Медицина • 17 Шілде, 2017

Асыл азамат

394 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстанның егемен ел болған 25 жылдық мерейтойын атап өткенімізге де көп уақыт бола қойған жоқ. Ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдар аңсаған тәуелсіздігін жақындаттырған, сол үшін еңбек еткен азаматтар бар­шылық. Соның бірі һәм бірегейі Жаманқұл Шайдаров еді десем қателеспеспін.

Асыл азамат

Жаманқұл Шайдаров туралы көп айтуға болады. Уа­қытында республикалық, об­лыс­тық басылымдар ол кісі тура­лы көп жазған болатын. Ұмыт­пасам, шағын фильм де түсі­рілді.

Кезінде Жаңаарқа аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. Жастарды Жә­кең алға бастай білді. Жаңа­арқа аудандық комсомол коми­тетінің жастар арасындағы жұ­мыстары облыста алдыңғы қатарда болды. 

Ол кездегі тәжірибе бой­ын­­ша комсомол мектебінен жа­қ­сы өткен жастарды партия жауапты жұ­мыстарға жібе­ре­тін. Комсомол партия ре­зер­ві деп тегін айтылмаса керек. Арада көп уақыт өт­пей, ком­сомол мектебінен шың­да­лып шыққан Жаманқұл Шай­да­ровты аудандық кеңес атқару ко­митетінің төрағасы етіп сайлай­ды. Төраға болып істеген аз жылдардың өзінде-ақ іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екендігін тез танытты. Ауданда жаңадан совхоздар ашылды, оқу орындары, мәдениет үйлерінің жұмыстары жаңа талапқа сай жұмыс істей бастады. Халықтың әл-ауқаты артты. Жәкеңнің мұндағы еңбегі бір төбе. Ол, әрине, бөлек әңгіме.

Облыстық партия комитеті келешегі зор, 35 жастан жа­ңа ғана асқан талапты азамат Жаманқұл Шайдаровты 1967 жылдың желтоқ­сан айын­да Ақтоғай ауданына бі­рін­­ші хатшылыққа ұсынады. Ақто­ғайды 13 жыл бойы тапжылмай білгір ұйымдастырушы, өз ісі­нің асқан шебері Жаманқұл Шай­даров басқарды. Ол кі­сінің жақсы бір қасиеті жұ­мыс істейтін адамды бағалай біле­тін. Маңайына қолынан іс ке­летін, келешегі зор, ұйымдас­ты­рушылық қабілеті бар адамдарды жинайтын. Соның бірі – Жа­қан Қошанов болатын. Қазіргі сөзбен айтсақ, негізгі жұмыс шта­­бы­ның тізгінін Жәкеңнің осы Жақанға сеніп тапсыруы сол іскер­лік­тің куәсі секілді.

Жаманқұл Шайдаров ауданды басқарған жылдары Ақтоғай жақсы көтерілді. Аудан эконо­микасы мен мәдениеті жоғары өр­леп, облыста бірінші орын­ға шықты. Бірінші рет респуб­ликалық жарыстардың жеңім­пазы атанды. СОКП Орта­лық Комитетінің, КСРО Минис­тр­лер Со­ветінің, ВЦСПС-тің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алу ол кез үшін өте жоғары баға еді.

Ақтоғай негізінде мал шаруашылымен шұғылданатын аудан. Кезінде әр саулықтан қо­зы алды. 100 биеге 100 құ­лын алғандар осы ауданнан шықты. Облыста бірінші болып комсомол-жастар шопан­дар бригадасы құрылып, оның орталықтары салынды. Өз­де­рі­нің кітапханасы, шағын ки­но, ойын-сауық қоятын үйлері, моншасына дейін болды. Со­ның арқасында жастар қой шаруа­шылығына көптеп бара бастады.

Мал шаруашылығы, оның ішін­де қой шаруашылығын дамыту­да аудан еңбекшілері үл­кен та­быстарға жетті. Мұндағы Жа­ман­құл Шайдаровтың еңбегі өте зор болды. Сол кезде адам күші бұл салада жетпейтін еді.

Осы жерде бір айта кететіні, Жәкеңнің өзі бастап өнеге көр­се­тетіні. Кейбіреулер жа­лаң үндеу тас­тап, өзі тасада қа­латын. Төл алу науқанына адам күші жетіспейді. Адам күшімен көмек беретін өндіріс орындары бұл ауданда жоқ. Сондықтан, Жәкең өзі бастап, өнеге көрсетіп, үйіндегі зайыбы Жолдыбала шешемізді төл қабылдауға жіберетін. Мұны көрген аудан, мекеме басшы­лары мен қызметкерлері де осы­лай істеді. Сөйтіп, төл алу нау­қанында адам күші мәселесін осылай шешкен болатын. Бұл бастама сол уақытта облыс ау­дандарында үлкен резонанс туғызған еді.

