Өркениеттің бүкіл даму тізбегіне зер салсаңыз, онда көретініңіз дамудың тек қана білім мен ғылым болған жерде ақиқатқа айналғандығы. Александр Македонский тұсында тізімін Аристотельдің өзі жасады делінетін әлемнің жеті ғаламаты Шығыс Азия елдерінде орналасқан екен. Қазіргі Түркия жеріндегі Эфес қаласында сол жеті ғаламаттың бірі Артемида храмы болған. Қазіргі Иран, Ирак жерінде орналасқан патшалықта «Аспалы бақ» (Семирамида бағы) бой түзепті. Ол тізімге ілінбей қалған Үндістан мен Қытай жеріндегі жерасты храмдары қаншама. Қысқасы, саналы адамзат ғылым дамыған жерде бәрі құлпыратынын біліп алды.
Егер біз білетін бертіндегі тарихқа көз жүгіртсек, онда көретініміз – Екінші дүниежүзілік соғыстан күл-талқан болған Еуропа елдері мен Жапонияның қысқа мерзім ішінде гүлденуі. Бұл дамуда да, сөз жоқ, ғылыми жаңалықтардың ізі жатыр. Кезінде КСРО өзін қоршаған бүкіл капиталистік әлемге жалғыз қарсы тұрды. Оған капиталистік дүниенің барлық күші бата алмады. Себебі, Одақта әскери әлеуетті нығайтуға ерекше көңіл бөлініп, барлық ғылым мүмкіндігі сол мақсатқа пайдаланылды. Егер сол күшті Одақ неге құлады деген сұраққа жауап беретін болсақ, ол да дайын секілді. Әскери стратегиялық мақсатқа қызмет ететін ғылымды дамуға күш салынды да, халық шаруашылығына қызмет ететін ғылым назардан тыс қалды. Мәселен, Жапонияның жеңіл автокөлігіне, электронды тұрмыстық тауарларына қызығушылар олардың арзандығы мен үнемділігін тілге тиек етеді. Сонда мынадай сұрақ туады: ғарышқа бірінші жасанды жер серігін, адамды ұшыра алған Кеңес одағының ғылымы жапон автокөліктеріндегідей жанармай үнемдейтін инжектор секілді құрылғыны ойлап табуға қабілеттері жетпеді ме? Біздіңше ғылымның әлсіз, ғалымның талантсыз болуы мүмкін емес. Кеңестік ғылым мектебі ешқашан қатарынан кем қалған жоқ. Тек халық шаруашылығы тауарларын сапа жағынан көтеруші ғылым қаржыландырылуы кейін қалып жатты. Демек, экономиканың негізгі тірегі әлсіз болды. Сондықтан кез келген мемлекетте басшылар ғылымға көңіл бөлсе, сол мемлекет дамиды деген қорытынды жасай аламыз.
Өзінің соңғы қызметіне сатылап өсіп, ақыры егемендігін жариялаған Қазақстан Республикасын құрушы Тұңғыш Президентіміз ұлттық білім, ғылымға мемлекет тәуелсіздігін жариялағаннан бері ерекше көңіл бөліп, қамқорлық көрсетіп келе жатыр десек артық айтқандық емес. Баршаға белгілі егемендіктің алғашқы жылдары бүкіл еліміз үшін аса қиын кезең болды. Бұл оның көрегендігі мен білімділігінің нақты мысалы. Ал экономикадағы бұл қиындықтар табиғи заңдылық еді. Олай дейтініміз КСРО державасының бір бөлшегі Қазақстан экономикасы жалпыодақтық экономикамен ажырағысыз деңгейде шиеленісті байланыстырылған болатын. Айталық, Алматыдағы бір алып зауытта бар болғаны подщипник шығарылды. Одақ кезінде осы өнімдер барлық дерлік одақтық зауыттарға таратылды десе де болғандай. Одақ ыдырап, сол өнімді алдыратын зауыттар жұмысын тоқтатқан шақта біздің Алматыдағы зауыт та тоқтауға мәжбүр болды. Сондай-ақ КСРО әскери әлеуетіне қызмет еткен жиырмадан астам кәсіпорын көп ұзамай-ақ өмір сүруін аяқтады. Ал бұлардың әрқайсысында бес мыңнан он мыңға дейін адам жұмыс істегенін ескерсек, жағдайдың қалай орайласқанын түсіну қиын емес.
