Бокс • 17 Шілде, 2017

Головкинге қарсы дайындықта Альвареске қазақстандық боксшы көмектеспек

182 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда қазақстандық кәсіпқой боксшы Бобыржан Момынов мексикалық боксшы Сауль Альварестің Геннадий Головкинге қарсы өтетін кездесуіне спарринг-серіктес ретінде көмектесетіні туралы ақпарат шыққан болатын. Осыған орай, жартылай орта салмақта жұдырықтасатын отандасымыз Бобыржанға хабарласып, мән-жайды сұраған болатынбыз.

Головкинге қарсы дайындықта Альвареске қазақстандық боксшы көмектеспек

– Дәл қазіргі сәтте сізге «Канелоның» 16 қыркүйекте Головкинге қарсы өтетін жекпе-жегіне көмектесетінімді ғана айта аламын. Өйткені, Альварестің жаттығу залына енді келдім. Қалай дайындалатынымызды, Саульге қандай көмек көрсететінімді әзірге білмеймін. Негізі, Golden Boy промоутерлігімен ағам әрі менеджерім Фархад Шарипов келісіп берген болатын. Ол кісіге әлемнің үздік боксшысымен дайындалуға, тәжірибе жинауыма мүмкіндік жасағаны үшін алғыс білдіремін. Меніңше, бұл бокс кеші орта салмақтағы тарихи жекпе-жектердің бірі болады.

Момыновтың ойынша, Golden Boy компаниясы оны әдейі таңдап алған. Себебі, Бобыржан Қазақстаның тумасы және Головкинмен жұдырықтасу стилі сәйкес келеді.

– Меніңше, олар мені әдейі таңдап алды. Өйткені, менің жұдырықтасу тәсілім Головкинге ұқсас. Сондай-ақ, екеуміз бір бокс мектебінің (Қарағанды) түлегіміз және екеумізді де бір бапкерден тәлім алғанбыз. Головкинмен ұқсастықтарымыз көп, тек басқа салмақта жұдырықтасамыз.

Бобыржанның өзі Альвареспен спарринг-серіктес болғанын тарихи оқиға деп санайды. Сондай-ақ, ол егер өзін жақсы қырынан көрсетсе, Golden Boy компаниясымен келісімшарт жасауы мүмкін екен.

– «Канелоға» спарринг-серіктес болу мен үшін өте қуанышты жаңалық болды. Өйткені, олар мені жақсы кәсіпқой боксшы ретінде таныды және Альвареске көмектесе алатыныма көздерін жеткізген соң шақырып отыр. Golden Boy Promotions-тің спарринг-серіктес болуға шақырғанының өзі мен үшін тарихи оқиға. Сондай-ақ, олар маған дайындық барысында өзімді жақсы қырымнан көрсете алсам, келісімшарт ұсынуды уәде етіп отыр.

Ол «Канелоның» кәсіби бокстағы ең маңызды жекпе-жегіне, яғни өз жерлесіне қарсы дайындалуына барынша көмектесетінін, оны орындау міндетім деп санайды.

– Бұл жерде мен үлкен жауапкершілікті сезініп отырмын. Мойныма қандай жүктің артылып отырғанын да жақсы білемін. Мен Альвареске барынша көмектесуім керек, себебі бұл менің – міндетім. Егер мен де осындай үлкен кездесу өткізер болсам, спарринг қарсыластарымның аянып қалмауын қалар едім.

Сөз арасында Момынов алдағы уақытта осындай жаттығуларға жиі барып, тәжірибе жинақтайтынын айтып қалды.

– Бұл менің соңғы спарринг-жаттығуым емес. Менеджерімнің айтуы бойынша, егер осы жаттығуда өзімді жақсы қырымнан көрсете алсам, алдағы уақытта осындай дайындықтарға жиі жіберіп тұратынын айтты.  Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болатыны сөзсіз.

Айта кетейік, Бобыржан Момынов бүгінге дейін кәсіпқой бокста үш кездесу өткізіп, барлығында мерзімінен бұрын жеңіске жеткен.