07 Қазан, 2011

Қазақстан-Литва: Әріптестік әлеуетін арттыру жолында

398 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің шақыруымен Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайтемен кездесті. Қазақстан мен Литва Рес­пуб­ликасы арасындағы дипло­ма­тиялық қатынас 1992 жыл­дың 15 маусымында орнаған. 1993 жылдың 7 қарашасында Литваның Қазақстандағы елшілігі ашылды. Ал Қазақ­стан­ның Литвадағы елшілігі екі жыл­дан кейін, 1995 жылы ашылған болатын. Содан бергі уақыт аралығында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Литваға екі рет, яғни 1994 жылдың тамызында және 2001 жылдың сәуірінде ресми сапармен барды. Ал Литва  президенттері арасынан А.Бразаускас Қазақстанға 1993 жыл­дың қарашасы мен 1997 жыл­дың наурызында, одан кейін В.Адамкус 2000 жылдың ма­мыр айында келді. Қазақстан мен Литва Рес­публикасы арасындағы жоғары деңгейдегі келіссөздер осыдан кейін он жыл өткен соң болды. 2010 жылдың желтоқсан ай­ын­да Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның Саммитіне келген сапарында Ел­басы Н.Назарбаев қазіргі Пре­зидент Д.Грибаускайтемен кездесіп, келіссөз жүргізген еді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық ету шеңберінде екі елдің сыртқы саясат ведом­ство­лары арасында тұрақты өзара іс-қимыл қалыптасқан. Литва Республикасы ЕҚЫҰ-ға төрағалықты Қазақстаннан қа­былдады. Биылғы жылдың ақпан айында Астанаға келген сапарында Литва Сыртқы істер министрі А.Ажубалис Қазақ­стан басшылығымен Литва төр­ағалығының басымдықта­рын талқылады. Осы сапа­рын­да А.Ажубалис Литваның  Ас­та­надағы елшілігін ресми түрде ашты. Литва Республикасы – Бал­тық бойындағы шағын мем­ле­кеттердің бірі. Бірақ ол КСРО-ның ыдырауына зор үлес қос­қан маңызы үлкен ел екенін білеміз. КСРО-ның халық депу­тат­тары съезінде Балтық бойы республикаларынан келген депутаттардың ішінен, әсіресе, осы Литва Республикасының өкіл­дері демократиялық қағи­дат­тардың сақталуын талап етіп, сонымен бірге, өздерінің талаптарын біліктілікпен әрі білгірлікпен қойып отыр­ған­да­рын қазақстандықтар ұмыт­пай­ды. Қазақстан мен Лит­ва ара­сындағы сауда-эко­номикалық байланыстар ны­ғай­ып келеді. Еліміз Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, екі елдің ара­сын­дағы тауар ай­налымы 2010 жылы 176,5 млн. АҚШ дол­ла­ры болды. Ал 2011 жылдың алғашқы жартысында ғана бұл көрсеткіш 165,3 млн. долларға жетті. Оның 106,6 млн.-ы экс­порт, 58,7 млн.-ы импорт. Сөй­тіп, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстыр­ғанда тауар айналымы екі есеге жақын (89,0 млн. доллар) артқан. 2011 жылдың 1 қыр­күйегіне дейін Қазақстанда лит­валық капи­тал­дың қаты­суы­мен 160 бірлескен кә­сіпорын тіркелген, соның 91-і бүгінгі таңда әрекет етуде.  