Ұлттық спорт • 20 Шілде, 2017

Астанада Бәйге түрлерінен республикалық «ЭКСПО-2017» кубогы өтті

523 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін елордадағы «Қазанат» атшабарында Атырау облысының мәдени күндері аясында Бәйге түрлері бойынша республикалық жарыс өтті. Шараны Қазақстан республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Атырау облысының әкімдігі және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырды.

Астанада Бәйге түрлерінен республикалық «ЭКСПО-2017» кубогы өтті

Шабандоздар бес шақырымдық жорға жарысы, жеті шақырымдық құнан бәйге, және 21 шақырымдық аламан бәйге бойынша бәсекеге түсті. Республикалық жарысқа еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан спортшылар бақ сынады. Аламан, құнан бәйге және жорға жарысына 13 облыс пен Астана және Алматы қалаларынан әр қашықтыққа 3 аттан қатыстырылса, жарысты ұйымдастырушы облыс ретінде Атырау облысынан 5 ат сынға түсті. Жарыстың жүлде қоры – 51 млн 700 мың теңгені құрады. Мәреге бірінші және бесінші келген бес жүлдегерге бөліп берілді.

Ең алғаш жарыс жолына жеті шақырымдық Құнан бәйгеге қатысушы шабандоздар шықты. Бұл сында мәреге бірінші болып Жамбыл облысы, Қордай ауданының шабандозы ағылшын қарагері тұқымының атын мінген Ділмұхамед Жолаушы келді. Жанкүйерлердің қошеметін иеленген жеңімпаз шабандозға ұйымдастырушылар жеті миллион теңге табыстады. Жеңімпаздан сәл ғана кешігіп келген қарағандылық Айхан Төлегенов (4 миллион теңге) екінші орын, Алматы облысының шабандозы Асхат Әлімжан (2,5 миллион теңге) үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ, Жамбыл облысының шабандозы Азат Әбиір мәреге төртінші келсе (бір миллион теңге) және Алматы қаласының шабандозы Жұматай Ақжол (бес жүз мың теңге) үздік бестікті қорытындылады.

Құнан бәйгеден соң, шабандоздар бес шақырымдық Жорға жарысына қатысты. Бұл сында Құнан бәйгеде екінші орын иеленген Қарағанды облысының шабандозы Айхан Төлегенов бас жүлде мен жеңімпазға берілетін үш миллион теңгені қанжығасына байлады. Мәреге екінші болып ШҚО шабандозы Виталий Рерих (1,5 миллион теңге) келсе, үшінші Ақмола облысының шабандозы Дмитрий Волков (бір миллион теңге) келді. Төртінші және бесінші орынды Алматы қаласының шабандозы Жарылқасын Сабазбеков (жеті жүз мың теңге) пен астаналық Е.Чибисов (500 мың теңге) иеленді.

Ал жанкүйерлер тағатсыздана күткен 21 шақырымдық Аламан бәйге жарысына қатысушылар жарыс жолына соңғы болып шықты. Бұл бәйгеге жалпы саны 62 шабандоз қатысты. Соның 40-қа жуығы толық 21 шақырымды шауып өтті. Алматы облысының шабандозы Дияс Жұмаш 20 шақырым бойы үздік ондықтың қатарында жүріп, соңғы айналымда қарсыластарынан оқ бойы озып бәйге жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, 13 миллион теңге қаржылай марапатқа да ие болды. Мәреге Диястан кейін келген тағы бір Алматы облысының өкілі Ербол Замудинұлы (7 миллион теңге) екінші орынды қанағат тұтты. Үшінші орын павлодарлық Ибрагим Бөбекбайға (5 миллион теңге) бұйырды. Ал төртінші және бесінші орынды Алматы облысының шабандозы Бөбекбай Дінмұхамед (3 миллион теңге) пен қостанайлық Кирилл Застежко (2 миллион теңге) місе тұтты.

Бәйге соңында жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен Атырау қаласының әкімі Нұрлан Ноғаев марапаттады.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»