08 Қазан, 2011

Болашақ инженерлер ошағы

645 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Елбасы білім тереңдеткен, өңір өндірісінің мыңдаған мамандарын қанаттандырған, халқымыздың аяулы тұлғасы Әлімхан Ермеков сабақ берген, жоғары оқу жүйесінің ірі ұйымдастырушысы академик Әбілқас Сағынов ұзақ жыл басшылық еткен, кезінде кеңестік кеңістікте танымал болған Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті еліміздегі белді де беделді озық білім ұясы ретінде алысқа аян. Мұнда бүгінде 5 мыңнан астам жігіт пен қыз оқиды. Дамудың жаңа кезеңіндегі істерді қолға алатын олардың білікті инженерлер болып шығуына барынша жағдай жасалған. Бұл жөнінде университет ректоры, ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы Арыстан ҒАЗАЛИЕВТІҢ әңгімелеп беруін өтінген едік. – Арыстан Мәулен­ұлы, алдымен сізді оқыр­­­мандарға кеңірек таныс­тырып өтуді жөн көріп отырмыз. Оны өз аузы­ңыздан естісек дейміз. – Мектеп қабыр­ға­сын­дағы оқушы кезімд­е-ақ химия пәніне ықы­ласым айрықша болатын. Ақыры ғылымның осы аса бір қызғылықты са­ласы құпия-сырын те­реңдеп білуге деген аң­сарым соған алып келді. Бүткіл еңбек, соның ішінде ғалымдық жолым жүрек қалауыма түпкілікті беріккен сүйікті ісіммен тығыз байланысып келеді. Бұдан біраз жылдар бұрын докторлық диссертация қорғалған соң ғылыми ізденіс тереңдетіле түсті. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым акаде­миясының Қарағанды­дағы Органика­лық синтез және көмір-химия инсти­туты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары болу кезде зерттемелік іс жан-жақты жүргізілді. Атап айтқанда, жіңішке органикалық синтез қосылысындағы биологиялық белсенді заттардың синтезі, алкалоидтар химиясының, фармакология және кванттық химия салалары бойынша жаңа ғылыми бағытты дәйектегенім үшін білім беру, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атануым тыңғылықты ізде­ніс­тің жемісі деп білемін. Қазір ректорлық қызмет көп уақыт алатын болғанымен ғылыми белсенділікті босаңсытып жүргенім жоқ. – Соған тоқталып өтсеңіз. – Талапты шәкірттерімнің бірі, химия ғылымдарының докторы Дмитрий Хрусталевпен бірлесіп микро­толқынды сәулелендіру жағдайла­рындағы органи­ка­лық қосылыстар синтезімен байла­нысты бағыттағы зерттеме жетілдіріліп, тереңдетілу үс­тінде. Оның нәтижесі халықаралық әйгілі «Lambert Academic Publishing» атты ғылыми әдебиет басы­лымда монография түрінде жария­ланды. Таяу арада ағылшын және неміс тілдерінде жарыққа шығады. Шетелдік мамандар тарапынан да назар ауда­рылуы зерт­теуіміздің іргелі екенін та­ны­тарлық. Жалпы алғанда, біраз жыл­дар бойын­дағы шығармашылық жолда 690-нан астам ғылыми мақала жазыл­ды. Бәрі жинақталып, кітапқа енгізілді. Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орын­дарында оқулық ретінде пайдаланады. Ұстаздық міндетімді ұмыт қалдырмай бір жағынан дәріс оқып, сабақ беруді жалғастырып келемін. – Сіздің мұның алдында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің рек­торы болғаныңызды білеміз. Оны аз уақыт ғана басқаруыңыздың өзінде елдегі білім ошақтары ара­сында рейтингісі 17 орыннан 4 орынға көтерілген екен. Ал Қара­ғандыда еңбегіңіз жануы қалай? – Бұл өзіндік даңқты дәстүрі бар озық оқу орны болып табылатын­дығын мақтанышпен айта аламыз. Сондайлық мәртебесін одан сайын биіктету мерейлі мақсат. Жоо-лар ара­сында материалдық-техникалық база­ны нығайту, педагогикалық шеберлікті күшейту, инновациялар арқылы оқыту бойынша ғылыммен байланыс­тарын жандандыру, ақпараттық білім беру сапасын жақсарту жағынан алдыңғылардың қатарындамыз. Бізде Қазақстанда тұңғыш рет орталық және солтүстік аймақтағы 52-ге тарта жүйе құраушы кәсіпорындарды біріктірген 6 корпоротивті университет құрылып, жұмыс істейді. Сонымен бірге 7 ғылыми-зерттеу институты, 35 зертхана, 3 ғылыми және ең үздік инженерлік бейіндегі 10 орталық, 4 инновациялық әрекеттегі ғылыми-техникалық кешен оқытушылар мен шәкірттер игілігінде. Аумағы 4 мың шаршы метрді қамтыған «НІ Тесһ» жоғары технологиялар аймағы құрыл­ды. «Политех» техносаябағы есігі зерттеушілерге әрдайым ашық. Кәсіп­орындар тапсырысы орында­лады, шаруашылық шарттар жасалады. Соңғы үш жыл ішінде аталған кейінгі шара көлемі 9,5 есеге ұлғайып, былтыр 701 миллион теңгені құрады. Ғылыми жобаларды коммерциялизациялау жылдан-жылға ұлғаюда. Осы соңғы екі жылда қазіргі заманғы компьютерлермен жабдық­талған электронды оқу залы, мұражай, Ш.