Олар негізінен көтерме және бөлшек сауда, өңдеуші өнеркәсіп, ақпарат және бай­ла­ныс, көлік және логистика са­ла­ларында жұмыс істейді. Тран­зит-көліктік ынтымақтастық екі елдің өзара іс-қимы­лын­дағы ма­ңызды бағыт болып табы­лады. Литва жағы Қазақстан­ның көлік саласына инвестиция құюға, Клайпеда портына Қазақстан бизнесінің қайта ора­луына, сондай-ақ екі елдің темір жол құрылымдарының ынтымақтаса түсуіне мүдде­лілік танытуда. Әрине, Қазақстан мұнай­ы­на деген мүдделілік те өзара іс-қимыл барысындағы басым бағыттардың бірі болып отыр. Вильнюс Қазақстан мұнайын транзиттеуге және оны өзде­рі­нің МӨЗ-інде өңдеуге мүдделі. Сонымен қатар, Литва сұйы­тылған табиғи газдың су бетіндегі терминалын салуды жоспарлап отыр. Жобаның алдын ала белгіленген сомасы 200 млн. еуро көлемінде. Бұл жоба да Қазақстанмен арадағы ын­тымақтастықты тереңдете тү­су­ге ықпал етері сөзсіз. Ауыл шаруашылығы са­ла­сындағы ынтымақтастықтар да екі ел экономикалары ықпал­да­суының перспективалы ба­ғы­ты деп танылған. Соның ішінде Литвадан сүтті жақсы беретін асыл тұқымды қара мал алу, қазақстандық астықты Еуропа рыноктарына шы­ға­ру­ға мүмкіндік беретін бірлескен кәсіпорындар құру жүйелерін­дегі ынтымақтастық барынша перспективалы бағыттар бо­лып отыр. Қазақстан-Литва арасында сауда-экономикалық ынтымақ­тас­тық бойынша үкіметаралық комиссия (ҮАК) да жұмыс істейді. Қазақстан жағынан оның тең төрағалығына СІМ-нің жауапты хатшысы Р.Жошыбаев сайланған. ҮАК-тың соңғы оты­рысы 2011 жылдың 5 қыр­күйегінде Астана қаласында болды. Экономикалық ынты­мақ­тастықты нығайту мақса­ты­мен 2010 жылы Клайпеда қала­сын­да Қазақстанның құрметті консулдығы да ашылған. Қазақстан мен Литва ара­сындағы мәдени-гумани­тар­лық байланыстар да жақсы жолға қойылған. 2010 жылы Каунастың медицина университетінде 40-қа жуық қазақ­стан­дық медицина қызмет­кер­лері кардиология, акушерлік және гинекология бойынша тә­лімдемеден өтті. Осында жұ­мыс істейтін кардиология ма­ма­ны, профессор Р.Бенетис қазақстандық бірнеше меди­циналық орталықтарда жү­рек­ке оталар жасады. 2009 жылдан бастап қа­зақ­тың «Ұлар» көркемсурет га­лереясы Литвада өтетін халық­аралық жәрмеңкелерге қаты­сып келеді. Қазақстанның фоль­клорлық «Нұрсәулем-ай» және көкшетаулық «Айнакөл» ансамбльдері Литва көрермен­де­рі­не бірнеше рет өнер көрсетті. Шағын құрамдағы келіссөз аяқталған соң ол кеңейтілген құрамда жалғасты. Оны ашқан Н.Назарбаев қысқаша сөз сөй­леді.  Ол өзінің шақыруы бой­ын­ша келіп отырған мәртебелі қонаққа ризашылығын білдірді. Біз әрқашанда Литвамен достық пейілдегі саяси және экономикалық қатынастарда болғымыз келеді. Өйткені, біз Литваны Балтық маңындағы басым әріптесіміз санаймыз. Сіз­дің сапарыңыз біздің елде­рі­міздің арасындағы байла­ныс­тарды тереңдете түсерінен үміт­­тіміз, деді Нұрсұлтан Әбіш­­ұлы. Сонымен қатар, Кеден одағы құрылғаннан бері Литвамен арадағы шекара Лит­ва-Беларусь арасында ғана екенін, оны тиімді пайдалану екі жаққа да пайдалы екенін атап өтті. Сонымен бірге, Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалы­ғын жақсы атқарғанына Лит­ва­ның ықпал еткенін атап өте келіп, қазіргі Іс басындағы төр­аға ретінде оның бейбітшіл әре­кеттерінің табысты болуын тіледі. Жауап сөзінде Д.Грибаускайте Президент Н.Назарбаевтың екі­жақты қатынастарды тереңдетуге мүдделілік білдіргеніне риза­шы­лығын айтты. Шығыс пен Батыс арасында «Сәуле» атты көлік қа­тынасының ашылуының сим­во­ли­калық мәні бар, деді ол. «Сәу­ле» деген сөз біздің тілімізде де «Саул», яғни «нұр» деген мағына береді. Бұл көлік қатынасы біздің елдеріміз ғана емес, геосаяси дең­гейде бүкіл Еуропа, Қытай және АҚШ үшін де тиімді бо­ла­ры жасады. Одан әрі мәртебелі мейман екі елдің іскер топтары арасында ертең болатын іскерлік кеңестің де маңызды екенін атап өтті. Келіссөздер барысында Қа­зақ­стан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Литва Рес­публикасының Президенті Д.Гри­баускайте бірлескен мәлімдеме жасады. Онда екіжақты бай­ланыстарды тереңдету, халықара­лық ұйымдар шеңберіндегі мүд­делілікті жалғастыру, сауда-эко­номикалық, мәдени-гумани­тар­лық салалардағы ынтымақ­тас­тық­ты арттыру мәселелері көз­делген. Солардың қатарында кө­лік саласындағы үнқатысуды да­мы­ту және «Шығыс-Батыс» транс­континенталдық көлік дәлі­зін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінетіні, екі елдің логис­ти­ка­лық инфрақұрылымын одан әрі дамытуға септігін тигізетін Литва (Клайпеда) – Қазақстан (Ал­маты, Достық-Қорғас) тұрақты контейнерлік пойызын іске қосу мүмкіндігін қарауға дайындық туралы атап көрсетілді. Сонымен қатар, Қазақстан бас­шысы Литва Президентіне қу­ғын-сүргін құрбаны болып, Қа­зақстан аумағындағы сталиндік лагерьлерде қамауда болған литва­лық тұтқындардың архивтік құжаттарын берді. Ал Д.Грибаускайте болса, Н.Назарбаевқа Литва зерттеу орталығының музейінде сақталған қазақ солдаты Қа­биболла Сәленовтің құжатта­ры­ның, күнделіктері мен отбасылық суреттерінің көшірмелерін табыс етті. Келіссөздер аяқталған соң бірнеше екіжақты құжаттарға қол қойылды. Соның ішінде білім, ғы­лым, мәдениет және өнер са­ла­ларындағы ынтымақтастық, екі елдің үкіметтері арасында «адам­дарды қайтару (реадмиссия) ту­ралы» және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық ту­ралы келісімдер болды. Қол қою рәсімдері аяқталған соң екі елдің мемлекет бас­шы­лары журналистерге арналған ша­ғын баспасөз мәслихатын өт­кізді. Бүгін Литва Президентінің Қазақстанға сапары одан әрі жал­ғасады.

Литва Республикасының Пре­зиденті Даля Гри­бау­скай­те­нің Президенттің www.akorda.kz ресми сайтына және «Хабар» агенттігіне берген экс­клюзивті сұхбаты

– Президент ханым, Лит­ва­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аяқ­талуға жақындады. Өткен жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төр­­аға болды. Сіздің елге Қа­зақ­станның төрағалығының тә­­жірибесі көмектесті ме? Астана Декларациясы ЕҚЫҰ да­муы­на тың серпін бере алды ма? – Әрине, Астана қаласындағы желтоқсан Саммиті Ұйымның дамуындағы оң қадам болды. Ол 56 елдің бір үстелде отырып, өзара пікірлесе алатынын көр­сет­ті. Бұл – өте маңызды жәйт және мен Қазақстанды осы жетістігімен құттықтаймын. Оның үстіне декларация қабылданды, ал бұл бағытта 56 елмен келісімге келу қиын. Литваға ол, әрине, көмек­тесті. Біз де көмектесуге болатын және көмектескенді қалайтын елдерге көмек қолын созуға ұм­тылудамыз. Молдова шиеленісін шешуде оң қозғалыс байқалып отыр, біз қолдан келгеннің бар­лығын жасаудамыз. Желтоқсан айында Вильнюсте біз қазақ­стандық  өкілдерді де көреміз деп үміттенеміз. – Біздің елдер арасындағы ынтымақтастық деңгейі қазір­гі күні қандай? Бізді қандай ор­тақ мүдделер тоғыстырып отыр? – Бізді тоғыстыратын ортақ мүд­делер әркез болған. Біріншіден, литвалардың да, қазақ­тар­дың да ортақ тарихи байла­ныс­тары бар. Бізде ешқашан тарихи, саяси проблемалар болған емес. Қазақстанда біздің кардиохирургтер, сәулетшілер жұмыс жасай­ды, литвалық бизнес те өз орнын тапқан. Бұл – өте жақсы. Ертең біздің соңғы 20 жылда алғаш рет іскерлік кеңес құруымыз эко­но­микалық қарым-қатынастары­мыз­дың болашағының көрсет­кіші болмақ. Сіздің Президенттің қолдауының арқасында Клайпеда мен Алматы арасында, одан кейін Батыс Еуропа мен Қытай ара­сында «Сәуле» пойызын ашуға мүмкіндік туып отыр. Онда Қа­зақстан мен Литва маңызды рөл атқарып, ол әлемдік темір жол көлігі жүйе­сін­дегі геосаяси өз­геріс болмақ. Біз осы дамудың не­гізгі қатысу­шы­ла­рының бірі болатынымызға сенімдіміз. Қа­зақстан бұдан әрі қарай да Кеден одағында, Батыстың Қытай­мен байланысуында маңызды рөл ат­қаратынына үміт артамын. Бүгін Қазақстан Президенті айтқандай, Литва сіздің елдің маңызды әріп­тесінің бірі болып табылады және біз сыйлы әріптес болып, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз.  – Литва Президенті ретінде сіз Қазақстанға екіші рет келіп отырсыз. Қазақстан халқы мен елдің астанасы туралы сіздің пікіріңіз қандай? – Мен тәуелсіз болғысы келетін халықтарды, өзінің тарихын, ұлтын, тілі мен мәдениетін сый­лайтын барлық халықты сый­лай­мын. Сіздің Президент жасап жат­қан ұлтты қалыптастыру, ас­та­наны қалыптастыру, өз ұлты­ның мақтанышын қайта жаң­ғырту шаралары өте жақсы әрі өте маңызды. Мен сіздің ха­лықтың осылай қарқынды дамып келе жатқанына қуаныштымын. Сіздің астаналарыңыз өте тамаша. Ұлт және халық болғысы келетін халықтың әрқашан бола­шағынан үміт күттіретініне сенемін. – Биылғы жылы Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтуде. Литва өзінің мерей­тойын өткен жылы атап өтті. Екі елдің тәуелсіздігін алудан бергі кезеңді сіз қалай ба­ғалайсыз? – Мен бұл кезеңді кез келген халықтың өзіне өзі жауап беретін және тек өзіне ғана жауапты болуға бейімделетін уақыты деп білемін. Осындай мүмкіндікті Литва да, Қазақстан да алды. 20 жылда біз көп шаруа тындырдық, 20 жыл ішінде біз ескі демократиялар 50 жылда жасайтын ре­формаларды жасадық. Мен екі халықты осы маңызды қадам – егемендігімен құттықтай ала­мын. Литва халқының атынан Қа­зақстан халқын Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтағым келеді. Тәуелсіздік – әр халық үшін маңызды. Ол – болашақ. Біздің ха­лықтың 20 жыл бұрын өз тәуелсіздігін ала алғаны өте ма­ңызды. Сіздер өте маңызды және үлкен жолды өттіңіздер. Сіздер өз болашағыңызды өздеріңіз құ­ра­сыздар, барлығы өз қолда­рыңызда. Тәуелсіз халықтың бо­ла­шағы жарқын болатынына сенімдімін. Жақсыбай САМРАТ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.