Жағдай біз жоғарыда суреттегендей болып тұрған кезеңде бар жауапкершілікті өз мойнына алған Тұңғыш Президентіміз халықты сабырлылыққа шақыруды күнделікті қызметінің маңызды буынына айналдырды. Сол кездері Нұрсұлтан Әбішұлы қиналған халық арасында жиі болғанын күнделікті ақпарат құралдарынан оқып, теледидар хабарларынан көріп жүрдік. Елбасымыздың қиналған халыққа былай дегені әлі естен кетпейді: «Біздер не көрмедік, нені жеңбедік. Аштықты да, Ұлы Отан соғысын да бастан өткердік, жеңіскер болып шықтық. Бұл төзімділік пен игі мақсатқа жұмылудың айқын көрінісі еді. Сондай небір зұлматты бастан кешкен халық едік қой, тағы да төзейік, шыдайық, бірлік пен ынтымағымызды сақтайық. Ал мен сендерге көп ұзамай-ақ бұл қиындықтың артта қалып, тәуелсіз Қазақстанымыз қайтадан даму жолына түсетініне уәде беремін». Аса қиыншылықта өмір сүріп жатқан халық алдына еш жасқанбай шығып, осындай уәде беру тек қана өз білімі мен қабілетіне сенген, жауапкершілікті толық сезініп, өз мойнына алған көшбасшылардың ғана қолынан келетін іс екені айқын. Ақыры, дәлірек айтсақ, 1996 жылы экономикалық рецессия мен гиперинфляция шегінді. 1997 жыл тәуелсіз ел экономикасының ілгерілеуімен қорытындыланды.
Сол кездегі жағдайдың тағы бір ақиқаты естен кетпейді. Нұрсұлтан Әбішұлы мұғалімдерге жалақыларын, студенттерге шәкіртақылары берілмей жатқан күннің өзінде де солардың бәріне тәуелсіз Қазақстан үшін ең басты қажеттілік білім мен ғылым екенін ұдайы атап көрсетіп, мектептерде оқушылардың сабаққа қатысуын, студенттердің лекциялар мен ғылыми ізденістерден қалмауын қадағалауды оқу орындары басшыларына ерекше міндет етіп жүктеді. Өз кезегінде жаңа мемлекетті құрушы мектептер мен жоғары оқу орындарын компьютерлендіру ісін ТМД көлемінде бірінші болып қолға алды. Ел бюджетіне түскен азғантай ақшадан осы мақсатқа арнайы қаржы бөлуді де ешқашан ұмытқан жоқ. Нәтижесінде посткеңестік кеңістікте орта мектептері толық компьютерлендірілген Қазақстан Республикасы өмірге келді.
Назар аударатын бір тұс, посткеңестік кеңістікте аса қиын кезеңнің өзінде ғылым туралы заң қабылдаған біздің Қазақстан екен. Оған да ұйытқы болған, нұсқау берген Тұңғыш Президентіміз екенін білеміз. Сол заңды дайындаушылар кейіннен былай деп еске алды: «Заңды дайындау мақсатында құрылған жұмыс тобына Президент арнайы тапсырма берді. Онда ең алдымен отандық білім, ғылым саласын қаржыландырудың қанағаттанарлық жүйесін іске қосатындай тетік болуы керек дегенді айтты. Білім – ғылым – өндіріс тізбегін жасау қажеттігіне ерекше көңіл бөлді. Ал заңды жаңартудағы басты мақсат тәуелсіз Қазақстанның осы саласын халықаралық қалыпқа көшіру екенін ескертті. Ең бастысы, Нұрсұлтан Әбішұлының елдің болашағына білім мен ғылым арқылы негіз қалау ұстанымын ел тәуелсіздігінің алғашқы қиын кезеңдерінде-ақ өз қызметінің өзегі етіп алғандығы. Сөйтіп, қожырай бастаған салаға қайтадан жан бітті. Десек те, заңда толып жатқан олқылықтар болды. Айталық, Елбасымыздың негізгі тапсырмасы халықаралық қалыпта жұмыс істейтін білім – ғылым – өндіріс тізбегін құру болса да, дәл осы іске кедергі келтіретін бюрократиялық буындар өмірге келді. Сөйтіп, көптеген ғалымдардың ашқан жаңалықтары тәуелсіз мемлекетіміздің игілігіне айналмай қалды. Бұдан шығатын қорытынды, биылға дейін қолданыста болған алғашқы заңымызда Президент берген негізгі тапсырманы: білім – ғылым – өндірісін тізбегін құрудың орнына бюрократтарға тақ бердік. Жағдайдың осылай болып тұрғанын Елбасы талай жиындарда айтып, Білім және ғылым министрлігін басқарған азаматтарға саланы «халықаралық қалыпқа көшіретін кез жеткенін» ескертіп жүрді.
