Басқосуда медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей және Еуропа елдерінің еңбек сіңірген өнертапқышы, АҚШ, Ресей және Қытай елдерінде алпысқа жуық патенттің авторы атанған Ашот Хачатрянның баяндамасы тыңдалды. Ол 1993 жылы Новосібірде сутекті медицинаға арналған клиникасын ашқан. Ғалымның пайымдауынша, патенттелген сутекті технологиялардың көмегімен жиі кездесетін және созылмалы ауруға шалдыққан адамдарды құлан-таза емдеп шығуға болады. Осы уақытқа дейін профессордың клиникасында еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін 40 мыңнан астам адам емделіп шыққан. Дәрігердің емдеу әдісі апробациядан өтіп, қазіргі уақытта АҚШ, Сингапур және Қытайда қолданылып жүр. Ал Новосібірдегі клиниканың қазақстандық филиалы Астанада орналасқан.
«Сутекті медицина Паркинсон ауруы, аутизм, тері обыры, сүт безі обыры, меланома, экзема (қышыма), буынның қабынуы, бронх демікпесі, жоғары қан қысымы және мүгедектікке алып келетін өзге де аса қауіпті дертті емдеуге көмектеседі. Сондай-ақ, сутекті энергияны сұлулық саласында да қолдануға болады», дейді ғалым. Ашот Хачатрян енді үйге арналған сутекті генераторлардың нарықта кеңеюін көздеп отыр.
Конференция барысында жиналған қауымға танымдық фильмдер көрсетіліп, сутекті энергияның мүмкіндіктері түсіндірілді. Конференцияға қатысушылардың назарына ұсынылған ең қарапайым әдіс – судың ішіне сутекті дәріні салып ішсек, оның едәуір таза су екендігіне көзіміз жетеді. Мұның барлығы сутегінің қоршаған ортаны ластамайтындығымен байланысты.