07 Қазан, 2011

Арқалық – ауқымды істер аймағы

353 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда   бүгінгі күндері  елімізде  айтарлықтай шаруалар атқары­лып жатқаны белгілі. Рыноктағы  жиі айтылатын сөздің бірі сана­латын бұл саланы дамыта беруден ел экономикасы  ұтпаса, ұтыл­май­тыны да дау тудырмаса керек. Бас­қасын былай қойғанда,  жұ­мыс кө­леміне қарай  қарапайым халықты  еңбекпен қамтудағы тигізер пай­да­сының өзі неге тұрады. Аймақ­тар­дағы  елдің әл-ауқатын жақсар­ту­да жасалып жатқан    жобалар­дың қатарында бүгінде  Арқалық­т­а  қанатын кеңге жайған құс фаб­рикасы – «Агроинтерптица»  ЖШС мен осындағы  жасанды суларды  балықтандыруға арналған бірегей жобаны қосуға болады. Әрине, аталған жобалардың құлашын кең­­ге  сермеуіне  алғашқы кезекте   Үкі­мет  пен жергілікті биліктің  ық­палы мол болғанын айтқан абзал. Әуелі құс фабрикасына келейік. Өткенге сәл шегініс жасасақ, сонау сексенінші жылдары  Арқа­лық облыс орталығы болған  ке­зеңде  жап-жақсы жұмыс істеген  бұл фабрика  нарықтық  қарым-қатынастар орнап, еліміздің  эко­но­микасы жаңа жүйеге ауысқан тұста өтпелі кезең сынына шыда­май  өз  жұмысын тоқтатуға мәж­бүр болған. Содан бері қаншама уақыт ешкімнің керегіне жарамай бос тұрып, кейін мүлде  назардан тыс қала  берген. Осы  қалпында  2000 жылдың    ба­сында кәсіп­орынның  бұрынғы цехтары мен  құс ұстайтын база­ларының құр қаңқасы қалғаны  да жергілікті  жұртшылықтың есінен кете қойған жоқ. Құс фаб­рикасын қайта жан­дан­­­дыруға  об­лыс бас­шылығы  ті­ке­лей бас­та­ма­шы бо­лыпты. Об­лыс әкімі қыз­метіне  кел­ген сәтте қа­зіргі әкім С.Ку­­лагин  Арқа­лық­қа алғаш са­па­рында  құс фаб­ри­касының қол­ға алына­тынын айта­ды. Алайда  бұл күр­меуі көп мә­селе екені көпшілікке  мәлім-тін. Сондықтан да болар әкім  жоба­ның орындалуын өзі қадағалай­ды.  Көп ұзамай инвестор да  табылады. 2009 жылдан  бастап  «Агроинтерптица»  ЖШС ауқымды жо­баның  іске асуына арқау болса, қуатты өндірістік нысанның  басталу сәті  қала әкімі  Теміржан  Тө­леубаевтың келуімен байланысты. Күрделі жөндеу  жұмыстары­ның алғашқы кезеңінде  инвестор қомақты қаржы жұмсаған. Іске жарамсыз нысандарды  тазарту, қайта жөндеу, сондай-ақ  қажетті құрал-жабдықтармен  қамтамасыз етуде  «Агроинтерптица»  ЖШС табандылық танытып, көп  өтпей-ақ ілгері жылжиды. Алғашында  жүзге жуық адам  жұмыс істесе, жұмыс қарқынының үдей түсуіне сәйкес  олардың саны  да артқан. 2009 жылдың күзінде  аталмыш фабрикада 200-ге жуық адам ең­бек еткен. Инвестордың қаржысы ортайған тұста  «Жол картасы» бағдарламасы жүздеген жұмыс­шы­ның жалақысын төлеуде едәуір көмегін тигізеді. Был­тыр­ғы жыл­дың қазан айын­да  фаб­рикаға  тауық балапанда­ры­ның алғашқы легі әкелініп, отыз мыңға жуық құс жөндеуден өт­кізілген  жаңа цехтарға орналас­тырылады. Қазіргі таңда  құс фаб­рикасында  тәулігіне  220 мың дана жұ­мырт­қа шығары­лады. Фаб­ри­каның құ­рылған күнінен бері 60 миллион жұмыртқа алы­ныпты. Бүгіндері бұл кәсіпорын 350 адам­ды жұмыспен қамтып отыр. Фаб­риканың ендігі мақсаты – бұйырт­са, күніне миллион дана  жұмырт­қа шығару. Бұл ретте Ар­қалық құс фабрикасы аймақтың әлеу­меттік-экономикалық әл-ауқа­тын артты­руда ғана емес, жалпы еліміз бойын­ша  құс  шаруашы­лығының  дамуына өз үлесін  қо­сып отырға­нын да айтқан ләзім. Арқалықта  жасанды суларды балықтандыруға арналған  ауқым­ды жобаның  басталғанына  да үш жылдың жүзі болыпты. Жалпы, қала маңында боксит өндірудің нә­тижесінде пайда  болған қар суы толған карьерлер көп болса,  мұн­дай жасанды сулардың  тереңдігі  60 метрге дейін барады екен.  Ал судың көлемі   балық өсіруге еркін жетеді. Жобаға бөлінген бірінші ин­вес­тицияның көлемі он миллион  теңгені құраса, оны іске асыру «Арқалық азық-түлік компания­сы» мемлекеттік коммуналдық  кә­сіпорнына міндеттелген. Осы­дан екі жыл бұрын  балықтандыру жобасы аясында Арқалықтың жа­санды суларына карп майшабақта­ры­ның  алғашқы  тобы  жіберілсе, олардың саны 300 мыңнан асады. Өткен жылғы жазда  жүргізілген  бақылау нәтижесінде  10-15 сантиметр  шабақтар  жаңа ортаға аз уақытта бейімделіп, бір жылда  салмағы бір килоға жуықтапты. Бұл бағыттағы жұмыстар тек  балықты суға жіберумен ғана шектелмейтіні белгілі. Жасанды суды жаңа мекендеген балықтарды асы­рап, сақтауда  қоректену базасын қалыптастыру да басты жұмыс­тарға жатады. Осы мақсатта мамандар қажетті арнайы өсімдік  түр­лерін тастап, олардың  өсуле­рін  назарда ұстапты. Жақында  бұл суларға  сиг ба­лығының тұқымы  жіберілсе, мамандар пікірінше,  балықтың бұл түріне қаланың жасанды сулары  өте қолайлы көрінеді. Бұл мақсат­қа қосымша  5 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл майшабақтарды  аулауға үш жылдан кейін ғана рұқсат беріледі. Осы уақыт ішінде  олар ұрықтанып үлгереді дегенді алға тартады мамандар. Өңір басшысы Арқалыққа кезекті іссапарында  ба­лық етін өңдейтін өндірістік  база­ның  құрылуын жергілікті билік өкілдеріне  нақтылай тапсы­рыпты.   Игі бастама  жүзеге асса, шаһарда  балық зауытының  пайда болары кәдік  дейді мұндағылар. Иә, қазірдің өзінде қаншама адамды жұмыспен қамтыған  жобаларға тағы бірі қосылса, жергілікті жұртты тағы да жарылқап тастары анық.  Сірә, «Жақсы  басталған іс – жартылай біткен іс» деген  осындайда айтылса керек. Әбдірахман  ҚЫДЫРБЕК, Арқалық.