2010 жылдан бастап Қазақстан дамудың индустриялық-инновациялық бағдарламасы бойынша жұмыс істеуді қолға алды. Бұл Елбасымыздың тікелей нұсқауымен жасалған ұлттың сапалық деңгейін көтеретін кешенді жұмыс. Осы уақытқа дейін аграрлы, шикізатты аймақ болып келген Қазақстан енді он жылдан кейін индустриясы дамыған елдердің қатарына қосылмақ. Біздің экономист-ғалымдар мұны ақшамен бағалаймыз. Егер осы тұрғыдан түсіндіретін болсақ, онда жұмысшы қызметкерлер арасында жоғары жалақылар саны артатын болады. Еңбек технологиясы түбегейлі өзгереді. Мәселен, қазірдің өзінде компьютермен басқарылатын өндіріс орындары өнім шығарып жатыр. Бұл зауыттардағы жұмысшыларды білікті инженерлер деуге де болатын шығар. Демек, осының өзі-ақ ұлттық сапаның уақыт озған сайын жақсара түсуіне қаланған бір негіз емес пе. Нұрсұлтан Әбішұлының осындай көреген экономикалық саясатын жүзеге асырушы ұлттық мамандар мен ғалымдар болуы тиіс.
Жоғарыда айтқанымдай, ел дамуында негізгі үш тіреу болады. Оның біріншісі – білім. Егер біздің осы бірінші тіреуге үңіле қарайтын болсақ, онда «ғылым туралы» жаңа заң оның халықаралық қалыпқа сай жұмыс істеуін қамтамасыз етіп тұрғандай. Біз мұғалімдердің жалақысы төмен болғандықтан ұстаз қадірі кетті деп келдік. Ал мына жаңа заңда мұғалімдердің орташа жалақысы экономика саласындағылардың орташа жалақысынан кем болмайтыны баянды етілген. Бір атап көрсетерлік тұс, жалақының жекелеген мұғалімдердің білім беру нәтижесіне тікелей байланысты болатындығы. Егер белгілі бір мұғалім шәкірттеріне сапалы білім беретін болса, оның жалақысы былайғыға қарағанда жоғары болмақ. Олай болса шетелдердегідей сала мамандарын қаржымен ынталандыру оң нәтиже береді деп ойлауға тиіспіз. Екіншіден, елімізде шетелдік қалыпта оқытатын талантты, дарынды балалар мектептері жұмыс істейтін болады.
Екінші тірек – ғылым. Бүкіл ғұмырымызды ғылым саласына арнағандықтан, оның қоғам және мемлекет үшін пайдасы қандай екенін қажет болса жыр ғып айтар едік. Бірақ оны, меніңше, жаппай сауатты қазақстандықтардың бәрі түсінеді деп ойлаймыз. Ендеше осы екінші тіректің жемісін көретін кезді жаңа заң жақындата түскендей. Бұрындары ғалымдарымыз ашқан жаңалықтарын «өткізе алмай» әуре-сарсаңға түсіп келсе, енді олар тек қана ғылыми ізденісті жалғастырушы тұлға қалпында қалады да, жаңалықты өндіріске енгізумен ғылыми кеңес айналысатын болады. Ал жаңалықтың өндіріске енуі жаңалық ашушы ғалымның материалдық жағдайын түзейтін бір көз болып шығады. Жаңа заңда ғалым үш көз арқылы қаржыландырылатыны нақтыланған. Оның біріншісі – негізгі жалақы. Ғалымда жалақы және жұмыс істейтін орын болады. Бұл мемлекеттің басты кепілдігі. Екінші жолда мемлекет ғалымдарға ғылыми ізденісті жүргізу үшін арнайы мақсатты грант бөледі. Бұл грантты жекелеген ғалым немесе ғылыми топ пайдалануы мүмкін. Үшінші көз – өндіріс. Жекелеген ғалым жалақысын ала жүріп, арнайы грантпен жүргізілген ғылыми ізденіс жұмыстарынан нақты нәтиже алса, ол жоғары ғылыми кеңесте мақұлданады да, өндіріске жолдама алады. Бұл жерде ғалым автор ретінде тағы қосымша қаржымен қамтамасыз етілетінін айту керек. Сонда осынау үш көз арқылы қаржыландырылған ғалым және ғылыми ізденіс нәтижелірек болады деп ойлауға бүгіннің өзінде мүмкіндік бар.
