08 Қазан, 2011

Шаршы алаңның шаңы шығып тұр

350 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Баку төрінде кездесулер қы­зық­ты және тартысты өтіп жа­тыр. Кеше боксшылар әлем чем­пио­на­ты­ның жартылай финалын­да күш сы­насты. Бұл айқастар түс­кі және кешкі бағдарламаға бөлініп, әдет­те­гі­дей екі рингте емес, енді бір ға­на шаршы алаңда өтті. Осы жол­дар­ды жазып отырғанда бізге ең жеңіл сал­мақтағы екі кездесудің ғана нә­ти­жесі белгілі болды. Біріншісінде Олимпиада мен әлемнің екі дүркін чемпионы қытайлық Зоу Шимин ресейлік Давид Айра­петян­ды ұтты. Екінші кездесуде Азия чемпионы, әлем чемпио­на­тының қола жүлде­гері кореялық Жонг Шин моңғо­лия­лық әлем чем­пионы Сердамба Пуревдорждан айласын асырды. Осы төрт боксшының бәрі бір-бірімен кездесіп жүрген бокс­шы­лар. Миланда өткен соңғы әлем чем­пионатында да осы бокс­шы­лар­­дың кездескені есімізде. Сол кезде ресейлік Айрапетя­н­ның финалда моңғол боксшысына қалай есе жібергені күні бүгінге дейін көз алдымызда. Енді олардың жо­лы биылғы сында түйіспесе де, екеуі де финалға барар жолда қар­сы­лас­тарынан ұтылуға мәжбүр болды. Кеше басқа елдердің боксшы­ларынан – Украинадан төртеу, Кубадан үшеу, Англия, Бразилия, Өзбекстан, Италиядан екі-екі бокс­шыдан рингке шықса, АҚШ, Ирландия, Тәжікстан, Моңғолия, Беларусь, Латвия, Үндістан, Германия­дан бір-бір адамнан қолғап түйіс­тірді. Ал Ресейден Айрапетяннан басқа Миша Алоян мен Егор Мехонцев, Қытайдан Зоу Шиминнен басқа Уануан Уанг кездесу өткізді. Ал алаң иелерінен биыл екі бокс­шы жартылай финалға шығып отыр. Соның бірі аса ауыр сал­мақ­тағы Магомедрасул Меджидов біз­дің Иван Дычкомен кешкі бағдар­ла­мада кездесті. Әзербайжан ширек финалда Кубаның алыбы атақ­ты Феликс Савонның жиені Эрисланди Савонды үш раундта үш рет нокдаунға жіберіп, келесі айналымға шыққан болатын. Осы күні Әзербайжанның тағы бір үміті 91 килодағы Теймур Маммадов қытай Уануан Уангпен айқасты. Биыл Бразилия құрамасы да жақсы бокс көрсетуде. Олар да алаң иелері сияқты екі бокс­шы­сын жар­ты­лай финалға шығарды. Әлем чем­пионатында осы бр­а­зи­лия­лық­тар туралы біздің бапкерлер «Ал­ма­тыда жарысқа келер алдында біз­ден боксты үйреніп еді, енді көр­­д­ің бе, өзіміздің басы­мызға таяқ болып тиіп жатыр», деп қал­жыңдап қояды. Әр қал­жың­ның ас­тарында шындық бар демекші, латынамерикалықтар биылғы сын­дағыдай қарқындарын сақтаса, Лон­дон Олимпиадасында қай ел боксшыларына болса да күтпеген сый жасауы әбден мүмкін. Кеше кешкісін жартылай финалда Ғани Жайлауов кубалық Иа­сниер Толедомен, Серік Сә­пиев латвия­лық Эгидиус Кавалайаускаспен, Әділ­бек Ниязым­бетов өзбек Эль­шод Расуловпен және аса ауыр сал­мақтағы Иван Дычко әзербай­жан Магомедрасул Меджиевпен кез­десті. Ә.Ниязымбетов пен С.Сәпиев финалға шықса, Ғ.Жайлауов пен И.Дычко қар­сылас­­тарынан жеңіліп, қола жүлдеге ие болды. Дастан КЕНЖАЛИН – Бакуден.