Кеше елордада Бейбітшілік және келісім сарайында ТМД мемлекеттері жолшыларының үкіметаралық кеңесінің ХХХІІ отырысы болып өтті. Оны еліміздің Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев жүргізіп отырды. Астанаға атбасын тіреген әріптестерін құттықтаған ведомство басшысы оларға Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің құттықтау хатын оқып берді.
Бұл басқосуда ТМД елдерінің жол шаруашылығының нормативтік базасын жетілдіру мәселелері талқыланып, ТМД халықаралық автомобиль жолдары және олардың шекаралас мемлекеттер шекараларына келуін дамыту туралы хаттаманы іске асыру нәтижелері қаралды. Сондай-ақ, ассоциацияланған кеңес мүшелеріне инновациялық технологияларды енгізу мәселесі қаралды. Бұл мәселені талқылау барысында ТМД елдерінде мамандандырылған семинарлар мен көрмелер өткізу кезінде инновациялық шешімдерді кең және тиімді ұсынуды қамтамасыз етілуі белгіленді.
Аталған үкіметаралық салалық органның басты мақсаты – жалпы қолданыстағы автомобиль жолдары желісін дамыту мен жетілдіру, жол ұйымдарының өндірістік және ғылыми-техникалық әлеуетін толық пайдалану үшін жағдайлар жасауға саяды. Сонымен қатар, келісілген жол саясатын жүргізудегі үкіметтің күш-жігеріне, интеграциялық үрдістердің тереңдеуіне және кадрларды даярлау деңгейін көтеруге қолдау көрсету болып табылады. Мұнан кейін жолшылардың үкіметаралық кеңесі «Халықаралық көлік дәліздерінің инновациялық дамуы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен өз жалғасын тапты.
Биылғы жылы ТМД-ның 20 жылдығын тойлауға байланысты кеңес осы оқиғаға арналған бірқатар іс-шаралар өткізуді назарда ұстаған. Оның ішінде, қазіргі күні Астанадағы «Көрме» көрмелер кешенінде өтіп жатқан VIII «ҚазАвтожол-2011» халықаралық көрмесі бар. Сонымен бірге айтулы датаға орай алдағы уақытта II «Жол» халықаралық мамандандырылған көрме-форум (Мәскеу), «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына 20 жыл» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция (Минск) және ТМД мемлекеттеріндегі «ТМД аптасы» іс-шараларын өткізу жоспарланған.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.