болса, тарихтың жаңа беттеріне жазылып жатқан бүгінгі жасампаз оқиғалардың бел ортасында жүрер едік!» деп қоямыз. Елде, соның ішінде біздің Батыс Қазақстан өңірінде жасалып жатқан әрбір оң өзгеріске балаша қуанамыз!
Өзіміз топырағын басып, ауасын жұтып жүрген Ақжайық өңіріндегі ахуалды ғана айтайықшы: Биыл Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 33 жоба жүзеге асырылып жатыр екен! Облыс тұрғындарының 93 пайыздан астамы табиғи газдың игілігін көріп отыр. Биыл тағы да 35 елді мекенге газ құбыры тартылмақ. Орал өңірі тезек тасып, күл шығару бейнетінен мүлдем құтылды десе де болады. Үйге кірген табиғи газ – өркениеттің өзі емес пе? Осы газдың арқасында қазір қаладағы үй мен ауылдағы үйдің еш айырмасы болмай қалды. 
Азуын айға білеп, ғарышқа адам ұшырған Кеңес Одағы тұсында да Батыс Қазақстан облысында жол мәселесі қиын жағдайда болып еді. Қазір ше?! Биылдың өзінде біздің өңірде 500 шақырым жол жаңадан салынып жатыр! Оның 200 шақырымы – республикалық маңызы бар бағыттар. Жол құрылысы аса қымбат, қаржыны көп қажетсінетін сала ғой. Мұның бәрінің республика қазынасынан бөлініп, аймақ тұрғындарының игілігі үшін орталықтан жасалған қамқорлық екені сөзсіз. 
Жақында «Егемен Қазақстан» газетінде «Тоқсан ауылда той болады» деп жазыпты. Әңгіме біздің Батыс Қазақстан өңірі туралы. Көгілдір отын келсе, таза ауызсу тартылса, тақтайдай тегіс жол түссе, әрине, ауылдықтар үшін той ғой! Бұдан артық қандай қамқорлық керек. Еңбек адамы үшін, қарапайым шаруа үшін аспан ашық, бейбіт күн болса, адал еңбек етіп, зейнетін көру мүмкін болса, одан артық бақыттың керегі жоқ! 
Өзіңіз қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл біздің облыста көп қабатты 11 үй салынып жатыр. Бұл тұрғын үйлердің құрылысына 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұған қоса, аудандарымызда жүздеген үйдің құрылысы қолға алынуда. Жалпы алғанда, биыл облыс аумағында 17 көп пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр екен. Мұның барлығы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған, тұрғын үйге, баспанаға мұқтаж азаматтар үшін жасалып жатқан мемлекеттің қамқорлығы екені анық. Баспана зарын тартқан бір адам өз шаңырағына ие болғанда қалай шаттанады десеңізші! Ал бізде жыл сайын мыңдаған жан жаңа пәтерге кіріп, қоныс тойын тойлап жатыр. Бұдан артық қуаныш, бұдан артық бақыт бар ма?
Алла тағала берген денсау­лық­тың арқасында тоқсаннан ассақ та топтан қалмай келеміз. Жа­қында ғана бірқатарымыз Батыс Қазақстан облыстық Арда­герлер кеңесі құрамында Астана қаласына сапар шегіп, әлем мойындаған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалап қайттық. Әлемнің әр түкпірінен келіп, Астанамыздың ай сәулетіне таңдай қаққан шетелдіктерді көріп, кәрі кеудемізді мақтаныш кернеді. Алла тағала бізге Жамбыл бабаның қабілетін, суырыпсалма ақындығын бермеген, әйтпесе, жырлап-ақ жіберетін жер еді!
Ел тізгінін өзіңіз ұстап, Қа­зақ­стан мемлекетін әлемдік саясаттың айдынында жаһанға үлгі етіп жүргізіп келесіз. Елімізде қоғамдық тұрақтылық бар, экономика қарқынды өсіп келеді. Халықтың әл-ауқаты жыл санап артуда. Қа­зақстанның беделі халықаралық деңгейде жылдан жылға көте­рілуде. Өзіміз тұратын Батыс Қазақ­стан өңіріндегі жағдайды жоға­рыда айтып өттік. Осының бәрі оңайлықпен келмейтінін біз, аға ұрпақ, жақсы түсінеміз. Бұл – ұйқысыз түндердің жемісі, асқан көрегендіктің көрінісі, сараб­дал саясаттың нәтижесі. Сол үшін де уақыт ағартқан аппақ басымызды иіп, бүкіл Ақжайық өңірі халқы атынан сізге аталық алғысымызды айтамыз! Аман болыңыз, ұзақ жасаңыз! Ойға алған арман-мақсаттарыңызға жете беріңіз!
Біз Астана мен Қазақстанның Тұңғыш Президентін бір-бірінен бөліп  қарауға болмайтын егіз ұғым деп түсінеміз. Астана – сіздің туған перзентіңіз сияқты. Астана – кең-байтақ Отанның, қасиетті Қазақстанның жүрегі іспетті. Мереке құтты болсын, қадірлі Елбасы! 

Ұлы Отан соғысының ардагерлері:
Мұхтар ӘЖҒҰЛҰЛЫ, 
Хамза ӘБДІРАХМАНҰЛЫ, Халам ЖҰМАШҰЛЫ, 
Минжан ҒАБДОЛҰЛЫ, 
Ибат АБДОЛҰЛЫ

Батыс Қазақстан облысы