21 Шілде, 2017

Жасанды интеллект

1693 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жасанды интеллектіні қол­дай­тын­дар да, қолдамайтындар да көп. Соң­­ғы кездері осы тақырыпқа бай­ла­­нысты кітаптар мен түрлі ма­те­риалдарды оқи жүріп, жасанды ин­теллектіні қолдамайтындар қа­та­рын тағы бір адамға көбейткен си­яқ­тымын.

Жасанды интеллект

Кезінде Айзек Азимовтің роботтарға ар­налған  үш заңынан басталған бұл қа­ра­ма-қайшылық қазірге дейін өзінің ше­шімін таппай келе жатыр. А.Азимовтің робот­тарға арналған үш заңын еске тү­сі­рей­ік:
1. Робот адамға зиян келтіре алмайды не­месе өзінің әрекетсіздігімен адамға зиян кел­тіруге жол бере алмайды.  
2. Бірінші заңға қайшы келетін бұй­рық­тар болмаған жағдайда ғана, робот адам берген барлық бұйрыққа бағынуы тиіс.
3. Бірінші және екінші заңға қайшы кел­мейтін аяда робот өзінің қауіпсіздігін қам­тамасыз етуі керек.
Робот адамның көмекшісі, оның еңбе­гін жеңілдететін және адам еңбегін алмас­ты­ратын құрал ретінде қарастырылып, өн­дірісте, ауыл шаруашылығында, қызмет көр­сету саласында көптеп қолданылып жатыр. Оған қоса ғалымдар мен зерттеушілер, өнертапқыштар шахмат ойнайтын, кубик-рубик жинастыратын, музыкалық аспаптар­да ойнайтын, үй қызметіне кө­мек­те­се­тін, тіпті мақала мен көркем шы­ғар­­ма жазатын роботтар жасап, уақыт өт­кен сай­ын оларды жетілдіріп жатқанын естіп, кө­ріп жүрсіздер. 
Қазіргі кезде зерттеушілер мен өнер­тап­қыштардың алдында тұрған бірден-бір мақ­сат – адам интеллектісі деңгейіндегі жа­санды интеллектіні ойлап табу.
Жасанды интеллект (Artificial intelligence) «ақылды» технологиялар за­ма­нын тудырды және ол тоқтаусыз әрі қарай дамып барады. Қазірдің өзін­де жа­санды интеллект қолданатын бағ­дар­­ламалар неше түрлі нәрсені жасайды: дау­ыс­ты тану арқылы сөздің аударма­сын, ма­ғы­насын тауып береді,  сурет са­лады, хат алмасу барысында сізге кө­мек­ші бола­ды, адамды суреті арқылы анық­тай­ды, оған қоса медициналық  жасанды интел­лек­тілер де бар. 
Оксфорд университеті философия факультетінің профессоры және Адам­зат­тың болашағы институтының директо­ры Ник Бостромның «Жасанды интеллект» (Superintelligence: Paths, Dangers, Strategies, 2014) кітабында түрлі саланың са­рап­шыларына мына сұраққа жауап бе­рулерін сұрайды: «Адам деңгейіндегі жасанды интеллект қашан пайда болады? Бұл жерде «деңгей» дегеніміз – орташа статистикалық адамның мамандықтардың басым бөлігін меңгере алу қабілеті». Осы сұраққа жауап іздей отырып автор өз қорытындысын жасайды және ол адамдарды қуанта қоятынына сенімсізбін. Ник Бостромның ойынша, жасанды интеллект біз ойлағаннан да тезірек пайда болады және оның бейтарап әсерінен гөрі, жағымсыз әсері басым болуы мүмкін. Са­рап­­шылардың пікірін келтіре отырып бұл ме­жені 2040-2050 жылдары болады деп болжайды. Бірақ осы зерттеу барысында жасанды интеллектіден қорқу немесе жамандық күтудің қажеті жоқ дегендер де бар болғанын атап өткіміз келеді. 
Ник Бостромның пікірінше жасанды интеллектінің басында  баланың миы си­яқ­ты болады, бала сияқты ол да үйрене ала­ды. Тоқ­таусыз өзін-өзі жетілдірудің ар­қасында жа­санды интеллект «супер­интеллектіге» (superintelligence) айналады. Cондықтан өз қателіктерінің негізінде үйреніп, жетілетін интеллект жасау маңызды. Жасанды ин­тел­лектіні қарны ашу, ыстығы көтерілу, жа­рақат алу, өміріне қауіп төну немесе балалы болғысы келу  т.с. сияқты нәрселер қызықтырмайтыны  айдан анық. Айта кетейік, америкалық ғалым Джон Серль робот машиналарда сана-сезім пайда болуы мүмкін емес деп есептейді, өйткені сана-сезім пайда болуы үшін адамның миында болып жатқан процестерге ұқсас фи­зикалық, химиялық процестер қажет. Де­генмен, Бостром уақыт өте келе суперинтеллект тек құрал болудан қалады, өзінің қажеттеліктері бар тіршілік иесіне айналады деп жорамалдайды және адамзатты сақтау оның бірден-бір мақсаты болмауы да мүмкін екенін атап өтеді.
Кітаптың алдыңғы беттерінде торғай ту­ралы аңыз келтіріледі: қысқаша бая­н­дасақ, баяғыда торғайлар өз жауларынан қорғану үшін көмектесетін жапалақ бол­са қандай жақсы болатынын айтып шы­қылықтайды. Оны торғайлардың ең үлкені Пастус қолдап, жапалақтың жұ­мыртқасын не ұядан құлап қалған ба­лапанын алып келуге  жан-жаққа ша­бармандар жібергісі келеді. Сонда олар­дың ішіндегі Скронфинкл атты тор­ғай бұл әркетке күмәнмен қарап, ең ал­ды­мен жапалақтарды қолға үйрету жол­да­рын байыппен зерттеуіміз керек дей­ді.  Бірақ Пастус: «жапалақтарды қол­ға үйрету оңай шаруа емес, ал оның жұ­мыр­­тқасын табу одан да қиын, сон­дық­тан алдымен жұмыртқаны тауып, басып шығайық, содан кейін тәрбиелеу мә­селесін қарастырармыз», дейді. Сөйтіп тор­­ғайлардың көп бөлігі жолға шығады, олар­­ға ермей сол жерде қалғандары да бо­ла­­ды. Қалғандары жапалақты қалай қолға үй­­ретуге болатынын зерттеумен айналысады, ол оңай болмайды, дегенмен жұмысты жал­ғастыра береді, өйткені жолға шыққан торғайлар олар шешімін таппай тұрып жұмыртқаны алып келе ме деп қауіптенеді. Автор бұл оқиға немен аяқталғанын біл­мейді, бірақ бұл кітабын Скронфинкл мен оның ізбасарларына арнайды. 
Адамның қолымен жасалған нәрсе, адам­затты жоюға алып келеді деуге сенгің келмейді, бірақ адам өзі жасаған машиналарды бақылау, тексеру мәселелерімен жан-жақты айналыспаса, оқиғаның қалай өрбіп кететінін айту қиын болатыны сөзсіз. 

Бақытгүл Салыхова,
педагогика ғылымдарының кандидаты