ЭКСПО-2017 • 17 Шілде, 2017

Жәшіктер толғанын өздері «хабарлайды»

283 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 көрмесі қалашығының әр бұрышына «ақылды» қоқыс жәшіктер орнатылған. Төңіректің тазалығын сақтау үшін арнайы жасақ жұмылдырылған. Сонымен қатар, электр қуатымен жүретін 9 шағын жүк көлігі де бар. Шара басталғалы бері 9 мың тоннадан астам қоқыс шығарылыпты.

Жәшіктер толғанын  өздері «хабарлайды»

Мұндағы қоқыс жәшіктерінің ерек­ше­ліктері бар. Мысалы, кейбірі күннен қуат алып, қоқысқа лық толған кезде арнайы бас­қару тетігіне хабар береді. Қалдыққа тол­ған 100 литрлік контейнердің дорбасы күніне бірнеше мәрте ауыстырылады екен. Көрме алаңында мұндай жәшіктердің 4 түрі қойылған. Барлығы 3 бөліктен тұрады. Ал оған таңнан кешке дейін арнайы жұмысшылар жауап береді. «Мен күнделікті сағат 08:30-да жұмыс орнымда боламын. Киімімді ауыстырып алған соң, жұмысқа кірісеміз. Қоқыс жәшігі үш бөлікке бөлініп, үш тілде жазылып-көрсетілген. Қағаз, пластик және түрлі қоқыстар», дейді тазалыққа жауапты жұмысшы Руслан Асылбеков.

Көрме аумағындағы тазалықты сақтау үшін арнайы қалдық басқару жүйесі құрылған. Яғни, қоқыс контейнерінен бастап жүк көлігіне дейін бір тетікпен басқарылады. Бас операциялық орталықта орналасқан пультке хабар жеткен соң, жиналған қалдықтар тиісті орындарға жеткізіліп, қатталады. Олардың кейбірі қайта өңдеуге жіберіледі. Сервистік қам­тамасыз ету департаментінің директо­ры Диас Әзбергеновтің айтуынша, көр­ме алаңынан шығарылатын қоқыстар қат­талған соң, қалалық полигонга жі­бе­рі­ле­ді. Ал қағаз және пластик қоқыстар қай­­та өңдеуге бағытталады. «Қалашықта та­залық толық сақталған. Осылайша, та­залық мәдениетін қалыптастырудамыз. Көр­ме аумағына 1600-ден астам қоқыс жә­шігі мен қаттама контейнері қойылған. Кү­ніне бірнеше мыңдаған адам кіріп-шығатын шағын аумақтың тазалығы, тіпті еріктілердің де назарында», дейді ол.