![Қарқаралы – қараусыз, Егіндібұлақ – елеусіз...](/article_photo/1499831065_article_b.jpeg)
Семей полигонының зардабын шегіп, салдарынан мүгедек болып туылған жандар Қарқаралы – Семей жағында өте көп. Соның бірі – суретші Кәріпбек Күйіков. Белгілі суретші Егіндібұлақ өңірінде дүниеге келген. Егіндібұлақ десе, ертедегі тарих еске түсіп, бағзыдағы бабалар күңіренеді. Кәріпбек Күйіков туған жеріндегі жолдарды жөндету үшін өз картиналарын аукционға шығарыпты. Не деуге болады? Алда Қаздауысты Қазыбек бабаның тойы келе жатыр. Көлік инфрақұрылымын жақсартуға өз үлесін қосуды осылай шешкен болар. Кімді кінәлаймыз?
«Мен Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылының тумасымын. 18 тамыз күні Қазақстан Қазыбек бидің 350 жылдығын атап өтеді. Салтанатты шаралар туған өлкем – Егіндібұлақ ауданынан басталады. Бірақ проблемалар бастан асып жатыр» – депті суретші. Қарқаралы ауданының әкімдігі арнайы шот ашып, жиналған қаражатты жолдарды жөндеуге жұмсауды көздеп отыр. «Мен де бұл акцияға қатысатынымды хабарладым. Туған ауылымның өркендеуі үшін картиналарды сатудан түскен ақшаны осы мақсаттарға беремін», деп атап өтіпті Кәріпбек Күйіков. Нағыз ерлік. Туған жер шынымен де өссең де, өнсең де, өлсең де керек қой.
Айтайық дегеніміз, Кәріпбек суретшінің бүгінгі көтеріп отырған мәселесі – Егіндібұлаққа жеткенге дейінгі ахуал. Ал, Егіндібұлақтың ішіндегі жағдай одан да ауыр. Бұл жайтты Кәріпбек ағамыз ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған АТОМ халықаралық жобасының құрметті елшісі, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының белсенді мүшесі ретінде бізден де жақсы біледі. Қазақта «Той атынан тон тігіледі» деген сөз бар. Ол қалай?
«Абыралыда айтылмаған ақиқат бар» деп еді Медеу Сәрсеке «Семей синдромы» кітабында. Біз айтамыз, «Балқантауда баяндалмаған базына бар» деп. Қарқаралы – қараусыз, Егіндібұлақ – елеусіз, қазір...Бұл елді мекендер 1998 жылдары апаты сейілген 4-ші аймаққа кіріп тұр еді. 55 жас-
та ер адамы, 50 жаста әйелдер зейнеткерлікке шығып, жалақысына бір жарым есе үстеме ақы қосылып тұрған.
Сол жеңілдіктің Үкімет «Қазақстанның төтенше әлеуметтік-экономикалық жағдайға, дағдарысқа ұшырауына байланысты, апат аймағында тұратын адамдарға әлеуметтік жәрдемақыны төлеуді тоқтата тұрамыз» деген шешімімен су аяғы құрдымға жіберді.
Бұл туралы белгілі журналист Мақсым Омарбекұлы ғұмыры жеткенше жазды... Осы кезде есімізге белгілі жазушы Сапарғали Бегалиннің естелігі түседі. Абыралыға барып, Дегелеңді іздепті. Көркем шындық – көкірегімізді қарсы айырды. Тау жоқ. Орнында жасанды жасыл көл жатыр екен...
Апатты аймақ – Курчатов қаласынан біз айтып отырған Егіндібұлақтың Абай, Қаратау, Айрық, Арқалық, Едірей, Мыржық сияқты ауылдары, кезінде Талды ауданына қараған Бақты, Томар, Темірші ауылдарының қашықтығы 80-90-ақ шақырым, кейбірі тіпті одан да аз.
Тақсіретті толық тартқан тұрғын есебінде Медеу Сәрсеке сынақтың қалай жүретіні жөнінде бір естелік келтіреді. Эпикіндіктен бес шақырымда байлаулы тұрған үй жануарлары, ірі қара малдан бастап бәрінің терісі жидіп түскенін, сеспей қатқанын баяндайды. Тек, жарықтық түйе малы ғана, терісі жидіп, қызылшақа болып қалса да, тірі қалыпты... Бес шақырымдағы түйенің жағдайы анау, қырық шақырымдағы Едірейдің жағдайы қандай сонда?
Қазыбек бабаның тойы қарсаңында Кәріпбек сынды жанашыр топ жоғарыдағыларға сол қатып жатқан сеңді қозғалтса екен дейміз. Эпикіндікке ең жақын орналасқан Егіндібұлақ сынды елді мекендер апаты сейілген емес, апатты не бірінші, не екінші аймаққа жатқызылып, тұрғылықты халық әлеуметтік көмектерге қол жеткізуі керек екенін айтпай, аттап кетуге болмас, сірә...
Ал, Кәріпбек суретшінің бүгінгі игі ісі – қолсыз жасалған көзсіз ерлік қой!
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Егіндібұлақ ауылы