Футбол • 17 Шілде, 2017

«Астанадан» бірнеше ойыншы сатып алуымыз мүмкін – Марек Зуб

107 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Астана» футбол клубына қарсы жауапты ойын алдында Юрмаланың «Спартак» командасының бас бапкері Марек Зуб журналистерге сұхбат берді.

«Астанадан» бірнеше ойыншы сатып алуымыз мүмкін – Марек Зуб

– Шынымды айтсам, өз басым «Астанаға» қарсылас болғанымызға қуанған едім. Алайда, 0:1 есебімен жеңілгеніміз аздап қиындау болды. Бірақ ертеңгі ойында бәрі басқаша болады деген ойдамын. Біз қорғанысқа ғана көңіл бөліп, өз мүмкіндігімізді күтпейміз. Өзіміздің құрған жоспарымыз да бар. Сонымен қатар, матчқа 10 мыңға жуық жанкүйер келеді деп естідім. Бұл жерде орынсыз болса да бір сұрақ қойғым келеді. Не себепті отыз мың жанкүйер сыятын стадионға аз-ақ адам келіп көрермен болмақ? Әрине, біз Испанияның «Атлетикосы» емеспіз (күлді). Бірақ көбірек адам келеді деп үміттенеміз.

 – Алғашқы матчтан кейін бірқатар ақпарат құралдары сізді жақын арада Беларусьтің «Шахтер» командасына ауысады деген мәлімет таратты. Осы туралы қандай пікір білдіресіз?

– Бұл жерде бірнәрсені айта кеткім келеді. Футболда жылдам шешім қабылдау қажет кездер болып тұрады. Болашақта Беларусьте жұмыс істеймін деген ойға тоқталдым. Әзірге «Спартактамын», командамның жеңіске жетуі үшін барымды саламын. Ұжымдағы соңғы ойындарымның бірі болғандықтан «Астананы» жеңу мен үшін маңыздырақ.

– Демек, бұл сіздің «Спартактағы» соңғы ойыныңыз ғой?

– Былай дейін, «Шахтермен» келісім жасамас бұрын «Спартакпен» бірге Варшаваға барамын деп келісемін (күлді).

– Алғашқы матч алдында Патрик Твумасиді, Иван Маевскийді ерекше атап өттіңіз. Ал ойыннан кейін кімдер сізге ұнады?

– Әрине, «Астанада» білікті ойыншылар жетерлік. Жартылай қорғаушылардан бөлек, Кабананганың ойыны ұнады. Оның әлеуеті жоғары.

– Қазақстандық жанкүйерлер «Астананы» сырт алаңда ірі есеппен жеңеді деп ойлаған. Ал сіз үшін 0:1 болып ұтылу қаншалықты қиынға соқты?

– Біз гол жібермегенімізде сол қазіргіден жақсырақ нәтиже болар еді. Ал «Астананың» гол жібермеуі бәлкім бізге сәттілік жолдас болған болар. Дегенмен де, гол соқпаған «Астананың» кінәсі дер едім. Сонымен қатар, Юрмаладағы матчтан кейін астаналықтардың алаң құрғақ болды деген ренішін естідім. Қазақстанда мұндай олқылық болмайды деп ойлаймын.

– Алғашқы ойыннан кейін негізгі құрамға өзгеріс енгізесіз бе?

– Жоқ, бұл туралы ешнәрсе айта алмаймын. Құпия болып қала берсінші.

– Болашағыңызға қайта оралсақ, өзіңізбен бірге «Шахтерге» «Спартактан» ойыншылар алып кетесіз бе?

– Әбден мүмкін. «Астанадан» да ойыншылар сатып алып қалуым ғажап емес (күлді).

– Алғашқы ойында қос командаға барлығы 10 сары қағаз көрсетілді. Бұл матчтың өте дөрекі өткенін білдірмейді ме?

– Жоқ, бұл футболдың бір бөлігі. Ирландиялық төреші болады деген кезде мен де осылай болады деп іштей ойлап едім.

– Қателеспесем, Астанаға алғаш рет келіп тұрсыз. Алған әсеріңізбен бөлісе отырсаңыз.

– Қазақстанға алғаш келіп тұрсам да бұл ел туралы, Астана туралы көп нәрсе білемін деп айта аламын. Ұлы дала елінде менің жақын достарымның бірі қызмет еткен.

Аян ӘБДУӘЛИ,

«Егемен Қазақстан»