Аймақтар • 17 Шілде, 2017

Күн көзінен қуат алады

245 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды қаласына күн көзінен қуат алатын көше атаулары жазылған тақтайшалар орнатылып жатыр. Көше үйлеріне жалпы екі жарым мың тақтайша орнатылады, оның 900-і жанында орнатылған күн батареяларының арқасында жарықтандырылып тұрмақ.  Әзір­ге мұндай аншлагтар қаланың орта­лық көшелеріне жоспарланыпты. Басқа жер­лерде олар электр желісіне қосылады. 

Күн көзінен қуат алады

Жалпы, бұл жобаға 70 млн теңге бө­лін­­ген, оның 40 миллионы күн бата­рея­сы бар аншлагтарға жұмсалмақ. Соң­ғы­ла­ры­ның екі жылдық кепілдігі бар. 

– Бізге заманға сай қадам басатын кез келді, – деп түсіндірді тақтайшалардың қа­жеттілігі туралы Октябрь ауданының әкі­мі Әлімжан Қанаев. – Әлемдік елдердің тәжірибелерін қабылдауымыз керек. Сонымен қатар, жүргізушілерден түнгі уақыттарда үйлердегі көше атаулары бар тақтайшалары көрінбейтіні туралы шағым жиі түседі. Себебі, оларды көлік шамдарымен жарықтандыру мүмкін емес, олар жоғары орналасқан. Сондықтан жарықтандырылған тақтайшалар қажет. Ал күн батареялары заманға сай және экологиялық жағынан да тиімді болып табылады. 

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы