07 Қазан, 2011

Көк түріктері

1360 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
(жалғасы) Тақырыпты кеңейте түсетін мысалдар жеткілікті. Мақсат – оларды моншаққа тізіп түгендеу емес, әлемдік өркениетке түріктер әкелген өнердің бір саласы екеніне мән беру әрі ғажабы сол – мұнда реализм мен абстракция бірдей қабыс­қан­дығы. Салыстыра зерттеп, ой көзімен терең зерделесек – Еуропа живописі мен графикасындағы абстракционизм үрдісіне түрткі болған осы жартас суреттері деп қисындаудың әбестігі жоқ. Түрік жартас суреттерінің Еуропада кең таралуы мен абстракция өнерінің басталуы бір кезеңге жатады. Ал ең бастысы, түрік жартас өнерінің басты қағидалары мен өлшемдерінің Еуропа абстракция­лық бейнелеу өнері мен графикасында түгел қай­та­лануы. Қисық сызықтар гиперболасы арқылы адам мүшелерін қалыпты жағдайдан өзгерте суреттеу, аяқ-қолдардың денеге сай келмеуі, адам-хайуан, хайуан-адамдар, жыныстық вахханалия – көшпелілер өмірінің айнасы емес, көшпелілердің өмір гармониясының бұзылғанына қарсылық ай­ғағы. Көшпелілердің «басы аяғына, аяғы басына кел­ген өмір» философиясы – тіршілік дисгор­мо­ниясы кейінгі абстракциялық өнердің бойына қан жүгірткен нәр болды. Сөйтіп, жаңалық құмар Еуропа жаңа өнер бастады. Тыңнан түрен салғандай боп көріну үшін ол жаңалықтың қайнар бастауын жариялауға құлық танытпады. Алайда, ұлы шындықтарды білгізбей сіңіріп кету ешкімнің қо­лы­нан келмеген. Абстракционизм мен импри­цио­низмнің атасы П.Пикассоның «Герникасында» жартас стилистикасы мен әдіс-тәсілдері көрер көзге менмұндалап тұр. Демек, түріктің жартас графикасы өлген жоқ, ол жаңа өнерге мұрындық болып, жаңа сапада даму үстінде. Түріктердің монументальды өнерінің басты­лары­ның бірі – мүсіндеу. Ол Қиыр Шығыстан Еу­ропаға дейін тарап, осы ендіктегі елдердің му­зей-мұрағаттарының көркі боп тұр. Арнайы күр­делі зерттеулерді қажет ететін тақырып көл­де­нең көк аттыға игерте қоймайды. Кезінде «каменная баба» деп қызық үшін оба, қорғандардан жиып-теріліп алынған мүсіндер бай, ғажап әрі құнды коллек­ция­ға айналды. Кезінде ол қабір иесінің жазым еткен адамының мүсіні деп теріс пайымдалу сал­дары­нан тарихқа қажетсіз нәрсе қатарына жатқы­зы­лып, бүліншілікке ұшырады. Кейін ғана олар­дың кезінде аты аймаққа дабыра болған атақты ерлеріміз бен кейуана аналарымыздың портреттік көшірмесі екеніне көз жеткізіп отырмыз. Осы мүсінтастарға қарап бабаларымыздың кескін келбеті қандай болғанын қателеспей танып-білеміз. Соңына мұншама бай монументальді мұра қалдырған халық сирек. Еуразия кеңістігінде мүсінтастардың алуан түрлері кездеседі. Олардың аймақтық ерекшеліктері де жоқ емес. Алайда, бәріне ортақ, өзгер­мей­тін бір қағидасы бар: мүсіндердің қолына тостаған ұстап отырғандары. Осында ашылмаған бір ұлы сыр жатыр. Бұл орайда талай болжамдар айтылды, бірақ көңілден шыққанынан, шықпағаны көп. Түрік қағандықтарының жетілген, өркениетті