­Құдайбер­ге­нов, академик Сағынов атындағы «Тілдердің үш тұғыр­лығы» орталығы, «Білім беру мен ғылым­дағы инновациялар» көр­месі    си­яқ­­­­ты жаңа құ­ры­лым­дық бөлімшелер ашыл­ды. Жүйелі кәсіптік бағ­дарлау шарасы тәртіп­ке келтірілді. Университет өз қабырғасында маман­дық меңгеруге құштар шәкірттер бойынша өте тартымды оқу орны сана­лады. Олардың пән мен оқытушыны еркін түрде таңдау құқын кеңейту, ішкі және сыртқы академиялық ұт­қырлықты қамтамасыз ету үшін Болон процесіне қатысушы университет­тердің Ұлы Хар­тиясына, әлемнің жетекші оқу орындарымен ынтымақ­тас­тық жөнін­де 100-ге жуық меморан­думға қол қо­йылды. Сондай-ақ халық­аралық TEMPUS, Erasmus, Mundus Синергия, білім беру жобаларына қатысады. Соңғы үлгідегі ақпараттық қондыр­ғылар мен құрал-жабдықтар жетіп артылады десек, асыра айт­қандық емес. Студенттердің білімін таразылауда технологиялық жетістіктер қолда­ны­лады. Бәрі электронды құралдарға бағын­дырылған. Бұл пара ұсыну, бі­реу­лердің делдалдығына сүйену тә­різді теріс қылықтардан арылтып отыр. – Біз білетіндей оқыту ғана емес, облыстың өндірісін өркендетуге, ондағы өзекті мәселелерді шешуге қатысты ғылыми-зерттеу жұмыс­тарының құлашы кең. Солардың бірімен таныстырсаңыз. – Иә, бәрін тізбелеп жатудың қажеттігі бола қоймас. Мәселен, шахталардағы метан газын кәдеге жарату жайы бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келді. Көмір өндіру кезінде оның үлкен қаупі бар. Абай­сыздағы от ұшқыны өртке, ол өршісе жарылысқа апарып соқтыруы мүмкін. Оны пайдаға асыру осындай қатердің алдын алуға, еңбек қауіп­сіздігін қам­тамасыз етеді. Мұны бір десеңіз, екіншіден, арзан энергиялық ресурсты құруға мүмкіндік береді. Яғни метан­ды «көгілдір отын» орнына қолдануға болады. Көмір өндірісінің майтал­маны, КСРО мемлекеттік сыйлығы­ның иегері Николай Дриждің бастама­шылығымен сол бағыттағы зерттеу жұмыс­тары аяқталып қалды. Университет облыстық әкімдіктің қолдауы арқылы австралиялық «Dart energy» компаниямен бірлесіп «Метан» жоба­сын іске асыруды қолға алды. Немесе өнеркәсіп қалдықтарынан беріктігі мықты әрі қолдану мерзімі ұзақ бетон жасау да игерілгелі тұр. Ал «Гидро­динамикалық жылытқыштар» иннова­циялық жобасы Астанада сынақтан жақсы өтті. Орталық жылу жүйесінен аулақтау нысандар үшін автономды жылу қуаты көзі болып табылатын мұндай құрылғылар былтыр «Алтын сапа» сыйлығымен аталып өтіп, Үкімет үйін жылытуға қойылды. Өндіріс пен ғылым байланысын тығыз сабақтастырған, бір-біріне ықпалы зор мұндай ізденістер оқу орнымыздың маңызды бір бағыты. Университет әлемнің танымал білім ордалары қатарында. Биылғы ға­ламдық испан вебметрикалық рей­тин­гінің мәліметтері бойынша басқа­лардан оқ бойы озық көрінсе, ал Top 12000 world Ranking рейтингісінде 4098 орынды иеленді. Бұл қазақ­стан­дық жоо-лар арасында үздік көрсет­кіш. Рейтинг демекші, оқытушылар­дың білім беру сапасы сол арқылы баға­ланады, соған сәйкес еңбекақы­сына 20-дан 70 пайызға дейін үстеме төлем тағайындалады. Елдегі иннова­циялық бағытталған оқу орындары­ның ал­ғашқы ондығына кірді. Білім беру сапасын өскелең өмір талабына сай жоғары деңгейге көтере түсуде алда ауқымды міндеттер бар. Экономи­ка­ның қарышты қарқынмен дамуы, мем­лекеттің бәсекеге қабі­леттілігі, жа­ңа­руға ұмтылыс болашақ инженерлер кадры­ның білікті болуын қалайды. Сон­дықтан ертең іс тетігін ұстайтын азаматтардың мамандық­тары қыр-сырларына жетік даяр­лануы жолын­да­ғы жаңашыл істерді ширата бермекпіз. Әңгімелескен Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.