08 Қазан, 2011

Директор кибершабуылдан қауіптенеді

258 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
АҚШ Федералды барлау бюросының директоры Роберт Мюллер Конгрестің өкілдер палатасында сөйлеген сөзінде өзі жетекшілік ететін ведомствоның таяу жылдардағы қызметінің басым бағыттарының бірі кибержансыздықпен күрес болатынын мәлімдеді. Роберт Мюллер АҚШ-тың қауіпсіздігіне, оның ішінде Қытай тарапынан экономикалық жансыздық әрекеттер аса қатер төндіретінін атап өткен. Ресми Бейжің кезінде Қытай тарапының АҚШ-тың үкіметтік мекемелері мен компа­нияларына қарсы кибершабуыл ұйымдастырмағанын бірнеше мәрте мәлімдеген болатын. Р.Мюллер сондай-ақ мұндай «шабуыл» Ресей мен Ираннан да болуы мүм­кіндігін ескерткен. Оппозиция лидері сотқа жүгінбек Польшадағы консервативті оппо­зицияның лидері Ярослав Качиньски өзінің Германия және осы елдің канцлері Ангела Меркель туралы пікірлерін бұрмалап көрсеткені үшін неміс журналистеріне қарсы сотқа жүгінетінін мәлім­деді. Кейбір ақпарат құралдары­ның хабарлауынша, ол Германияның бір заңгерлік мекемесінің қызметін пайдалануы мүмкін. Ярослав Качиньски өзінің «Біздің арманымыздың Польшасы» деп аталатын жаңа кітабында Германия канцлері А.Меркельдің саясатын сынап, оны Мәскеумен стратегиялық одақ орнатуға тырысады деп кінәлаған сияқты. Сонымен қатар, саясаткер аталған кітабында қазіргі канцлер бұрындары шығыс-герман арнайы қызметімен байланыс жасаған және канцлерлік лауазымға оншалықты демократиялық жолмен келмеген деген пікір айтқан көрінеді. Путиннің командасында қалады Ресей үкіметінің төрағасы Владимир Путин «Ресей шақырады!» форумында елдің бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудриннің өз командасында қалатын­дығы, оның АҚШ-та айтқан пікірі «эмоциялық» сипатта айтылғандығы туралы мәлімдеді. В.Путин Алексей Кудринді «Ресей үшін пайдалы және қажет» адам деп атаған. Премьер-министр «ол сөз жоқ, Ресейде ғана емес, әлемдегі жақсы мамандардың бірі» деп атап көрсеткен екен. Алексей Кудрин қаржы министрі қызметінен АҚШ-та жасаған белгілі мәлімдемесінен кейін отставкаға жіберілген еді. Ол Ресейдің қаржы министрлігіне 2000 жылдан бері басшылық етіп келе жатқан болатын. Қомақты қаржыны жымқырған Токио соты Жапония демократиялық партиясының экс-басшысы Итиро Одзаваға қарсы істі қарауды бастады. Саясаткерге қаржылық алаяқтық жасады деген айып тағылған. Жүргізілген тергеу амалдары бойынша, ол 2004 жылы өзінің үш көмекшісімен ымыраласу арқылы партияның есеп-шотындағы 400 миллион иенді (5 миллион доллар) заңсыз есептен шығарған көрінеді. Саясаткер бұл ақшаға Токиода өзіне жер телімін сатып алған және өзінің хатшылары үшін тұрғын үй салуды жоспарлаған сияқты. Токио соты Одзаваның үш көмекшісін де кінәлі деп тауып отыр. Ал саясаткер өзіне тағылған айыпты мойындамауда. Телеарна сатып алғысы келеді Интерфакс агенттігінің ақпа­ратына қарағанда, жаңа саяси партия құруға ниеттенген миллиардер Будзин Иванишвили ақпараттық бағдарлама­ларды тара­ту­ға лицензиясы бар Гру­зиядағы телеарнаны сатып алуға ықыласты екендігін білдірген. «Егер менің осы ұсынысыма нақты мүдделілік танытқан телеарнаның қожайынына телеарнаның құнынан үш еседен де көп ақша төлеймін», депті ол. Миллиардердің айтуынша, телеарнаның құнын Бүкіләлемдік банктің ұсынымымен аудиторлық компаниялардың бірі бағалайтын болады. Б.Иванишвили сондай-ақ телеарнаны екі жылдан соң бұрынғы иесіне символикалық бағамен, яғни 1 лариге бағалап, қай­та­ра­тынына уәде беріпті. 10 мың шенеунікті «отырғызамын» дейді Владимир Жириновский Мемлекеттік думаның отырысында «Справедливая Россияның» лидері Сергей Мироновты, Мәскеудің экс-мэрі Юрий Лужковты, тағы 10 мыңға жуық саясаткер мен шенеунікті «отыр­ғызуға» уәде берді. Оның мәлімдеуінше, «тұтқындау» президенттік сайлау аяқталған күннің ертеңінде басталмақ. «Президент кім болатынын сіздер әлі білмейсіздер. Үлкен «сыйлық» болады. Тұтқындауды 5 наурызда, дүйсенбі күні сағат 10.00-де бастаймыз. Он мың шенеуніктің тізімі дайын, мен қол қойдым», депті партия басшысы. Өзінің сөзінде В.Жириновский Мемдума спикері Б.Грызловқа Миронов пен Лужков тарапынан болуы мүмкін сот қуғындауынан қорғау туралы өтінішпен де шығыпты.   Қысқа қайырып айтқанда: *АҚШ президенті Барак Обама баспасөз мәслихатындағы сөзінде Пәкстанды ауғандық экстремистік топтармен байланыс жасады деп айыптады. Президенттің пікірінше, бұл екі елдің стратегиялық әріптестігіне нұқсан келтіреді. *Британдық прокуратура жекелеген адамдардың Лондонға сапармен келген Израильдің бұрынғы сыртқы істер министрі Ципи Ливниді тұтқындауға қол жеткізу талабына жол бермеді. Британдық құқық қорғаушы топтары оны 2008 жылы Газа секторындағы операция кезінде әскери қылмыс жасады деп айыптайды. *Чилиде ереуілге шыққан студенттер билікпен келіссөз жүргізуден бас тартты. Олардың талабы – тегін білім алуға қолжетімділік жағдай жасау. *Ресей президенті Дмитрий Медведев Абхазияның бұрынғы президенті, марқұм Сергей Багапшты «Мужество» орденімен наградтады. Награда оған «Закавказье өңіріндегі жағдайды тұрақтандыруға және ондағы проблемаларды шешуге» қосқан еңбегі үшін берілген.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.