Даудың басы демографиялық ахуалдан басталып, Батыста үштен бір бала азаматтық некеден туылатынына тіреліп, демограф ұлтымыз қалай көбейсе де, қыздарымыз оң жақта отырып болса да балалы бола берсін дегенге сайған. Кезінде бұл пікірталас «Сайгез» телебағдарламасынан бірнеше рет көрсетілді. Демограф ағамыздың қазір көзі жоқ, бірақ сөзі айна-қатесіз мұрағаттарда қалды. Сондықтан, ой бұрмалануына жол беріле қоймас.
Демограф азаматтық неке шақырмасаң да өзі-ақ есіктен кіріп, біздің өмірімізге араласып кетті дей келе, мұны заңдастырудың мүмкін еместігін, бұл тек қана адамның ар-ожданының сынағы екендігін алға тарта отырып, өз уәжін былай дәйектегені есте: «Керек десең, біздің ата-бабаларымыздың некесі де – азаматтық неке. Олар ешқандай АХАЖ бөліміне бармаған. Некесін қидырған да жүре берген. ...Талғардан Таразға көшпекші болып, үйді сатайық десек, менің әкем мен шешем екеуінің де заңды некеде тұрған құжаты жоқ! Не істейміз? Әкем: «Ой, сендердің қағаздарыңның құны маған бес тиын. Дүниеде сендер барсыңдар. Одан артық маған ештеңенің керегі жоқ» деп ұрсып тастады».
– Иә, ешқандай қағаз да, құжат та адами жауапкершілікке кепіл бола алмайды. Бірақ, айналып келгенде, заңды некелесу адамға қанша дегенмен жауапкершілік жүктейді емес пе? Елімізде неге ажырасулар көбейіп кетті? Сіз менің ата-анам ешқандай некеге тұрмаса да тату-тәтті өмір сүрді, өзінің тапқан балаларын жауапкершілікпен тәрбиеледі дейсіз. Ол кезде қазіргі олқылықтың орнын даланың жазылмаған заңдары, бұзылмаған дәстүрі толтырды ғой. Ал зайырлы қоғамда өмірде жоқ қағаздың, құжаттың, жауапкершіліктің орнын қалай толтыруға болады? – дедік біз.
Егер ер азаматтың саны аз, өмірі әйелдерге қарағанда төмен болса... оның ішіндегі дүдәмал еркектер мен көбейіп кеткен кәрі қыздарды не істейміз? Өмірдің заңы осылай. Бұл жерде ешқандай мораль айтудың қажеті жоқ. Демек, қоғамның бұл дертін жеңілдететін және емдейтін тек қана – азаматтық неке. Болды. Сіз он жерден айтыңыз, он жерден қарсы келіңіз, енді оны ешкім тоқтата алмайды. Өзінің деңгейіне жетпейінше тоқтамайды. Азаматтық некенің үлесі Шығыс елдерінде 33-34 пайызды құрайды екен. Ал енді бізде 10-12 пайыз, әлі өзінің толық деңгейіне жеткен жоқ. Бірақ, жетеді!.. Әрине, айту парыз, тазалық та, мораль да керек. Бірақ демография өз заңдылығымен алға жылжи береді, – деді Мақаш Тәтімов.
– Кешіріңіз, Мақаш аға, – дедік біз, – Қазақстанда 22 пайыз некесіз туған балалар бар. Ал Америкада ол көрсеткіш – 38 пайыз! Мысалы, сол некесіз балалардан әкелері бас тартып отыр. Заңдастырылудан қашқандарды алаяқтар дейміз. Азаматтық некенің ең қауіпті жері сол. 22 пайыз деген, бұл – ұлт үшін өте қауіпті...
Содан кейін өз тарапымыздан мына уәжді алға тарттық... Көрші Ресейде жыл сайын 400 мың бала некесіз туады екен. Академик Рыбаков Түркиядағы форумда мұны қасіретті мәселе ретінде әлем жұршылығының назарына салды. «400 мың бала, әрине, бұл ресми дерек... оның сыртында қаншама бала былай туып жатыр» деп ашынды... Форумда 50 елдің аузы дуалы ақсақалдары – қалай болғанда да отбасы құндылығы мен халықтық дәстүрді сақтау, адамдардың жауапкершілігін нығайту керек деген мәмілеге келді...
– Сіздің бұл сөзіңіз де оған ешқандай кедергі жасай алмайды. Мәселен, сол азаматтық некеден баланы туғызбай қойсақ, қазақтың туу коэффициенті 28-ден 22-ге түсіп қалады. Сіздің сөзіңіздің моральдық құны – он мыңдап, жүз мыңдап дүниеге келем деп жатқан балалардың жолын жауып тастаумен тең!
Бұдан соң, тіпті, гастербайтерлерден де бала құшақтап қалып жатқан қыздарымыз айтылды. Азаматтық некеден басталған пікірсайыс аралас некеге ауысып, бірақ демограф мұның ұлттың демографиялық қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретініне келісті. Көршілерімізде қазір 40 миллион жас бойдақ жігіт бар, яғни, ұзын-саны елдегі қыздардан көп. Қазір оларда не жұмыс, не отбасы жоқ. 40 миллионның 1 ғана пайызы – 400 мыңы Қазақстанға енсе, елдің бүкіл демографиялық суретін сөзсіз бұзып жібереді, деді ғалым.
Әрине, демограф ретінде Мақаш ағамыздың ұстанымымен келісуге де болар, келіспеуге де болады. Жазмышқа қарсы тұруға кімнің құдіреті жетеді. Алайда, ұлттың ұлы саясаты қан тазалығын сақтап, бойжеткендеріміздің баянсыз бақытына бағдар болмас па? Көлденең көк аттыдан болса да сәби сүйсем дейтін шарасыздықтан туған шараналар ертең өспей ме? Мен кіммін деген сұрақ көкейін теспей ме?
Бізді тағдырдың тезінен, тарихтың өзінен суырып алып шыққан дала демократиясы мен өз демографиясы емес пе еді?!
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»