Парламенттегі «БЮТ-Батькивщина» фракциясынан депутат Юрий Одарченко Украина президенті Виктор Януковичті сотқа берді. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, депутат Украина президентін Родион Киреевті судьялыққа заңсыз тағайындағаны үшін сотқа берген көрінеді.
Депутаттың пікірінше, қазіргі кезде Украинаның экс-премьері Юлия Тимошенкоға қарсы істі қарап жатқан Родион Киреев Киевтің Печерск аудандық сотының судьялығына заңсыз тағайындалған. Ол Березанск аудандық сотынан Печерск аудандық сотына ел конституциясы талаптары мен заңнамаларын өрескел бұзу арқылы ауыстырылған. Оның лауазымдық қызметке конкурс бойынша тағайындалмағаны, БАҚ-тарда конкурс туралы ресми ақпараттардың жарияланбағаны белгілі болып отыр. Юлия Тимошенко судья Киреевті саяси тапсырысты орындауда деп айыптаған.
Стив Джобспен қоштасуда
Apple корпорациясының негізін қалаған Стив Джобстың қайтыс болуына байланысты оның жанкүйерлері корпорацияның Нью-Йорктен Сингапурға дейінгі дүкендеріне келіп, Стив Джобспен қоштасуда.
Стив Джобс өткен сәрсенбі күні 56 жастан асқан шағында ісік ауруынан қайтыс болған еді. Оны жақсы көретін фанаттар компанияның қалалардағы дүкендерінде қойылған С.Джобстың суреттеріне бас иіп, гүл шоқтарын қоюда. Ол басшы болып тұрған кезде компанияның қаржысы 350 миллиард долларды құраған екен. Миллиардердің әйелі және үш баласы қалды.
Саркозиден саяси баспана сұрады
Грузияның аймақтық «Триалети» телекомпаниясының директоры және осы компанияның құрылтайшысы Джондо Нанеташвили Франция президенті Николя Саркозидің Грузияға сапары қарсаңында Франция басшысынан саяси баспана сұраған.
Грузия бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, аталмыш телекомпания жақын өңірлерге ғана емес, Грузияның барлық аймағына шынайы ақпараттар таратады. Бұл Грузияның билігіне онша ұнай бермейді. Сондықтан билік телекомпания басшысына моральдық жағынан қысым көрсетеді. Телекомпания басшысы Джондо Нанеташвилидің сөзіне қарағанда, осыдан бір жылдай бұрын Гори қаласының орталық алаңында белгісіз біреулер оны автокөлігінен күшпен шығарып, соққыға жыққан көрінеді.
Вето құқығын пайдаланды
Ресей мен Қытай БҰҰ-ның тұрақты мүшесі ретінде НАТО күштерінің Сириядағы операцияларды әрі қарай жалғастыруға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарарының жобасына вето қойды. Бұл АҚШ тарапын қанағаттандырған жоқ.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Х.Клинтонның мәлімдеуінше, Қытай мен Ресей БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Башар Асадтың режіміне қарсы қарар жобасына вето қоюы бұл елдердің Сирия халқына қатысты жауапкершіліктен бас тартуы болып саналады. Бұдан бір күн бұрын АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Сюзан Райс: «Бірқатар елдер Сириядағы жағдайдың тұрақтануына мүдделілік танытпайды. Бұл өңірдегі қауіпсіздікке қатер төндіреді», деген мағынада пікір білдірген болатын. Өз кезегінде Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Виталий Чуркин Ресей бұл мәселеде принципті көзқарас ұстанады деген еді.
Сайлауға қатысудан бас тартты
АҚШ-тың вице-президенттігінен бұрынғы үміткер Сара Пэйлин 2012 жылы АҚШ президенттік сайлауына қатыспайтындығын мәлімдеді. Рейтер агенттігінің таратқан ақпараттарына қарағанда, бұл – оның ұзақ ойланғандығынан кейінгі шешімі.
2008 жылы өткен президенттік сайлауда республикашыл сенатор Джон Маккейн президенттік сайлауға түскен болатын. Ал ол кезде Сара Пэйлин Алясканың губернаторы еді. Әлеуметтік сұрау салу нәтижесі көрсеткендей, қазіргі кезде АҚШ президенттігінен үміткерлер арасында Массачусетс штатының экс-губернаторы Митт Ромин, бизнесмен Херман Кейн және Техас губернаторы Рик Перри алда келеді. Бұл үшеуі де республикашыл партияның мүшелері болып табылады.
Операцияны тоқтатпауды қалайды
НАТО әскерилері Каддафи күштері қарулы қақтығысты толық тоқтатпайынша, Ливияда әскери операцияларды жалғастыра береді.
Уақытша ұлттық кеңестің пікірінше, НАТО-ға мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің кездесуінде бұл мәселе қаралуы тиіс. Қазіргі кезде ел аумағының басым көпшілігі көтерілісшілердің бақылауына өткен. Оның ішінде Каддафидің туған қаласы Сирт те бар. Дегенмен, Каддафидің жақтастары қарсылықты әлі де тоқтатпай келеді. Кейбір ақпарат көздерінің ақпаратына қарағанда, Сирт қаласында медициналық дәрі-дәрмектер, ауыз су, азық-түлік және отын жетіспейді. Қаланың бейбіт тұрғындары басқа аумақтарда бас сауғалауға мәжбүр.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Кабул қаласының 300-ге тарта тұрғыны АҚШ пен НАТО күштерінің Ауғанстандағы әскери қимылдарына қарсылық ретінде шеруге шықты. Олардың талабы – елден әскерилерді әкету.
*ЮНЕСКО кеңесі БҰҰ-ға мүше 193 елді Палестина мәселесіне қатысты дауыс беруге рұқсат етті. Рейтер агенттігінің келтірген ақпараттары бойынша, бұған АҚШ бастаған бірқатар ел вето қоюы мүмкін.
*Ресей АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін Еуропаға қарай кеңейту әрекетіне алаңдаушылығын білдірді. Бұл осы мәселеге байланысты қол жеткізілген уағдаластыққа нұқсан келтіреді, дейді Ресей тарабы.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.