07 Қазан, 2011

Елдік мүддеден туған іс

323 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында саламатты өмір салтын қалыптастыруға бизнес өкілдерінің де атсалысуы қажеттігін ерекше атап өткен еді. Осыған орай жақында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ Сол­түс­тік Қазақстан облысы, Ғ.Мүсірепов ауданы, Новоишимка елді мекенінде құны 6 миллион теңгені құраған жаңа жабық футбол стадионын салып, пайдалануға берді. Стадионда заманауи көгал жамылғысы төселген. Сонымен қатар, жас жеткіншектер теңбіл допты армансыз күндіз-түні тебуі үшін онда жиырма төрт сағаттық арнайы жарық беру қондырғысы да орнатылды.  Корпорацияның бас­қарма төрағасы Бейбітхан Қабдырахмановтың айтуы бойын­ша, бұл олардың Қазақстан Тә­уелсіздігінің 20 жылдығына орай қолға алған алғашқы жұмысы, болашақта аталмыш елді мекенде стадионға іргелес мұз айдыны кешенін салу жоспарлануда. «Азық-түлік келісім-шарт кор­порациясы» ҰК» АҚ сонау 1995 жы­лы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулы­сы­­мен Мемлекеттік азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ретінде құрылған еді.  Ал 1997 жылы осы корпорация акционерлік қо­ғам­ға айналғаны белгілі. Содан бері мүшел жасты өткерген корпорация он төрт жасқа толып, даму үрдісінің бір белесінен асты. Корпорация ел экономикасының негізгі салаларындағы өзекті  стра­тегиялық мемлекеттік мәсе­ле­лерді шешетін он екі акционерлік қоғамның қатарына қосылды. Корпорация бидайдың мемлекеттік қорын жасақтап, жаңартып қана қоймай, оны шетелге экс­порттаумен айналысады. Қазақстанның ауыл шаруашы­лығы соңғы он жылда түбегейлі өзгеріп,  жаңа серпін алды. Елі­міз­дің экономикасы ілгері жыл­жып, халық тұрмысы түзелді. «Азық-түлік келісім-шарт кор­порациясы» ҰК» АҚ сияқты кор­по­ра­ция­лардың осылайша дамуы, ең алдымен мемлекеттің өркен­де­уінің көрсеткіші болып табылады. Гете айтқанындай, ең үздік үкімет – азаматтарды өзін-өзі басқаруға үйрететін үкімет. Бизнес қуатты болса, мемлекет те қуатты болмақ. Міне, сондықтан да ел саясатының шынайылы­лығы, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында жоспарланып, атқа­ры­лып жатқан істер үлгісінде анық көрініс табуда. Тәуелсіздік мерейтойы мемлекет тарихындағы  жарқын оқиға болмақ. Себебі, ол – тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолы­мыздың қорытындысы. Сондық­тан да Тәуелсіздіктің 20 жылды­ғына байланысты «Бейбітшілік пен жасам­паздықтың жиырма жыл­дығы» Жалпыұлттық жоспа­ры жаса­лып, басты басымдықтар ай­қындалды. Мерейтойды лайық­ты өткізуге өз үлесін қосу әркім­нің азаматтық парызы деп санай­тын Елбасы  Үкіметке «Самұрық-Қазы­на» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-пен бірлесіп қазақстандық компаниялар тарапынан мерей­тойды лайық­ты деңгейде өткізуге атсалысып, демеушілік қолдау көрсету  мәсе­лесін пысықтауды тапсырды. Ендеше,  «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ жоспарлап, ауыл жастарының бұқара­лық спортпен айналысуы­на тарту еткен жабық футбол стадионы да сөзсіз елдік мүдде­ден туған іс. Жазира БАЙДАЛЫ.