ел болғандығының жарқын айғағы – бітіктас жазу­лары. XIII ғасырға дейін қағандардың халқы­на арнау сөздері жазылған ұстындар барық (храм) ішінде сақталып, шырақшылардың қамқорлығында бол­ғаны анық. Одан кейін күтімсіз қалып, бұзыла бастаған. Моңғол ламаларының қолымен қира­тыл­­ғандары да аз емес. Сонымен бұл жазулар 1000 жылдай өзінің іздеушісін күтіп жатты. Осы­дан 300 жыл бұрын тасқашау жазулары туралы алғашқы мәлімет әлем ғалымдарының құлағына ілігіп, шамамен 100 жыл бұрын жазу сыры ашыл­ды. Білге қаған жазуында өлген ұлына кешен ор­нат­қанын атағанына қарағанда, ұстындар, кешендер Ашина әулетінің о дүниелік болған көпші­лігі­не тұрғы­зыл­ған сыңайлы. Көзден тасаланып, құм астында көміліп жатқандары әлі де аз болмаса керек. Аталмыш жазулардың ең маңыздылары Күл­те­гін, Білге қаған, Тонұқұқ ұстындары екені талас­сыз. Олар көркемдік тұрғысынан жетілген, ой-өрісі биік, деректілік жөнінен өте бай. Осы үш ұстында Түрік қағандығының тарихы хатталған. Оны алғашқы оқулығымыз десек те болады. Оның сыртында түркі қауымының танымы, бастан кешкен тағдыры, көсемдік ойы, тақпақтап сөйлейтін шешен де шұрайлы тілі барлық бояу-нақышымен жарқырап көрінеді. Осынау «тас кітаптарды» жаз­ған Тонұқұқ пен Иолығ-тегінді алғашқы қалам­гер­леріміз, алғаш­қы тарихшыларымыз десек те болады. Осы үш жазуды салыстыра зерттеушілер – олар­дың саяси күрес, тақ таласы, ішкі қайшы­лық­тардан туғанын тілге тиек етіп, күмәнді қисын­дар­ға, тарихи шындықты бұрмалауға жол бергендері байқалады. Тонұқұқ Күлтегін мен Білге қағанға қарсы болған, өзінің халыққа арнау сөзін сол тұр­ғы­да, Күлтегін мен Білге қаған ескерткішіне талас­ты пікір тұрғысында жазған деседі. Біздіңше, Тонұқұққа тағылған бұл айып негізсіз. Күлтегін 731 жылы өліп, 732 жылы ескерткіш қойылды, ал Білге қаған 734 жылы қайтты. Ескерткіш 735 жы­лы көтерілді. Ал Тонұқұқтың өлген жылы тура­лы мәлімет жоқ. Оның жазуындағы дерек 720 жыл­мен үзіледі. Н.Базылхан оны 731-732 жылдары 85-86 жасында қайтыс болды деп шамалайды (Қазақ­стан тарихы туралы түркі деректемелері. Алматы, 2005. том II). Тарихи уақиғалар аясында бажай­ла­ғанда оның өмірі 726-727 жылдармен шектелген сияқты. Демек, ол Күлтегін мен Білге қағаннан бұрын өлді, ол өз жазуында әлі қашалмақ тұрсын хатқа түспеген Күлтегін, Білге қаған жазуларымен пікір таластырды дегенге сенуге болмайды. Тонұқұқты қағандықтың билеушілеріне қарсы топ қатарында баяндау, атақты абызды Түрік қағандығының түбіне жеткен тоғыз-оғыз қауы­мы­мен тектік жағынан байланыстырып, қатеге қате жамайды. Иә, Тонұқұқ ашадэ тайпасының – ана­лық қанаттың өкілі екені рас, бірақ тоғыз-оғыздың аналық қанатқа қатысы ештеңемен дәлелденбеген болжам ғана. Түрік қағандығының ұйытқы тобы Ашина мен Ашадэның бір-біріне қарсы келгені туралы жоғарыдағыдай қорытынды жасағандай басы ашық дерек кездеспейді. Олар бүлік салған тоғыз-оғыздармен ақтық аяққа дейін бірігіп