Қазақстан • 18 Шілде, 2017

«Galam TV» интернет теледидары дамытылып, қайта іске қосылды

663 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде «Galam TV» интернет теледидары іске қосылды. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев facebook парақшасында хабарлады.

«Galam TV» интернет теледидары дамытылып, қайта іске қосылды

2014 жылы Қазақстанда «Galam TV» интернет арқылы хабар тарату қызметі жұмыс істеген. Алайда, сұраныстың аз болуынан, яғни Chrome, Opera, Yandex, Internet Explorer браузерлерінде жұмыс істемегендіктен, мобильдік қосымшасы толық дайындалмағандықтан, сондай-ақ, өзге де түрлі себептерге байланысты жұмысы тоқтап қалған болатын.

«Биыл Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Қазтелрадио» АҚ «Galam TV» жобасын қайтадан жандандырып отыр. Қазір оның мобильдік қосымшасын Google Play және AppStore арқылы жүктеп алуға болады. Сонымен қатар, кез келген браузерден қолдану мүмкіндігі бар», деп жазды Дәурен Абаев.

Әлемнің кез келген жерінде телеарнаның архивін, бағдарламаларын қайталап тегін көруге, бағдарлама кестесін жоспарлауға болады.

Жобаның келесі жаңғыртылу кезеңінде «сұраныс бойынша видео», рейтингті жүйе, жеке кабинет секілді бірнеше жаңа қызмет іске қосу жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта «Galam TV» тегін жұмыс істейді. Мұнда Қазақстанның 24 телеарнасын көруге мүмкіндік бар, сондай-ақ жыл соңына дейін қолжетімді тарифтер бойынша шетелдің 100 телеарнасы қосылады.

Жобаны дамыту мақсатында министрлік қазақстандық кітаптар, ғылыми жарияланымдар мен журналдар, музыка, фильмдер, сондай-ақ өзге де контенттің сандық базасын құруды жоспарлап отыр.