Бейбіт заманда қырық жылға созылған ядролық сынақтардың қасіреті Абай елінің тумасы, белгілі жазушы Роллан Сейсенбаевтың назарынан ешқашан тыс қалған емес. Осы тақырыпқа арналған оның шығармалары көптеген шетел тілдерінде де жарық көргенін жақсы білеміз. Соның бірі «Дүние тас-талқан болған күн» деп аталады.
Жуырда Семейдегі «Достық» үйінде жазушының аталмыш хикаясы бойынша жасалған аудиоспектакльдің тұсаукесер рәсімі өткізілді. Оған осындағы «Бокер» деп аталатын еврей ұлттық мәдени орталығы, «Жаңа шығармашылық» деп аталатын жастардың қоғамдық бірлестігі мен «Альфа-Марино» жарнама-ақпарат агенттігі мұрындық болды. Ел тәуелсіздігі мен Елбасы Жарлығымен Семей атом полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған игі шараға семейліктер көптеп жиналды.
Аудиоспектакль таспасы енді зағиптар қоғамына жіберілмек. Осындай игілікті шаралар басқа азаматтардың тарапынан да зор қолдау тауып жатқаны қуантады. Айталық, жастар мен балалар қауымдастығы және көңілді тапқырлар клубы мүгедек балаларға арналған қайырымдылық марафонын өткізді. Акция соңында әлгіндей жандарға ақшалай және басқа да қайырымдылық көмек көрсетілді.
Мұндай игі шаралардан қала кәсіпкерлері де сырт қалып отырған жоқ. Сонымен бірге ауылдағы шаруа қожалықтары да ядролық сынақ зардаптарын басынан өткізген жарымжан жандарға қол ұшын беріп, оларды отын-су, малдарына қажет жем-шөппен қамтамасыз етуге көмектесуде. Көп түкірсе көл демекші, осындай береке-бірлікке не жетсін! Ал күні кеше ғана Семей мемлекеттік университетінде «Ядролық қарудан құтылғанымызға 20 жыл» деген тақырыппен конференция өткізілді.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.