Аймақтар • 18 Шілде, 2017

Теңдесі жоқ жоба Атырауда жүзеге асады

216 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Индер ауданында «ISSMAT» компаниялар тобы құны 234 млн АҚШ долларына бағаланған ғажайып жобаны қолға алды.

Теңдесі жоқ жоба Атырауда жүзеге асады

Анығырақ айтсақ, кешенде қуаты 80 МВт күн электр стансасы, жылыжай, 2000 асыл тұқымды сиырға лайықталған тауарлы сүт фермасы, ақсерке мен бекіре тұқымдас балық өсіру зауыты, қоқыс өңдеу зауыты болады. Сондай-ақ, ет өндірісі бағытында бизон, косметология саласына керек лаванда өсіру, бал араларын әкелу де жоспарда бар. Жылына 20 мың тонна көкөніс өндіріледі. Жұмыстың бәрі табиғи, қауіпсіз жағдайда жасалады. Өнімдер химикатсыз, жоғары сапалы және балғын күйінде тұтынушыларға жеткізіледі.

– Ел игілігіне арналып отырған жобаның жемісті боларына сеніміміз кәміл, – дейді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, – «ISSMAT» компания­лар тобымен ынтымақтастық меморандумына өткен жылы «АтырауИнвест» форумында қол қойылған еді». Ал Индер ауданының әкімі Серік Арыстан Елбасының Қазақстанға инвес­торлар тарту туралы тапсырмасы алыс ауылдарда да қолға алына бастағанына қуанышты екенін жасырмады. «Ең бастысы – жоба аясында бірнеше мың жаңа жұмыс орны ашылады. Жаңа кешенде ғылыми-зерттеу орталығы болады, сол арқылы жергілікті тұрғындар кешен жұмысына қажет мамандықтар бойынша білім мен тәжірибе алады, кейін қызметке орналасады», – деді аудан әкімі. «ISSMAT» компаниялар тобының негізін қалаушы Франция азаматы Мессади Саид жобаға инвес­тиция салуға шешім қабылдау оңайға соқпағанын, бірақ тәуекелге бел буғанын айтады. «Егер Қазақстанда бастау ал­ған осы кешен сәтті жүзеге асып кетсе, басқа елдерде де ашу­ға жұмыс жүргізудеміз. Бұл жоба сая­сатпен де, бизнесімізді дамыту­мен де байланысты емес, жер­гілікті халықтың қажетіне жа­райтын, әлеуметтік-экономи­ка­лық ахуалын жақсарта түсуге ық­пал ететін игі іс болса дейміз. Әлем­нің 60-тан астам елінде болдым, бірақ дәл қазақтардай бір-бірі­не деген жанашырлықты көрме­дім. Әрі Қазақстанда мем­ле­кеттің қолдауы зор», – дейді ин­вестор.

Әзірге жобаның алғашқы ірге­тасы ғана қаланды. Кезең-ке­зеңмен жүзеге асатын баста­маның бірінші сатысы үш жылдан кейін пайдалануға беріледі. Ал шыққан өнімдер Қазақстан мен Ресей, Белоруссия нарығына бағытталады. «Индердің лавандасы Қытайға экспортталады, жақын болашақта құрамында Қазақстанда өсірілген лаванда бар француз әтірлері шықса, таң қалмаңыздар. Францияда лаванданы «жасыл алтын» деп атайды, қара алтынды өңірде жасыл алтынның өспеуі мүмкін емес», – дейді Мессади Саид.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Суретті түсірген
Әнуар Әбілғазиев