Медицина • 17 Шілде, 2017

Биыл Атырауда 492 бала шала туған

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда айы-күні жеткен әр бесінші әйел баласын кесарь тілігі арқылы өмірге әкеледі. Тіпті қазір толғақтың азабын ауырсынып, ота жасатуды сұрайтын аналар қатары көбейді. «Әйел денсаулығы үшін кесарь тілігінің кесірі көп» дейді дәрігерлер.

Биыл Атырауда 492 бала шала туған

Өткен жылы өңірде бес ана өлімі тіркелді. Ал биылғы 5 шілдеде жас ана кесар тілігі арқылы егіз баласын дүниеге әкеліп, жеті сағаттан соң көз жұмды. Ол бұған дейін де үш баласын «пышаққа түсіп» босанған. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір ана өліміне байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 317 бабы 3 бөлігімен сотқа дейінгі тергеу-тексеру жүріп жатыр. Қайғылы жағдай дәрігерлердің салғырттығынан ба, әлде басқа себеп болды ма, оны тексеру анықтайды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева қауіпті жүктілік пен ана мен бала өлімі көрсеткіші жоғары болып тұрғанын айтады. Жыл басынан бері 7818 ана өмірге сәби әкелген. Соңғы жылдары уақытына жетпей босану деректері көбейіп тұр. Биылдың өзінде 492 бала шала туған. Медицина дамып,  адамдардың денсаулық сақтау туралы ақпараты молайғанымен, әлі күнге дейін дәрігерге көрінуді кейінге қалдыра беретіндер азаяр емес. «Жүктілік кезінде медициналық тексеруден өтпейтіндер бар. Нақты мәлімет бойынша, елу жүкті әйелдің еш жерде тіркелмегені белгілі болды», - дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен үйлестіру кеңесінде осы мәселеге қатысты тағы бір жайт айтылды. Қазір ел дәрігерден бұрын балгерлер мен тәуіптерге көбірек сенеді. Мысалы, Махамбет ауданының тұрғыны – жүкті әйел қалқанша безі ауыратынын біле тұра, емханаға есепке тұрмаған. Іздеп барған дәрігерлерге де көрінуден қашыпты. Туыстарынан белгілі болғандай, ол Құлсары қаласындағы бір емшіге қаралған және соның ғана айтқандарын істеп, дәрі қабылдамаған. Нәтижесінде мерзімінен бұрын босанып, өмірге шала нәресте әкелді. Дәрігерлер баланың жағдайы нашар екенін айтады. Өкініштісі сол, мұндай деректер ел арасында аз кездеспейді. Бұған дейін де тәуіпке көрінемін деп ажал құшқан Махамбет ауданының тұрғыны туралы айтылған болатын. Осы жайтты қаперге алған аймақ басшысы құзырлы органдарға  лицензиясы жоқ бақсы-балгерлерге шара қолдану қажеттігін тапсырды.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан».

АТЫРАУ.