күресті. Мұның бәрі Екінші Шығыс Түрік қағанды­ғы­ның ішкі құрылымын дұрыс түсінбеушіліктен болып жүрген қателік. Олар «үш тулы», яки үш қанатты ел болды: қағандық топ Ордалық, шығыс – Төлес, батыс қанат – Тардуш деп жіктелді. Алдымен ескерткіштердегі насихат сөздердің кімдерге арналғанын анық түсінуіміз керек. «Күл­тегін» жазуы: «Сөзімді түгел естіңдер. Ұлайы іні-туыстарым, ұрпағым, әулетім, ебтегі, иелігімдегі халқым! Оңымдағы шад, апыт бектер, солымдағы тархат бектер, отыз-татар, тоғыз-оғыз бектер, хал­қы, бұл сөзімді жақсы есіт, мұқият тыңда!». Міне, сөздің бағышталған аудиториясы ап-анық. Ол – қағанның өзіне тікелей бағынатын орталық жұрты – орда халқы, сонсоң оң қанат пен сол қанат тайпалары. Білге қаған болса сөзін «алты сір мен тоғыз-оғызға» өзінің қаған тағына отырғанын жариялаудан бастапты. Ара-тұра әрпі өшкен осы сөйлемді қалпына келтіру шиелі мәселе боп тұр. С.Е.Малов аудармай аттап өтіпті, Н.Базылхан мәтінді көмескі күйінде қалдырып, түсінік бермеген. Қайта Қ.Сартқожаұлында ілгері басушылық бар: «онда игі....алты есір (тақ), тоғыз-оғыз иесі, едіз жерінің даңқты бектері, халқы...» деп түзет­кен. Ол «Байырғы түрік жазуы» кітабында Т.Те­кин­нің аудармасы ықпалында кетіп «едіз» атауын енгізгені асығыстық болғанын түсінгендей, бұл жолдарды: «Онда игі алты (алаш) алты есірдің (тақ), тоғыз-оғыз киіз тұрлықты бектер, халқы» деп қайта қалыптапты. Түрік ғалымы Т.Текин «киіз» дегенді – «едіз» деп жіберіпті (Қ.Сартқожаұлы. Байырғы түрік жазуының генезисі. Астана, 2007). Ал енді Қ.Сартқожаұлының Білге қаған, Тонұқұқ мәтініндегі түпнұсқада, яки ұстын қашауында бұлтақсыз анық-қанық «сір» деп жазылған атауды «есір» деп оқып, «тақ халқы» деп түсінік беруі әлі аяғы жерге тимеген пайымдау. Өйткені, Білгені де, Тонұқұқты да алаңдатқан орталыққа бағынған орда тайпалары, яғни қағандық тайпалар, билік тай­па­лары, ұйытқы тайпалар емес, олардың қатары­нан ауа жайылған селкеулік байқалмайды, оқтын-оқтын бүлік шығарып, көңілді алаң ғып тұрған оң қанат, сол қанат тайпалары еді. Міне, үндеу сөз негізінен соларға арналған. Тонұқұқ мәтінінде «сір» атауы төрт рет кездеседі. «Түрік сір халқы жерінде Бод (тақ киесі) қалмады», «Түрік сір хал­қы­ның жерінде (...) иесі билік жүргізбесін», «Елтеріс қаған иелік етпесе, жоқ болса, мен өзім Білге Тонұқұқ иелік етпесем, мен егер жоқ болсам, Қа­па­ған қаған, түрік сір жерінде Бод (тақ киесі) та, халық та, адам да, ел иесі де болмас еді. Елтеріс қаған, Білге Тонұқұқ иелік еткендіктен, Қапаған қаған, түрік сір халқы, жұрты келді. Бұл Түрік Білге қаған түрік сір халқын, оғыз халқын жарылқап отырар». Екінші Шығыс Түрік қағандығы өздерінен бұ­рынғы сір (сеяньто) патшалығының жерінде дү­ние­ге келді. Бірінші, екінші сөйлем соны меңзеп тұр. Үшінші сөйлемде ұйғырлар талқандаған сір патшалығының жұрты Қапаған тұсында келіп қосылғаны айтылған. Мәтін соңында Білге қаған­ның сірлер