Аймақтар • 14 Шілде, 2017

Қос облыс қол жеткізген келісім

222 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақсы мағынасындағы бәсекелестік – бәсекеден гөрі, әріптестік деген ұғымға жақындайды. Көршімен татулық мәселесі де «жақсыдан үйренуді» құптайды.

Қос облыс қол жеткізген келісім

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Жетісу өлкесіне арнайы іссапармен келді. Ат арытып, тон тоздыра қоярдай емес, қойы қоралас, өрісі аралас жатқан көрші облыстан келген құрметті делегацияны Алматы облысының әкімі Амандық Баталов күтіп алды. Мұндайда «біздерде мынадай бар, мынадай бар» дейтін құр даңғой мақтан емес, тәжірибе алмасу мақсатында атқарған шаруаң мен тындырған ісіңді қонаққа көрсетпек парыз. Жетісу жұртшылығынан үйренер дүние көп екенін өзі де айта келген Жамбыл облысы әкімінің де діттегені «ырыс жұғысады» тәмсілі төңірегінде болғаны анық.

Өңір басшысы қонақтарды алдымен Көксу ауданына қарасты  «Алим – Таяр» жеке шаруа қожалығының қант қызылшасы алқабында бастап барды. Іргетасы 1999 жылы қаланған, бүгінде өз саласы бойынша талайға үлгі көрсетіп, жөн сілтейтін дәрежеге жеткен шаруашылық биыл орташа есеппен гектарына 600 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек көкөніс, майбұршақ, бақша өнімдерін егумен айналысып отырған шаруа қожалығының жалпы егістік көлемі 121 гектарды құрайды.

Егіс алқабын аралаған соң, қонақтар «Көксу қант зауыты» ЖШС-не барып, жетісулықтардың биылғы қантқызылшасын өсіру мен оны өңдеу бағытындағы жеткен жетістіктерімен танысты.

Осыдан біраз жыл бұрын өңірлеріңізге арнайы сапарлай келген Елбасы тапсырмасын тиянақты орындау жолында бар күштеріңізді жұмсап келе жатқандарыңызды білеміз. Оның нәтижесін бүгін біз де көріп, көкейге түйіп отырмыз. Біз үшін аграрлық аймақ деген аты бар сіздердің облыспен тәжірибе алмасудың маңызы зор. Алдағы уақытта бұл бастама өз жемісін береді деп сенеміз, – деді Кәрім Көкірекбаев егіс алқабымен қант зауытынан алған әсері жайлы.

Бұдан арғы сапар облыс орталығы Талдықорған қаласында жалғасты. Қаладағы өткен жылы ғана қолданысқа берілген Оқушылар сарайы мен Жастарға қызмет көрсету орталығымен танысты. Әртүрлі үйірмелерге арналған 45 кабинет, 4 шеберхана, 8 зертхана, үш көрме залы бар сарай мен жұмыс іздеуші жастарға қол ұшын беріп, көмектсесу негізгі орынға қойылған Жастар орталығының жұмысы да қонақтар тарапынан жоғарғы бағаға ие болды.

«Жастар» паркі мен абаттандырылған Қаратал өзенінің жағалауы қала қонақтарының ең алдымен ат басын тірер демалыс орнына айналған. Кездесуді тым ресмилендірмей, қыдырыстап, демалып жүрген қала тұрғындарымен аз-кем сұхбат құрған, өз тарапынан сұрақ қойған Жамбыл өңірінің басшысы Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулетке Талас өзенінің бойынан да осындай әдемі саябақ салуды тапсырды.

Ресми сапардан алған әсері жайлы журналистерге берген сұхбатында «Еуропа қалаларына ұқсап дамып келе жатқан» облыс орталығы мен Алматыны жалғап жатқан жолдан бастап, қант қызылшасын өсірудегі жетістіктер мен жаңалықтар, «жаңарған, жасарған Талдықорған» жайлы жақсы әсермен кетіп бара жатқанын айтты.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та қонақтарға қарата:

– Өздеріңіз де білесіздер, мен осыдан екі жыл бұрын сіздердің облыстарыңызға арнайы іссапармен барғанмын. Тарихи оқиға Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған үлкен тойда да болдық. «Ағайын тату болса, ат көп» демекші, міне, бүгін сіздер де біздің елге келіп отырсыздар. Мұндай тығыз әріптестіктің қажеттілігін Елбасы да өз сөзінде үнемі айтып отырады. Бұл ел мен елді, жер мен жерді жақындатып, өңірлер экономикасының тың серпінмен дамуына мүмкіндік береді, – деді. Жамбылдық ағайыннан үйренер, үлгі алар дүние көп екенін, алдағы уақытта мұндай қарым-қатынастың жиі болатынын айтты.

Кездесу соңы екі тараптың алдағы уақытта біріге атқарылатын бірнеше жоба мен ғылыми-техникалық, сауда-экономикалық, гуманитарлық бағыттағы әріптестік туралы меморандумға қол қоюымен аяқталды.

Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»

Сурттерді түсірген Жұмабай Мұсабеков