Мамандардың мәліметінше, халықаралық шараның салтанатты ашылуынан бері көрермендердің жалпы саны шамамен 1 миллион 200 мыңды құраған. ЭКСПО-ның барлық нысандарының келушілерін есептесек, өткен аптада 8 миллион 890 мың адам павильондарға кіріп-шыққан.
Танымал павильондардың қатарын Эфиопия, ЮАР, Мадагаскар, Кения, Сьерра-Леоне секілді 21 мемлекеттен тұратын Африка плаза бастап тұр. Айта кетерлігі, мұнда табан тіреген қонақтар африкалықтармен фотоға түсуге тырысады. Тіпті сол үшін ұзын-сонар кезектер пайда болған. Суретке түсушілердің көптігі сонша, кейбір мемлекеттер фотоға түскені үшін айыппұл салынатыны туралы хабарламалар да іліп қойған. Бірқатар елдер фотоға түсуге тыйым салса да, Ганадан келген Анкома Боатенг қазақстандықтардың өтінішін елеусіз қалдырған емес. «Фотоға түсу де оңай емес екен, шаршаймыз. Дегенмен, бұл жақтағы адамдар біз сияқты қара нәсілді азаматтарды көп көрмейді. Оны да жақсы түсінеміз. Фотоға түсудің өзі адамдар арасында байланыс орнатуға себеп болады», деген ол бұрын Батыс Африканың тұрғындары да басқа адамдарға таңырқап қарайтынын жеткізді. Қазіргі кезде әбден үйренген көрінеді.
Аптадағы танымалдардың тізімін Мысыр павильоны жалғайды. Үшінші орында Ресей, содан кейін Түркия, Жапония павильондары бестікті толтырып тұр. Алтыншы орында Үндістан павильоны болса, реттік санмен Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Таиланд павильондары орналасқан. Ондықты Малайзия мен Германия павильондары аяқтапты.
Медиа орталықтың хабарлауынша, өткен аптада көрме аумағында 169 оқиға тіркелді. Олардың көпшілігі жоғалған балаларды іздеуге, қоғамдық тәртіпті бұзуға және спиртті ішімдік ішуге байланысты болған. Ал қауіпсіздік қызметкерлері, әсіресе, балаларға абай болуды ескертеді.
Асхат Райқұл,
"Егемен Қазақстан"
Суретті түсірген Орынбай Балмұрат,
"Егемен Қазақстан"