мен оғыздарды сыртқа теппей, қам­қор­лықпен ел қып ұстайтынына сенім білдіреді. Міне, мәтіндерді осылай оқығанда, бәрі де та­лас­сыз орын-орнына келеді. Ендігі бір күрделі мә­се­ле түркі жазуының тегі, оның шығуы мен қалып­тасуына байланысты даулы ой-пікірлер. Орхоннан Бірінші Түрік қағандығы кезеңіне (545-630 жж.) қатысты үш кешен табылды: Бұғыты, Қарағол, Идэр кешендері. Бұлардың бір соғды тілінде (Бұғыты), екіншісі қытай тілінде (Қарағол), үшіншісі брахми (Идэр) тілінде қашалған. Бірінші Түрік қағандығы тұсында түрік әліпбиінің қол­да­нылмауы – түрік жазуы VIII ғасырда пайда болды дегенге маңдай тіреуге мәжбүр етіп отыр. Түрік жазуының төркінін әріге апаруға септесе ме деген, шығу кезеңі б.д.д VI-IV ғасырларға меңзейтін Есік жазуы әзірше сыр ашпай келеді. О.Сүлейменов, А.Аманжолов аудармаларынан В.Лившиц тігерге тұяқ қалдырмады («Советская тюркология», 1978. №4). Алайда, туған топырағымыздан табылған көненің көзі төңірегіндегі ізденіс тоқталмақ емес. А.Аманжолов: «аға саңа очуқ; без чок боқун ічр (?) е азуқ» деп әліптеп, «Аға саған (бұл) ошақ! Бөтен (жат ел адамы) тізеңді бүк! Халықта азық-түлік (мол болғай)!» деп аударса, Т.Досанов: «Кез ал (тірілетін кезің келсін)... Тірілміш (тірілмекші) Алаш. Тегі жақынның етілсін (болсын) деген аз ғана өтінішімен Ашина» сынды нұсқа ұсынды (Т.Досанов. Тайна руники. Алматы, 2009). Ескі аудармада да зарлап ию амалы байқалады. Есік жазуы­ның әріп таңбалары түрік бітігіне ұқса­ған­мен, кібіртіктеп, тұтығып, еркін сөйлеп кете алмай тұр. Мұның сырын А.Әкішев, М. Әбусейітовалар дәл басқан сияқты. Есік қорғанының жазуын олар көнеүнділік кхароштхи әліпби негізінде жасалған сақ жазуымен жазылған деп тауып отыр (Календарь 2000 г. Составители А.Акишев, М.Абусеитова. Институт востоковедения). Орхон бітік жазуы­на әргі тарихтан дәлел іздеу талпынысымыздың тұйыққа тірелгеніне қапа болудың қажеті шамалы. «Бір жамандықтың – бір жақсылығы бар» демекші, есесіне, б.д.д. VI-IV ғасырларда Іле бойында кхароштхи есімді халық жасағанын, олар оңтүстік өлкелерге ұзағанмен, жұқаналары Жетісу сақтары арасында қалып, түрік заманына іліккенін аң­дай­мыз. Талас жазығындағы Айыртам – Ойдан та­был­­ған жазуды С.Малов та, Ч.Жұмағұлов, А.Аман­жолов, Т.Досанов та аударды. Жеке-дара сөз тұлға­ларын аударуда айырмашылық болғанмен, мәтін­нің жалпы мазмұнында үлкен айырмашылық жоқ. Тарихи құбылыстарды бағалауда асығыстыққа салынбай, барынша кеңірек қарағанымыз жөн. Түріктердің байырғы отаны деп саналатын Алтай, Саян, Оңтүстік Сібірдің ежелгі жұртының оңтүс­тік өлкелерден ауып келгеніне дәлелді пікірлер айтылғанына көп болды. Көші-қон мезгілін 10-50 мыңыншы жылдықтың аралығы деп бол­жай­ды. Соңғы межеге ден қоюшылар көп. Америка үндістерінің б.д.