Аймақтар • 17 Шілде, 2017

Алакөлдегі дуатлон додасы

125 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысында дуатлоннан жарыс өтті. Өңір бойынша тұңғыш ұйымдастырылған таңсықтау спорт түрінің әлем бойынша дами бастағаны да күні кеше ғана. Дуатлонның шарты – адғашқы белгілі қашықтық жаяу жүгіруден, одан соңғы аралық велосипедпен, үшінші, соңғы этап қайтадан жүгірумен түйінделеді. Екі спорт түрін біріктірген спорт кез келген адамның қатыса алатындыңымен ерекшеленеді.

Алакөлдегі дуатлон додасы

Алматы облысы, Алакөл ауданында өткен дуатлон додасына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, жиналғандарды жарыстың ашылу салтанатымен құттықтады. Министр бәсекеге бастан-аяқ қантысып, болысып қана қоймай, жарыс жолына шыққан 64 қатысушының қатарында сапқа тұрды. Сонымен бірге, бұл шараға арнайы Олимпиада ойындарының жеңімпаздары Ермахан Ибраимов, Данияр Елеусінов және Әділбек Ниязымбетов келді.

Астана мен Алматы қаласынан, облыс орталығынан, сондай-ақ, осы өлкедегі бес ауданнан келген спортшылар туристік өлке саналатын Алакөлдің таза ауасында спортпен айналысу жанға дауа деген пікірде. Дуатлонға қатысушылар жарыс жолына 2 – 12 – 2 жүйесі бойынша шықты. Яғни, шақырымнан екі мәрте жүгіру аралығындағы 12 шақырымды велосипедпен бағындырды. Жарыста спортшылар жас ерекшеліктеріне қарай төрт топқа бөлінді. Жарысқа кәсіпқойлармен бірге, Алакөл жағасына демалуға келген тұрғындар да қатысып, жарыс көркін қыздырды.

Ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев, құрметті қонақтар – Олимпиада жүлдегерлері лебіздерін жеткізіп, өңір тұрғындарын спортпен шұғылдануға, шақырды.

Жарысқа халықаралық дәрежедегі бас төрешісі Юрий Портнягин төрелік еткен жарыстың үш сатысынан да сүрінбей өткен министр жүлде қорынан бас тартты. Веложарыс пен жүгіруден бәсеке қызып жатқан тұста Үшарал қаласында орналасқан Зейнеп Қойшыбаева атындағы аудандық Мәдениет үйінде жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп жатты.

Жарыс қорытындысы бойынша, 16 – 29 жас аралығында Құдайберген Зейноллаев бірінші болып мәре сызығын кесті. Ал 30 – 39 жастағы үміткерлер арасында Қайрат Шаймурдин, 40 – 49 жас аралығында Сәбит Таймекенов топ жарды. Жеңімпаздарға министр алтын медаль, Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Жүлделерді салтанатты табыстау рәсіміне вице-министрлер Сәкен Мұсайбеков пен Асқар Баталов, актер Әділ Ахметов, сазгер Ренат Гайсин сынды спорт пен өнер жұлдыздары да атсалысты.

Жеңімпаздардың ең жасы Әлем төрт, ал Әділ бес жаста. Темірқұловтар отбасынан шыққан ағайынды қос бүлдіршінді Арыстанбек Мұхамедиұлы өзі құттықтап, қолына көтеріп қошемет көрсетті. Министр марапаттаудан кейін журналистерге сұхбат беріп, Алакөл ауданының әкімдігіне спорттық шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, Жетісудың жақұты саналатын Алакөл жағасында туризмді дамыту кезек күттірмейтін мәселе екенін тілге тиек етіп, көл маңындағы 500 мың адамды қабылдай алатын 144 туристік нысан туралы кеңінен түсіндіріп өтті.

Спорттық шара аяқталған соң министр жағажайдағы күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып, Ақтоғайдағы теміржол бекеті мен электр пойызының туристер үшін маңыздылығы турасында сөз қозғады. Министрдің айтуынша, егер бұл жобалар толық жүзеге асқан жағдайда Қазақстан мен Ресейден келетін туристер саны бірнеше есеге артпақ. Министр сапар аясында Алматы қаласы мен облыста орналасқан бірнеше туристік агенттік жетекшілерімен, демалыс аймақтарының басшыларымен кездесіп, ішкі туризмді дамыту төңірегінде туындаған сауалдарға жауап берді.

Алмас НҮСІП,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы