Үкімет • 20 Шілде, 2017

Сағынтаев Петропавлдағы инфрақұрылымды дамыту барысымен танысты

222 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Петропавлдағы тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени және спорт нысандарының, инфрақұрылым және инженерлік коммуникациялардың құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Сағынтаев Петропавлдағы инфрақұрылымды дамыту барысымен танысты

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов спорт сарайын аралау кезінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Спорт сарайына әкелетін Жамбыл көшесін қайта жөндеу жұмыстары туралы, МЖӘ тетіктерін қолдану арқылы Оқушылар сарайы мен Теннис орталығының құрылысын жүргізу барысы жайында баяндады.

Петропавлда 2017 жылы барлығы 1 000-нан астам пәтерді өткізу көзделіп отыр. Құрылыс салынатын негізгі орын ретінде «Жас Өркен» шағын ауданы таңдалды, ол жерде 500-ден астам нысан - ескі үйлер мен өзге де құрылыстар жойылады. Бұл жерде екі жылдың ішінде 2 500 пәтерлі 11 көп пәтерлі тұрғын үй, Оқушылар сарайы мен Теннис орталығы тұрғызылады.

Әуежай перронын кеңейту, жолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, көше шамдарының желісін реконструкциялау бойынша көлемді жұмыстар атқарылуы тиіс. Екі жылдың ішінде 28 көше мен 400 аула аумағы жөнделеді.

Бұдан өзге, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев облыс орталығындағы әлеуметтік-мәдени нысандар, мейманханалар мен сауда орталықтары бар ойын-сауық орталықтары мен мәдени сауықтыру кешендерінің құрылыс жобаларымен танысты.