д 35 мың жылдықтарда Алтайдан кеткенінің әлемдік ғылымда мойындалуы, түрік тілді халықтың бұл өлкеге аяқ басуын одан әргі кезге – 50 мыңжылдықтарға апарып тастайды. XIII-XII мыңжылдықтарда алтай-орал тілін тұ­тыну­шылар айлапат мол өңірлерді – қазіргі Ресейдің батысынан шығысына дейінгі ұлан-ғайыр өлкені, Қазақстан, Орта Азия, Ауған, Батыс Үндістан, Элам, Алдыңғы Азияны түгел қамтып жатты. Орта Азия, Ауған өңірінде б.д.д. XII ғасырға дейін иран элементі болған емес. Осынау тарихи кеңістік аясынан қарағанда, түрік жазуын ежелгі арамей жазуымен байланыстыра сөйлеген пікірлерге де ат-тонды ала қашпай, ақыл көзімен қараған жөн. Тарих бізден гөрі ақылдырақ. Түрік бітік жазуы әріптерінің арамей жазуына ұқсастығы В.Томсеннен басталып, С.Доннермен жалғасып, П.Мелиоранский, А.Аманжолов, О.При­цак, А.Щербак пікірлерімен тиянақталып, бір бел асқандай еді. Қ.Сартқожаұлы салыстыра талдап, анықтық енгізді: сынды ал­ты әріп таңбалануы жа­ғынан да, дыбысталу жағынан да ұқсас екен. Ал сынды 5 әріп бітік жазуға кескіндес болғанымен, дыбысталуы бөлек. «Бұл 11 кескінді арамей әліп­биінен алды деп күшпен ұқсаттық делік. Өйтсе, байырғы түркінің 39 әрпінің қалған 28 кескінін қайда қоямыз?» – деп түрік әліпбиі арамей бас­тауынан сусындады дегенге қарсы шығады (Қ.Сартқожаұлы. Байырғы түрік жазуының генезисі. Астана, 2007).Осы тұста арамейлер туралы түсінік бере кеткеннің артықтығы жоқ. Олар б.д.д XIV ға­сырда Сирияға кеп тұрақтап, семиттерге сіңіс­кен жұрт. Бұл қауым туралы бірінші ғасыр авторы Гай Плиний Секунд төменгідей дерек қалдырды: «Ол өзеннің (Ақсарт-Сырдарияның – Ә.С.) арғы жа­ғын­да скиф халықтары тұрады. Парсылар оларға ортақ есім «сақ» деген атау берді, ертедегілер олар­ды арамейліктер деп атады. Олардың тайпа­ларына сан жетпейді, парсылар сияқты өмір сүре­ді. Ол тайпалардың арасындағы ең белгілілері – сақтар, массагеттер, дақтар, эсседондар, астақтар, гемодоттар, аримаспийлер, антакаттар және басқалар» (Плиний. Естественная история. VII (19) //К.Ес­мағамбетов. Көне Қазақстанды көзімен көрген­дер. Алматы, 1979). Демек, арамейлер көл­де­нең көк атты қаймана біреу емес, б.д.д. XIV ғасыр­ларда Сырдарияда жасаған байырғы сақтар боп шықты. Жазулары б.д.д. XII ғасырда пайда болды. Арамей жазуы мен түрік жазуындағы ұқсас 11 таңба бірінен біріне ауысқан емес, ортақ бастаудан алғандары болуы да мүмкін. Ол кезде қолданыста қандайда бір жазу болған сияқты. Бірінші Түрік қағандығын 571-582 жылдар ара­лығында билеген Таспар қаған ордасында соғ­ды саудагерлерінің ықпалы күшті болғаны анық. Таспар солардың ықпалымен будда дінін қа­был­дап, будда дінінің кітаптарын түрікшеге аудартты. Ол дүниеден ұшқанда басына көтеріл­ген ескерткіш те соғды әрпімен қашалды. Осы жағдайлар Бірінші Түрік қағандығында соғды жазуы қолданыста болғанына иландырады. Осы деректер негізінде В.А.Лившиц, С.Г.Кляш­тор­ныйлар түркі әліпбиі соғды курсив жазуы негізінде қалыптасты деген пікір ұстанып, түрік жазуының жолына бөгет қойып, өресін тарылтып отыр. Алайда, В.А.