Қазақстан • 12 Шілде, 2017

Деңгейі биік «Дебют»

285 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл сәуір айының ортасында «Қазақфильм» «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі атынан сценарийлерге байқау жарияланған болатын. Жақында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі сценарийлер байқауының жеңімпаздарын жариялады.

Деңгейі биік «Дебют»

Бұл байқауға отыздан астам қысқаметраж­ды көркем фильмдердің сценарийлері түссе, олардың ішінен бес жұмыс іріктеліп алынды. Сонымен, шығармашылық-өндірістік бірлес­тік таңдауы Венера Қайыржанованың «Ты­ғыл­­­мақ», Арман Баймұратовтың «Тақия», Ален Рахметалиевтің «Төзім», Берік Жаха­нов­­тың «Кешірім», сондай-ақ, Ардақ Жы­лыс­­баева­­ның «Жұт» атты сценарийлеріне тоқтады.
Шарт бойынша байқауға жас автор­лармен қатар, өз ісінің кәсіби маман­дары да қатыса ала­тын. Байқауға қатысу­шылар­дың ішінде Кен­же­бек Шайқақов, Ғазиз Насыров, Ардақ Жы­лыс­баева және Тимур Мақажанов сияқ­ты байырғы тәжірибелі авторлар да болды. 
«Қазақфильм» АҚ Сарапшылар кеңесінің тең төрағасы Бекболат Шекеров байқау қағидасы туралы:
– Бізге жіберілген сценарийлердің ішінен бесеуін іріктеп алдық. Олардың барлығы биыл өндіріске жіберіледі. Төрт туындыға авторлардың өздері режиссерлік етеді. Ал «Жұттың» сценарийін Жандос Еспенбетов есімді жас режиссерге беруді жөн санадық. Мұндай тәжірибе «Дебюттің» тәжірибе­сінде көптен бері болмаған еді, – деді. 
Ал «Қазақфильм» қысқаметражды көркем картиналарды 1959 жылдан бері түсіріп келеді. Бертінде киностудияда «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлес­тігі құрылып, бүгінде оны Анар Қашағанова басқарады. Біраз жылдардан бері «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі бірқатар сценарийстердің бағын ашып, жас кинематографистердің танылуы­на мүмкіндік беріп келеді. Бірлес­тіктің де басты мақсаты – жас кинематографистерді сценарий жазудан бастап, пост-продакшнға дейінгі кино өндірісінің үдерісімен таныстыру.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