Қазақстан халықаралық «Болашақ» стипендиаттарының Батыс Қазақстан облысындағы филиалы облыстың ең шалғай ауданының оқушыларына сыйлық жасады. Бөкей ордасы ауданының Сайқын және Хан ордасы ауылдарындағы балалар кітапханасына түрлі жанрдағы 60 кітапты тарту етті. «Болашақ» стипендиаттарының батысқазақстандық көшбасшысы Ілияс Омаровтың айтуынша, бұл – ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай ұйымдастырылған «Балаларға кітап сыйла» акциясының шеңберіндегі алғашқы шара. Аталмыш филиал ағымдағы жылдың 28 наурызында құрылған болатын.
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дің тарихи-өлкетану мұражайында өткен кездесуде Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі көркем әдебиеттің, ғылыми-фантастикалық шығармалар мен оқу-әдістемелік құралдардың жаңа оқу жылында ауыл балаларының айнымас серігіне айналарына сенім білдірді.
Динара ЕСЕНТАЕВА.
Батыс Қазақстан облысы.