Лив­шиц дәлелдемелері сендірмейді. Соғды және түрік әліпбиі табиғаты басқа жазулар. В.А.Лившицтің түрік жазуын соғды жазуының «айналық көлеңкесі» деуі күлкі туғызады. Қыс­қа­сы, Лившиц ұқсастық тапқан 22 әріп те көңілге қонбайды. Соғды жазуы бар-жоғы V ғасырда пайда болды, ал түрік жазуы­ның тамыры әріде жат­қаны анық. 759 жылы Ел Етміш Білге қағанға (Мойын-чор) қойылған «Селенга тасы» ескерткішінің 21-ші жолында төменгідей аса құнды сілтеме бар: «мың жылдық, түмен күндік бітігімді, білігімді сонда жазық тасқа жараттырдым». Қаған түрік жазуының «мың жылдық» тарихы барын атап көрсетеді. «Мың жылдық» тіркесін бірнеше мың­жылдық деп емес, тура мағынасында «бір мың жыл» деп түсінсек, ғұн дәуіріне иек артады. Қы­тайлар ғұндарда «жазу жоқ» дей отырып, сүйекке кертіп жазатын «кэгу», ағашқа кертіп жазатын «кэму» деген жазулары болғанын ауызға алады. Ғұн шаньюйлерінің қытай сарайына хат жолдап тұрғаны да Ғұн тарихынан белгілі. Мау­дун­ның қытай патшалары Ғау Хыуға, Вын-диге жолдаған хаттарының мәтіні ғылыми айналымда бар (Сиуңну. Алматы, 1998). Хулуғу тәңірқұттың да хатының мазмұны сақталған (Сонда). Олар қытай иероглифімен жазылса, ғұн тарихын хаттаушылар оны атап өтпеулері мүмкін емес-ті. Іргедегі қытайлар ғұн жазуы туралы ашып айтпай, бар мен жоқтың арасындағы бұлталаққа салса, үндінің атақты «Ганжур» энциклопедиясы ғұндардың әліпбиін «хоно әрпі» деп атапты (Қ.Сартқожаұлы. Байырғы түрік жазуының генезисі. Астана, 2007).Осы орайда Л.Гумилев ой тоқтатарлықтай мәнді дерек ұсынады. 245 және 250 жылдары Камбод­жоға елші боп барып қайтқан Кань Тан, сол өңірде Фунан деген бектік барын ауызға ала келіп: «Оларда кітап бар, мұрағатта сақтайды. Олардың жазуы хун жазуына ұқсас» деген (Л.Гумилев. Хунну. Хунны в Китае. М, 2003).Қытай елшісі ғұн жазуын жақсы білгені байқалады. Ол жазу, шамасы оңтүстік ғұндардың арасында сақталған болса керек. Кхароштхи жазуын да, ғұн жазуын да көне үнді жазуымен жалғастыра сөйлеу – мән бермей аттап өтетін мәселе емес. Ал көне үнді жазуы – арийлер ауып келгенге дейін қолданыста болған дравид түріктерінің жазуы екені даусыз. Пайым­дауымызша, түрік жазуының түбірі ғұн жазуында, түғұн жазуының бірі дравид жазуында болуы әбден мүмкін. Осы ретте кхароштхи жазуы деп пайымдалған Есік жазуын бөтенсінуге болмайды. Оның таңбалануы түркі әріптерімен бірдей, тек оқылуы, дыбысталуы басқа. Талай этникалық тоғысу – ажырауды бастан кешкен қауымдарда тіл­дік өзгерістердің болуы заңды. Б.д.д. III мы­ңын­шы жылдықта солтүстік-батыс Үндістанда, Инды жазығының батысында Хараппо, Маханджо-Даро қалалық мәдениеті дүниеге келді. Кескінді мүсіншелерден, алқалардан, мөрлерден протодравид жазуларының таңбалары кезікті. Олар екі қабатты үйлер салумен, канализация жүйе­лерін игерумен ерекшеленеді. Археология­лық қазба жұмыстарынан кезігетін заттық айғақтар олардың Алтай, Саян, Байқал, Оңтүстік Сібір жәдігерліктерімен тығыз байланысты екеніне