Футбол • 17 Шілде, 2017

Стойлов: Алдымен «Спартактан» айламызды асырумыз керек

176 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов Чемпиондар лигасының  екінші іріктеу кезеңіндегі латвияның «Спартак» командасына қарсы матч алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

Стойлов: Алдымен «Спартактан» айламызды асырумыз керек

– Бізді маңызды ойын күтіп тұр. Қазір әрбір минутымыз санаулы. Командамыз ертең жоғары деңгейде өнер көрсетуі тиіс. Алғашқы матчта ұтқанымызбен, жауапты кездесудің оңай болмасы анық. Бәрін жоспарлы түрде жүзеге асырып, мүмкіндіктерімізді мүлт жібермеуіміз қажет.

– Бұл жолғы негізгі құрам алғашқы ойынға қарағанда қаншалықты өзгеруі мүмкін?

– Юрмаладағы ойынға қарағанда айтарлықтай өзгеріс болады деп айта алмаймын. Себебі, бір апта ішінде жігіттерміз толығымен өз қалыптарына келіп үлгерді.

– Жақында «Спартак» бапкері қызметінен кетті. Бұл өзгеріс латвиялықтарға қаншалықты кері әсерін тигізуі мүмкін? Сонымен қатар, алғашқы ойында қарсыластарыңыздың қандай басым тұстары байқалды?

– Мұндай өзгерістер ұжымға қаншалықты әсер ететіні белгісіз. Алайда, бас бапкердің қызметінен кетуі жақсы жаңалық деп айта алмаймын. «Спартак» осал қарсылас емес. Бірақ екі күн ішінде өзгеріс бола қояды деп ойламаймын. Ал бізге бастысы босаңсымау керек.

«Спартакта» позициясын дұрыс таңдай алатын ойыншылар жетерлік. Біз шабуылды нәтижелі аяқтауды ойлауымыз керек. Әрине, ең басты мақсат – келесі кезеңге жолдама алу. Чемпиондар лигасында бәрі ойнағысы келеді. Сондықтан бұл жерде оңай қарсылас бар деу қисынға келмес. Әр команда жеңіске жету үшін барын салады. Біз «Астана-Аренадағы» жеңіліссіз сериямызды жалғастырамыз деп үміттенемін. Қолымыздан келсе бірінші гол соғуға тырысамыз, болмаса, қақпамызға доп жібермеуді мақсат етеміз. Бұл кездесуде 1:0 есебімен жеңсек, соған қатты қуанар едім.

– Үшінші раундтың жеребе нәтижесі туралы қандай ойдасыз?

– Бұл жерде бәрі белгілі деп ойлаймын. «Легия» келесі кезеңге бір табан жақын тұр. Әзірге бәрін алдын ала жоспарлауға болмайды. Бұл футбол. Мұнда бәрі болуы мүмкін. Сол үшін барлық жайтқа алдын ала дайын болуымыз керек.

– «Астананың» жазғы трансфердегі жұмысына көңіліңіз тола ма?

– Жаңадан екі ойыншы келді. Әзірге Томасовтың кейбір мәселелерге байланысты қатыса алмайтыны қиындау болып тұр. Біз тағы бір позицияға жаңа ойыншы алуды жоспарлаған едік. Бірақ бұл ойымыз жүзеге аспай тұр.

Айта кетейік, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» Латвияның «Спартак» командасына қарсы алғашқы матчта 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Бұл кездесуде жалғыз голды Патрик Твумаси 73-минутта соқты.

Аян ӘБДУӘЛИ,

"Егемен Қазақстан"