Қаржы • 17 Шілде, 2017

Бюджет қаражаттарын желге ұшырды

294 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі күннің басты талаптарының бірі – кәсіптік білім беру жүйесінің тиімділігін көтеру. Соның ішінде бюджеттен бөлінген қаражаттардың үнемді әрі ұқыпты жұмсалуының маңызы жоғары. Алайда, Ақтөбе облыстық білім басқармасына қарасты кәсіптік-техникалық білім беру колледждерінде бұл талаптар белден басылып келгені аудиттік тексерулер барысында анықталды.

Бюджет қаражаттарын желге ұшырды

Нарықтың аты нарық. Қоғамдық дамудың бұл үрдісі ысырап пен артық шығындарды көтермейді. Әр тиын есепте болса, нарықтық қарым-қатынастар кезіндегі қар­жы жүйесі де солғұрлым сомдана түспек. Сондай-ақ, бүгінгі кез қажетті-қажетсіздігіне қарамай, мамандықтарды бірінен соң бірін топырлатып әзірлей беруді де кешпейді. Керісінше, ұсыныс пен қажеттілік бір-біріне толықтай сәйкес келіп, бір-бірімен үйлесім табуы тиіс. Айтайын дегеніміз, облыстағы кәсіптік білім беру орындарында бюджет қаражаты есебінен мамандар әзірлеу кезінде еңбек нарығының осы ерек­шеліктері ескерілмей келіпті. Ең бастысы, тапсырыс берушілер нақты қандай мамандық пен қанша түлекті қажет ететіндіктеріне ешкім басын ауыртпаған. 
Айталық, 2014-2015 жылдары өңірдегі колледждерді мемлекеттік тапсырыс бойынша 6981 оқушы-студент аяқтап, кәсіптік білім алып шықса, олардың 3909-ы ғана алған мамандықтарына сәйкес қызметке орналасқан. 2238-і колледждерде алған білімдерін пайдаға асыра алмай, өз еріктерімен басқа мамандықтар бойынша қызметке кірген. Сондай-ақ, осы аралықта 834 түлек мүлдем жұмысқа тұра алмай, әрі «сайда сандарын, құмда іздерін» білдірмей, жым-жылас жоғалған. Мұның өзі мақсатты түр­де мемлекет қаржысына оқы­тыл­ған мамандардың 40-45 пайызы жұмыс іздеуге мәжбүр болға­нын көрсетеді. Тіпті ай­мақтағы кейбір колледж-дерде алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алмаған түлектердің саны 64 пайызға дейін жеткені көңілге қонымсыз. Атап айтқанда, осындай жағдай Ембі қызмет көрсету саласы колледжінде орын алған. Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясы жүргізген мемлекеттік аудит тексерулері облыс орта­лы­ғын­дағы өндіріс­тік кәсіпорындар мен жауапкер­ші­лігі шектеулі серіктестіктер­ден 2014-2015 жылдары колледж түлектеріне жүздеген сұраныстар түскенін айғақтайды. Алайда, бұл сұраныс­тар сол айтылған, жолдан­ған күйінде қалып қойып­ты. Өйткені, бюджет қаражатына кәсіби мамандық алып шыққан түлектердің бірде-бірі аталған мекемелер мен кәсіпорындарға жұмысқа қабылданбаған. 

– Біз бұдан Ақтөбе қала­сын­да орналасқан мекеме кәсіпорын басшыларының ұсыныс­­тары колледжде оқитын оқушылар санын жасанды түрде көбейту мақсатында ғана жасалғанына көз жеткізе аламыз. Соның салдарынан 112,6 миллион теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған, – деді облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Сағат Еңсегенұлы. 

Талдаулар нәтижелеріне сүйенсек, сұраныстағы мәліметтер мен деректер нақ­ты қажет­тіліктен әлдеқайда артық берілгені белгілі болып отыр. Бұл кәсіптік білім беруде өңірде мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру мәселесі әлі де шешімін тап­паға­нын көрсетеді. Бұған дейін орын алған түйткілдер сырының мәнісі осында десек, қателеспейміз. Осы орайда, облыстағы кәсіптік білім беру жүйесіне жауапты тұлға­лар­дың бюджет қаражатын белгі­ленген межеден артық алуға ұмты­лып, оны желге ұшырған­дары мемлекетшілдік пен салаға жанашырлықтың белгісі емес екенін түйсінгендері жөн демекпіз.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