08 Қазан, 2011

Күй атасына құрмет

507 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Құрманғазы Сағырбайұлы Бөкей ордасы, Бекетай құмының Жиделі деген жерінде дү­ниеге келген. Ол мекен қазір Атырау облысы, Құрманғазы ауданы аталады. Ұлы күйші бұл күндері Ресейдегі Астрахан облысының Володар ауданындағы «Алтын­жар» деген жерде мәңгілік ұй­қыда жатыр. Бі­рақ қай жерде де күй атасына деген құрметте шек жоқ. Күй атасының бейнесін маңғыстаулық ақиық ақын, жүйрік жырау Қашаған Күржіман­ұлының 170 жылды­ғында әсем Ақтаудағы орталық алаңға қатарластыра орналасты­рудың да мәні бар. Құрманғазы Орданың түрмесінен қашып шығып Жайықты жағалап, Жем, Сағыз өзендерінен өтіп, Маңғыстау мен Үстіртті бес жылдай аралайды. Ақын Қашағанмен кездеседі. Екі алып қатар жүріп, ауыл-елді аралап, халыққа рухани қуат береді. Маң­ғыстау сапарында Құрманғазының әйгілі «Төре­мұрат», «Ақсақ киік», «Балқай­мақ», «Адай» күйлері өмірге келеді. Екі алыптың өршіл өнері мен достығын халқымыздың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіров: Атырау – алыс бізге жердің түбі, Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі, Шашқанда күйден көбік Құрманғазы Қашаған жырдан төккен маржан дүрді, – деп жырға қосқан емес пе?! Міне, енді Ақтауда облыс, қала басшы­ларының бастауымен, аймақ азаматтарының қостауымен күй атасының еңселі ескерткіші бой көтерді. Биіктігі бес метр болатын мәрмәр тастың үстіндегі Құрманғазының бейнесін сомдаған маңғыстаулық талантты мүсінші Көшер Байғазыұлы. Салтанатты сәтте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекіл­байұлы әлемдік музыка мәде­ниетіне өлшеусіз үлес қосқан ұлы бабамыз туралы тереңнен толғай әсерлі әңгімеледі. Айтыстың ақтаңгері Мэлс Қосымбаев жырдан шашу шашып, облыстың әр аймағынан келген өнерлі жастар мерекелік концерт көрсетті. Жоламан БОШАЛАҚ.