Кеше Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Литва Президенті Даля Грибаускайтемен кездесті. Мәжіліс Төрағасы Литва Президентінің Қазақстанға жасаған осы арнайы сапары екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық байланыстың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал ететініне сенім білдірді, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
«Қазақстан үшін Литва Балтық теңізі аймағындағы маңызды саяси және экономикалық әріптес болып саналады. Біз Литвамен байланыстың барлық салада тереңдей түсуіне және ауқымы кеңеюіне үлкен мән беріп отырмыз», деді О.Мұхамеджанов. Өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мақсатында екі елдің арасында жоғары деңгейде пікір алмасу байланысы тұрақты өрбіп келеді.
Халықаралық мәселелерде Қазақстан мен Литваның ұстанымдары бір-біріне жақын және ұқсас. Мәжіліс Төрағасы Еуропа деңгейінде жасалған Қазақстанның бастамаларына қолдау білдіріп келе жатқан литвалық тарапқа ризашылығын жеткізді. О.Мұхамеджанов: «2010 жылы еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кезінде және осы мыңжылдықтағы бірінші рет болған Саммитті өткізу барысында Литваның қолдауын айрықша байқадық. Қазір Литваның ЕҚЫҰ-ға жетекшілік етуіне ыждағаттылықпен назар салып отырмыз», деді.
Мәжіліс Төрағасы мәртебелі мейманға: «Сіздің сапарыңыз Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында жүзеге асып отыр. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығы арқасында осы жылдар ішінде Қазақстан халықаралық деңгейде, атап айтқанда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуда, ұлттараралық және діндераралық үнқатысуды жүзеге асыруда, ядролық қарусыз әлемді орнатуда толағай табыстарға қол жеткізді», деп мемлекетіміздің жетістіктерін баяндады.
Өз кезегінде Даля Грибаускайте ханым елдер арасындағы ынтымақтастық байланыс жан-жақты даму үшін қарым-қатынастың жоғары деңгейде болуы маңызды екенін айтты. Осы ретте парламентаралық байланыс та үлкен маңызға ие. «Ең бастысы, бұл істе екі елдің саясаткерлері де, кәсіпкерлері де белсенділік танытқаны жөн. Және де нақты нәтижелерге қол жеткізілуі керек. Соның ішінде келісімдерді заң түрінде бекіту парламентшілердің қосқан үлесі болмақ», деді Д.Грибаускайте. Сондай-ақ ол ел арасындағы, қалалар арасындағы байланысты дамыту туралы ойларымен бөлісті. Қазақстанның жетістіктері жайлы айта келіп, көрікті Астанаға жылы пікірін жеткізді.
Даля Грибаускайте Мәжілістің құрметті қонақтар кітабына ізгі тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды.