Аймақтар • 17 Шілде, 2017

Астанада Атырау облысының мәдениет күндері басталды

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Астана» концерт залында «Атырау облысының Астанадағы мәдениет күндері» аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі ашылды.

Астанада Атырау облысының мәдениет күндері басталды

Облыстық музейдің экскурсия-көпшілік бөлімінің меңгерушісі Оксана Альжанованың айтуынша, Астанаға 700-ден астам әр түрлі жәдігерлер әкелінген. Оның ішінде біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырдың құнды дүниелері де бар. Мысалы, Атырау облысы Жылыой ауданы Аралтөбе қорғанын қазу кезінде екінші Алтын адамның қабірінен табылған қола қанжар,   қайрақ тас. Аталған қорған аудан орталығы Құлсары қаласынан 65 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі заманғы жәдігерлер арасында Дина Нұрпейісованың 1954 жылы соңғы рет концертке қатысқан кезінде таққан күміс белбеуін атап өтуге болады.

- Музей жәдігерлерінің арасында қолдан жасалған домбыра да бар. Бір ерекшелігі, оның бөшектері малдың сүйегінен жасалған және таза күміспен қапталған. Музейге оны Махамбет ауданының тұрғындары Лекеровтер отбасы табыстады. Домбыраны 1906 жылы арғы аталары өз қолымен жасаған екен, - дейді Оксана Альжанова.

Құнды дүниелердің қатарында қазақ батырлары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы қылыштарын қайраған қайрақ тасты да атауға болады. 19 ғасырға тиесілі суық қарулар бар, аңыз бойынша оларды Исатай мен Махамбет бастаған жасақтың әскерлері пайдаланған болуы мүмкін. Көрмеден Египеттен әкелінген ағашпен және күміспен өңделген мәмлүк тапаншасын көруге болады.

Махамбет ауданындағы Сарайшық ескі шаһарының орнына қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер айрықша назар аудартады. Айталық, 13 ғасырға жататын жылтыр қытай фарфорынан жасалған ыдыс «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейтінін» анық аңғартады. Аңыздарда мұндай қыш ыдыстар дәулетті адамдардың арасында үлкен сұранысқа ие болғаны жайында айтылады, егер у құятын болса, ыдыс түсін өзгертетін болған.

- 600-700 жыл бұрын ежелгі шеберлердің қолынан шыққан ыдыстардың қалай сақталғанын көріңіздер, - дейді О.Альжанова. – Көрмеге Сарайшық қаласынан табылған дүниелердің түпнұсқалары қойылды.

Көне қала орнынан табылған жәдігерлер арасынан иттің ізі бар кірпішті көруге болады. Музей қызметкерінің айтуынша, ертеде үйдің іргетасына иттің ізі бедерленген кірпішті қойса, ол  шаңырақ бақыт пен байлықтың ордасына айналады деген сенім болған.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі «Астана» концерт залында 16-17 шілде күндері жұмыс істейді.

Бақытгүл Бабаш,

"Егемен Қазақстан"

Суретті түсірген Рақым Қойлыбаев.