Назарбаев университеті үлгісінде жұмыс істейтін жоғары ғылыми кеңес жекелеген ғалымдар мен ғылыми институттардың ізденіс нәтижелерін тікелей өндіріске енгізуді қолға алатын бір тетік болмақшы. Мұндайда білім мен ғылымға үшінші тірек – өндіріс өзі келіп түйісті деуге болатын шығар. Ол үшеуі түйісетін жерде ел гүлденеді.
Қазіргі кезде көп жерлерде «шетелдік компанияларда шетелдік мамандарға отандық мамандардан артық ақша төленеді» деген сөз жиі айтылады. Былай қарағанда, шетелдік мамандардың біздің мамандардан біліктілігі артық емес секілді. Десек те, мен дәл осы шендестіруге келісе алмаймын. Өйткені, шетелдерде нақты бір саланың нағыз білгірі дайындалады. Ал бізде жалпылама оқытылады. Айталық, инженер мамандығының өзі шетелдерде мейлінше нақты тұстарға лайықты оқытылу басталғалы қашан. Ал біз кеңестік жүйедегі жалпыламадан осы уақытқа дейін құтыла алмай келдік. Енді оқу жаңа заң бойынша жүзеге аса бастаған кезде осындай өте нәзік салалар мамандары өз елімізде, өз азаматтарымыздан даярланып, бұл түптеп келгенде мол жалақылы қызметке шетелдіктердің шақыртылуын тоқтатады.
Екіншіден, жоғарыда айтып кеткеніміздей, интеллектуалды жұмыс орындары көптеп ашылып, олардың жұмысшыларының өзі интеллигенттердей еңбек жағдайында қызмет етеді. Бұл сондағы жұмысшылардың өмір сүру мерзімін ұзартып, жалпыұлттық ғұмыр артады. Үшіншіден, жалақы мөлшері өсетін болады. Төменгі жалақылы қызметтер азайып, елдегі орташа жалақы мөлшері артады. Бұл халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарады деген сөз. Төртіншіден, ұлттық сапа жоғары деңгейге көтеріледі. Бұл қоғамдық сананың өсуін қамтамасыз ететін жалғыз жол. Бұл сондай-ақ мемлекетте орташа таптың қалыптасуын қамтамасыз ететін де жол. Дамыған елдерде жұмыс істейтіндердің 70 пайыздан астамы инттелектуалды жұмыс орындарында екен. Сонда қалалардағы аула тазартушы, үй күтуші секілді мамандық иелерін ескермесек, аграрлық салада жүргендері шамамен 25 пайызды құрайды.
Келесі бір ұтатынымыз – жалпыұлттық тұрмыстың жақсаруы. Өйткені, Президент индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы мен «Ғылым туралы» заңды бір-біріне дәнекер болуы үшін ұштастыра қабылдаттырды. Оның басты себебі, отандық білім ғылымды, ғылым индустрияны дамытсын дегендік болса керек. Осы тұрғыдан алғанда 2010 жылдан бастап пайдалануға беріліп жатқан нысандар негізінен өңдеуші-ұқсатушы сала болып тұрғаны сөзіміздің нақты дәлелі. Ал өңдеуші-ұқсатушы салалардың өнімінде қосымша құн ең кемі шикізаттан екі есе жоғары. Бұдан шығатын қорытынды, еліміздің жылдық ішкі жалпы өнімі негізінен интенсивті өсіп, отандық еңбек өнімділігі артып, ақыр аяғында қазақстандықтардың орташа табысы айтарлықтай өседі. Президенттік бағдарлама бойынша 2020 жылы ішкі жалпы өнім 2010 жылғы дейінгіден шамамен 150 пайызға ортақ. Мұндай жағдайда біз отандастардың орташа жалақысы да 2010 жылғы деңгейден 150 пайызға өседі деп ойлауға қақылымыз. Бұл экономика ғылымының нақты тұжырымы.