Аудан орталығында үлкен мә­де­­ниетке талпыну басталды. Жаңа үй­лер, денсаулық, мә­дениет, сауда орындары бой көте­ре бастады. Көшелер мен үй­лер тәртіпке келтірілді. Бір сөз­­бен айтқанда, шалғайда қал­ған аудан үлкен серпілісті бас­тан кешті.

Ауыл мәдениеті жоғары са­ты­ға көтерілді. Аудандық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы Жаманқұл Шайдаровтың қол­дауымен, ауданның атқа­ру ко­митеті төрағасының орын­ба­сары Қалкен Мәкен­баев­тың, аудандық ком­сомол ко­митетінің бірінші хатшы­сы Жа­қан Қошановтың ұйым­дас­ты­руымен «Тоқырауын тол­қын­дары» ансамблі құры­лып, ұжымды бүкіл Одақ қана емес, кейін алыс-жақын шет мем­­лекеттердің өзі таныды. Ол жылдары облыста өтетін көр­кем­өнер­паз­дар байқауына Ақто­ғай ауданы жүлдені ешкім­ге бермей, ылғи да бірінші орынды жеңіп алатын.

Жәкең жұмыс істеген жылдары Ақтоғай ауданы озық тәр­жірибе тарату мектебі болған еді. Көптеген семинарлар осы ауданда өтетін. Басқа ауданның адамдары Ақтоғайға келіп, көп нәрсені үйреніп қайтатын.

Жаманқұл Шайдаровтың бұ­­дан басқа да еңбектері жет­кі­­лікті. Көп­теген жастарды тәр­биеледі. Рым­бек Жүнісов бас агрономнан Қазақстан Жо­ғар­ғы Кеңесінің депу­таты, ау­дан­дық партия коми­те­тінің бі­рін­­ші хатшылығына дейін кө­те­ріл­ді. Ал, Саят Тохметов ферма зоотехнигінен аудандық партия ко­митетінің бірінші хатшысы болып істегенін айтсақ та жет­кі­лікті болар.

Аудан халқы Жаманқұл Шай­да­ровтың есімін жақсы баға­лайды. Орталықтағы саябаққа Жә­кеңнің атын беру осының дәлелі іспетті.
Жаманқұл Шайдаровтың Ақтоғай ауданындағы атқарған жұ­мыстары, жасаған еңбектері партия мен өкімет тарапынан жоғары бағаланды.

асқаларын былай қойғанда, Еңбек Қызыл Ту орденімен екі рет марапаттал­ды. Екі мәрте Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Бұл сол кезеңнің өлшемімен алғанда ауданға көр­се­тілген үлкен құрмет, оның басшысы Жаманқұл Шайдаровтың өзіне берілген жоғары баға еді.
Ақтоғайда қызмет істеген жыл­­дары Жәкеңнің қызметтік ман­сабындағы шын мәніндегі шы­рқау шыңы болды. Жа­ман­құл Шайдаров кейін Ұлы­тау аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшысы бо­лып көп жылдар қызмет атқарды. Өмірінің со­ңында Жаңа­арқа ауданының ор­талығы Ата­су кентінде по­сел­ке­лік ат­қау комитетінің төрағасы бол­­ды. Қай­да істесін, қандай қыз­­мет ат­қарсын, өз шаруасына аса жау­­апкершілікпен қарап, өз жұ­­мысына мығым, ұйым­дас­ты­ру­шылық қабілеті өте зор адам ре­тінде есте қалды.

Асыл азаматтың да біздің арамыздан кеткеніне 20 жылдай уақыт болыпты. Тау алыстаған сайын биіктей береді деуші еді. Осы сөз тура Жәкеңе арнап ай­тыл­ған сияқты.

Жаманқұл Шайдаровты ха­лық «Жақсы Жәкең» деп атап кетті. Шындығында Жәкең осы атақ­қа лайық жан. Есімізде жақсы Жәкең болып мәңгілік сақталып қалады.

Қасымбек МЕДИЕВ,
Қазақстанның еңбек 
сіңірген қайраткері

ҚАРАҒАНДЫ