көз жеткізеді. Алдымен, саз балшықтан иленген қол басындай Ана бейнесін мысалға алалық. Ангара сағасы Мальта-Буреттен кезіккен бейнелердің көпшілігі – амулет-Ана бейнесі. Ерекшелігі, Сібір өңірінде ол мүйізден, сүйектен қырналған. Тағы бір ғажабы, Хакасиядан табылған «үш жүзді» құдай бейнесі де осында, аяқтарын бүгіп отырған қалпында әліптелген. Кісі басты, піл тұмсықты, жолбарыс құйрықты бұқа, басының жоғарғы жағы ақбөкен, төменгі жағы бұқа қодас, әртүрлі аңдардың басы қабаттасқан мүйізтұмсық – «Оғыз наме» эпосындағы басы бұқа, денесі аң Оғыз қа­ған­ның бейнесін еске түсіреді. Байырғы дравид­тердің кейінгі жалғасы тамиль, каннада, кодагу, тулу, телегу, колами, кон, куй, куви, брагуй, курукх, мальто тайпалары деп есептелінеді. Олар­дың мифтерінде топан су тасқыны, өздерінің ту­ған топырақты тастап бір жақтан ауып келгендіктері, екінші бір аңыздарда суға жұтылған Лимурия әлде Гондвана құрлығын тастап шыққандары ай­тылады. Бұлар да шумерлер, самарлар сияқты Алтайдан, Оңтүстік Сібірден кеткен сияқты. Парсы шығанағы мен Алтай арасы орал-алтай тілді бір текті халықтың ілгері-кейін сапырыла көшкен ұлы даңғылы болды. Біреулері кетіп, екіншілері кері оралып жатты. Жоғарыда түрік-арамей, түрік-дравид жазу-сызу таңбаларын келтіріп, ұқсастықтарына назар аудара өткенбіз. Сондай жазу ұқсастығы шумер-түрік жазуларында да бар.   Шумер белгілері              Түрік белгілері                     Сурет Асан Бахтидің «Шумеры, скифы, казахи» кітабынан алынды. Ұқсастық көпе-көрнеу. Мұндай ұқсастық арамей, дравид белгілері мен таң­ба­ларына тән. Ұқсастықтар бірінен-бірі алды дегенді емес, тарихтың бір кезеңдерінде бұлардың бір ортада аралас-құраласты болғанын ай­ғақ­тайды. Шумер сызу таңбалары б.д.д. 2900 жылдары көрініс тауып, 2400 жылдары жүйелі жазуға айналды, дравид түріктерінің алғашқы жазулары б.д.д 2300 жылдарға жатса, арамей әліппесі б.д.д ХII ғасырда қалыптасты. Бұл жазу-сызулы халық­тардың қай-қайсысы да байырғы отандары Алтайдан қайсыбір таңбаларды өздерімен бірге ала кеткен. Сол таңбаларды әліпбилеріне енгізе отырып, жаңа жазу қалыптастырған. Оңтүстікке ауып барған көшпелі қауымдар арасында жазудың ерте қалыптасуы Египет әсері болса керек. Ал Алтайда таңба белгілері өте ерте дамығанмен, оның жүйелі жазуға айналуы кейінгі кезеңдерге сілтейді. Өркениеттің даму жолдарын ой елегінен өт­кі­зіп көрсек, көрші мемлекеттер мен қауымдар ық­палы, билеушілердің игі бәсекелестігі болмай қой­майтын сияқты. Мәселен, Ассирия патшасы Ашшурбанипал өзінің кітапханасына шумер жазуы тақтай­шаларын жинатып, оқып отырған. Шумер әсерімен осы өңірдің үлкен-кіші мемлекеттерінде, тіпті тайпалық қауымдастықтарында төл жазулар пайда болды. Олардың да бір-бірінен алғаны аз емес, бірақ анадан алдың, мынадан алдың деген әң­гіме жоқ. Ал түріктердің өз әліпбиін ойлап тап­қанына күдіктену, түріктің ойлау қабілетіне күдік­тену – евроцентризмнің сарқыншағы демеске лаж жоқ. Прототүрік жазуы қытай жазуларымен бір шамада пайда болған сыңайлы. Хэнань өлкесінің Сяотунь ауылы іргесінен табылған Шан мемле­кеті­нің пиктографиялық жәдігерліктері – құрбанға ша­лынған малдың сүйегіне, тасбақа сүйегіне жа­зыл­ған жазулар – қытай иероглифінің бастауы деп бағаланады. Бұл жазулар б.