ЭКСПО-2017 • 20 Шілде, 2017

Ұлттық ұлан жауынгерлері «ЭКСПО-2017» көрмесін аралады

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінің жауынгерлері «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалады.

 Ұлттық ұлан жауынгерлері «ЭКСПО-2017» көрмесін аралады

Елорда тыныштығы мен «ЭКСПО-2017» көрмесі кезіндегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күшейту мақсатында Ұлттық ұланның өңірдегі бөліністерінен қосымша күш жұмылдырылған болатын. Атап айтсақ, 5510 (Көкшетау қ.), 5512 (Павлодар қ.), 5516 (Теміртау қ.) және 5451 (Қарағанды қ.) әскери бөлімдерінен мыңға жуық әскери қызметші күшейтілген қызметті атқару үшін 25-мамырда Астана қаласына арнайы келген еді.  Атылмыш топтар Ұлттық ұланның елорда іргесіндегі жедел мақсаттағы құрамасына шоғырланып, көрменің ашылу сәтінен бері қоғамдық тәртіп күзеті бойынша үздіксіз қызмет атқарып келеді.

5573 әскери бөлімінде таяуда ғана ант қабылдап, арнайы дайындықтан өткен жас шақырылым жауынгерлері алдағы аптадан бастап қала тыныштығын күзету қызметіне кіріседі. Осыған орай, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінің жауынгерлері Астанадағы қызметін аяқтап, 27-шілде күні Павлодар қаласына оралмақ.  Екі айға жуық «ЭКСПО-2017» қалашығында қауіпсіздікті қамтамасыз еткен шығыстық ұландар бүгін көрмемен танысуға мүмкіндік алды.

-Біз жарты жыл бұрын Ұлттық ұланның Павлодар қаласындағы әскери бөліміне Отан алдындағы борышымызды өтеуге келгенбіз. Еліміздегі үлкен шараны көзбен көреміз деген жоспар болмаған. Алайда, осындай жауапты міндетті атқарып, көрменің сәтті өтуіне аз болса да үлес қосқанымызды үлкен мақтаныш санаймыз. Көрменің қалашығы өте ұнады, әлемдік деңгейдегі  бұл шараны – кемел келешек үшін, ұрпақтың бақытты өмір сүруі үшін жасалған зор мүмкіндік деп есептеймін. Осындағы қызметті сапалы орындауға жағдай жасаған жедел құрама басшылығына да алғыс айтамыз, дейді қатардағы жауынгер Шериязданов Руслан әсерімен бөлісіп.

Жауынгерлер Ұлттық павильоннан бастап, көптеген елдердің жарқын болашақ жолындағы жоспарларымен, нақты қадамдарымен танысты. Жаңармалы энергияның баламалы көздерін пайдаланудың және «жасыл технологияларды», энергетикалық ресурстарды тиімді тұтынудың қыр-сырына қанықты. Еліміздің экономикалық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамуына үлес қосатын ірі нысандарды, ақпараттық-презентациялық алаңдарды тамашалады.