Орайы келгенде айта кетейік, Қазақстан КСРО-дан күйреген экономиканы ғана мұраға алған жоқ, сонымен бірге, ең мықты ғылымды да мұра ете алды. Химия, физика, математика, биология, микробиология, медицина саласында небір талантты ғалымдарымыз болды және әлі де бар. Ең бастысы, солар негізін қалаған ғылыми мектеп күні бүгінге дейін жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Болат Жұбанов, Еділ Ерғожин секілді ғалымдар дүниежүзілік химияда теңдесі жоқ жаңалық ашқан тұлғалар. Әттең, сол жаңалықтар кезінде зауыттар басқа жерлерде орналасқандықтан Қазақстанға тимеді. Десек те, сол ғалымдардың мектебі Тәуелсіздіктің 20 жылы бойына үздіксіз жұмыс істеп, небір тамаша жаңалықтар ашып үлгерді. Меніңше, жаңа заң және сол заң бойынша жұмыс істейтін тетіктер отандық ғалымдардың жаңалықтарын өндіріске енгізіп-ақ Қазақстанды әлемдегі ең мықты мемлекеттермен иық теңестіретін жағдайға жеткізер күн алыс емес. Олай дейтін себебім, қазақстандық ғалымдарға бүгінде Америка, Франция, Жапония, Қытай секілді мемлекеттер «құда» түсіп, бірлескен жобалар бойынша жұмыс істеуді ұсынып жүр. Кейбір жобалар қазірдің өзінде жұмыс істей бастады.
Н.Назарбаев бағдарламаларына рет-ретімен көз салған ғалымдар Елбасымыз алға қойған «әлемдегі бәсекелестікке қабілетті елу елдің сапында болу» мақсатының оның бүкіл жиырмажылдық қызметіне өзек болып өрілгенін байқай алады. Әуелі КСРО-дан қалған экономикалық рецессия мен гиперинфляциядан шығуға бар күш жұмылдырылды. Содан соң шикізаттық негіздегі экономиканы даму арнасына сала отырып, одан келесі негізгі бағдарламаны жүзеге асыру үшін қажетті қор жиналды. Ақыр аяғында 2010 жылдан бастап индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қолға алынды. Міне, осы бар болғаны жиырма жыл ішінде ғылым туралы екі заң қабылдануы да Нұрсұлтан Әбішұлының түпкі мақсатына жетудегі кезекті баспалдағы екені даусыз.
Біз экономист ғалымдар үнемі есеппен сөйлегенді ұнатамыз, өйткені, күнде шығаратынымыз есеп. Менің кейбір есептеулерім бойынша, 2020 жылдың өзінде Қазақстанның жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі 20 мың долларға жетіп қалады екен. Мұның 70 пайыздайы тек қана инновациялық өндірістен алынады. Бұл көрсеткіш бізді Шығыс Еуропаның ең мықты мемлекеттерімен теңестіреді. Өз басым мұны Қазақстанның ғарыштық жылдамдықпен самғауы деп ойлаймын.
ХІХ ғасырда ұлтымыздың данышпаны Абай «ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың» деген екен. Мұны әдебиетші-тілші мамандар ең жақсы дегенде «Абай ұлтты білім алуға, ғылымды меңгеруге шақырған осындай өлең жазды» деп түсіндіреді. Ал біздер, экономист мамандар данышпанымыздың бұл сөзін «ең болмағанда ұстара шығаратын индустрия құр» дегені деп ойлаймыз. Иә, бізде күні бүгінге дейін ұстара шығаратын бір кәсіпорын жоқ екен. Меніңше, ондай кәсіпорынды ертең де салмауымыз мүмкін. Өйткені, ұстара шығаруға маманданған Швейцарияны қайталап қайтеміз. Сондықтан өзімізде химия өнеркәсібін дамыта отырып, әлемге шикізат емес, алуан түрлі химия өнімдерін сатайық та, олардан ұстара алайық. Сонда «асығымыз түгел» болмақ. Мінеки, біздің Елбасымыздың тікелей нұсқауымен жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы біле-білгенге осылай «сөйлеп тұр». Ал ғылым туралы жаңа заңымыз сол бағдарламаны жемістірек, ел дамуын ғұмырлырақ ететін бір тұс. Меніңше, ұлттың табиғи эволюциялық жолмен дамығандағы жететін жері қайсы, оны уақыт көрсетер деудің өзі бекершілік. Өйткені, біздің қазақ халқы аса зерек, аса талантты халық. Міне, сол зеректік пен таланттылық нақты өндіріс болып, өмірден көрініс тауып жатса, қазақтың «брендтері» әлем базарларын жаулап алатын күн алыс емес.
Сағындық САТЫБАЛДИН, экономика ғылымдарының докторы, академик, әл-Фараби атындағы ҚазМУ профессоры.