д.д ХIII ғасыр деп таң­баланған (История Востока. М, 1997). Қ.Сарт­қо­жа­ұлы жинастырып, бір жүйеге келтірген түрік әлеміне қатысты қыруар таңбалар әлі талай зерттеулерге мұрындық болары сөзсіз. Солардың арасын­да Сарыөзеннің солтүстік жап­сарынан та­был­ған қалайы қаңылтырдағы таңба­лар. Қытай ғалым­дары оны Инь, Чжоу дәуіріне жататын көш­пелі тайпалардың мұрасы деп тауып отыр. Ал Инь мемлекетінің тарихы б.д.д XIV ғасырдан баста­ла­тыны белгілі. Бұл өңірде ежелгі замандарда Ғұн мемлекетінің құрамына енген лаулэнь, байан тайпалары жасағаны анық. Қалайы қаңыл­тыр­ға 22 таңба шенелген. Олардың бәрі де түрік бітіктас жазуларының таңбаларына сай кеп тұр. Ал ғұндар мен түріктердің мекені Чэндэ, Жэхэдан кездескен үшкіл бәкідегі 45 таңбаның 20-сы Еуропадағы этруск, 20-сы Орта Азия, тағы бір 20-сы Орхон таңбаларымен бірдей боп шықты. Бәкідегі таңбалар б.д.д VII-IV ғасыр жәдігерлігі деп табылып отыр. Кітапқа енген VIII, Х кестелер негізінде біраз мәнді қорытын­дылар шығаруға болады. Сарыөзен таңба­ларының Еуропаға б.д.д VIII ғасырда ұзаған скифтерден, тіпті одан да ертеде б.д.д. ХIII ғасырда әуелі Кіші Азияға келіп, кейін Трояның тірі қалған батыры Энеймен Рим топырағына ауған этрусклерден кездесуі ой қоз­ғамай қоймайды. Қиыр кетіп, арқаны сырт салған қауымдардың біреулердің таңбаларын «арқалап көшіп» не азаптары бар, олар таңба әкетпеген, Сарыөзен, Моңғол, Алтай ежелгі көш­пелі тайпа­ларының ортақ мұрасы жазу әкеткен. Сөйтіп, прототүрік жазуының алғашқы нұсқаулары б.д.д. ХIII ғасырда көрініс тапты деуге себеп жеткілікті. Олар Ғұн, Үйсін мемлекеттерінде қолданыста боп, оңтүстік ғұндар арасында және Жетісуда сақтал­ған. «Ханнама» жылнама­сында кездесетін Лаушань, Хухане тәңірқұт хаттарының үзінді­лері, Үйсін күнбилерінің Хан сарайына жолдау­лары ғұн жазуының кең көлемде қолданылғанын айғақтай­ды. Оның көз үйренген қалыпты жағдай болғаны соншалық – жылнамашылар ғұн, үй­сін­дердің қай тілде, қандай әліпбимен жазға­нын тәп­тіштеп жатпаған. Талас жартастарында сақ­тал­ған үйсін жазуларының нұсқаларын Батыс түрік қағандары елшілік қарым-қатыста еркін қолданды. 568 жылы түрік елшілері Византия императоры Юстин II-ге тапсырған хатын Менандр Протектор «скиф жазуы­мен» жазылған деп көрсеткен. С.Г. Кляш­торныйдың ақ қағазға қара сиямен жазылғанға күмән келтіріп, асылы «соғды» жазуымен жазыл­ған шығар деуін түсіну қиын. Түріктерді скиф деп жазу Византия дағ­дысы екеніне Анна Комина кітабы куә. Хат, ша­ма­­лауымызша, Талас түрік жазуымен жазылған. Әнес САРАЙ. (Соңы. Басы өткен нөмірлерде).