– Экспедиция мақсаты – Кейкі батыр туралы ел аузында қалған, әлі де белгісіз, біз білмейміз-ау деген әңгімелерді, ақпараттарды жинау болған еді. Батырдың бас сүйегі елге алдырылып, оның бет әлпеті қалпына келтіріліп, күзде жер қойнына тапсырылайын деп жатқанда, батырдың туған жерінде қол қусырып отырғанымыз жараспас деген пәтуамен жолға шыққан едік, олжасыз емеспіз,–дейді экспедиция жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Алмас Әбсадықов.
Ел тәуелсіздігі үшін күрескен ірі тұлға, халық батыры Кейкі Көкембайұлы туралы ел арасында айтылатын әңгімелер әлі де бар екеніне экспедиция мүшелерінің көзі жетті. Экспедиция мүшелері мінген жүрдек темір тұлпарлар алдымен Амангелді ауданынан өтетін Арқалық-Торғай тас жолының бойындағы Тасты ауылының тұсынан салынып жатқан Кейкі батыр кесенесінің құрылысына тоқтады.
– 16 бағаналы, күмбезді, биіктігі 15 метрге жуық болатын кесененің қабырғасы биіктеп келеді екен. «Аллюминстрой» компаниясының мамандары мен құрылысшылары және аудан әкімі Нұржан Өтегенов кесененің құрылысын 15 тамызда аяқтауды ұйғарыпты. Одан кейін айналасын абаттандыру, 17 қыркүйекте өтетін сүйекті жерлеу рәсіміне дайындық жұмыстары жүретін көрінеді. Кейкі батырға сағынышы мейіздей қатқан халықтың өзі Тастының тасынан қалаған белгі-кесене де 200 метрдей ғана жерде тұр. Осы қос кесененің айналасында батыр жерлестерінің, ағайындарының бейіті жатыр. Бұл әрі-бері өткен жолаушыға елін, жерін сүюді Кейкі атамыз еске салып тұратындай қасиетті орынға айналары сөзсіз,–дейді Алмас Ахметұлы.
Экспедиция мүшелері Амангелді, Жангелдин аудандарының орталықтарында жұртшылық өкілдерімен кездесулер өткізді. Жергілікті өлкетанушылармен, құймақұлақ ақсақалдармен әңгімелесті. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне бір ғасырдан асты. Ұрпақ алмасып жатыр. Дегенмен, елі үшін қанын да, жанын да аямаған ерлердің бейнесін халқы жоғалтпайды, есімі ұмытылмайды. Кейкі батырдың өмірі мен өлімі туралы әңгімелер ел арасында әлі де сағынышпен айтылатыны экспедиция мүшелеріне осыны аңғартты.
– Кейкі туралы әңгіме көп, оның ақиқаты да бар болар, аңызы да басым. Бұл халықтың батырға деген сағынышы, арманы. «Кейкі батыр тірі кеткен, өлтірілген оның інісі болатын» деп, әлі күнге дейін айтылатын әңгімелер соның айғағы,–дейді Алмас Ахметұлы. –Кейкі батыр өмірі мен күресінің, өлімі мен тағдырының ақиқаты ғылыми-зерттеу жұмыстарының еншісінде болады деп сенеміз.
Экспедиция мүшелеріне жергілікті тұрғындар, өлкетанушылар Кейкі туралы білгендерін, естігендерін айтып берді. Кейкі батырдың басы шабылып, сүйегі қалды деген Жалаулы өзенінің Жыланшық өзеніне құяр тұсына да жол түсті. Одан кейін экспедиция Торғай кентіне барды, тұрғындармен кездесулер өтті. Сондағы музейлер кешенін аралады. Барлығы 1500 шақырым жер жүріп, Қостанайға оралды.
–Торғай – халқымыз тарихының анасындай жер. Әрісін айтпағанда, мұнда ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың 30-шы жылдарына дейін қазақтың пассионар тұлғалары тұрды. Халқымыздың бетке ұстар тұңғыштарын берген де Торғайдың құнарлы топырағы. Торғай жері рухымызды көтереді. Экспедиция ғылыми-ағартушылық міндетті алған соң, біз де Кейкі батыр, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, оның батырлары, ел тәуелсіздігіндегі алар орны туралы айтып отырдық,– дейді экспедиция жетекшісі Алмас Әбсадықов. Экспедиция эмблемасы да «халқымызға туған жер берген тұлғалар ерлігімен, руханиятымен кейінгі ұрпақты рухтандырады, еліміздің бірлігіне қызмет етеді» деген ойды айтып тұрды. Эмблемада Кейкіге меңзелген адам басының орнына шаңырақ бейнеленді. Сонымен қатар, киікті көруге болады. Киік – ұлттық мақтанышымыз, ал оны қорғау қазақтың ғана емес, адамзаттың парызы.
Экспедиция жұмысының қорытындысы бойынша деректі фильм түсіріліп, фотоальбом жасалады. Күзде Кейкі батыр сүйегін жерлеу рәсімі аясында өтетін ғылыми-практикалық конференцияда оның тұсаукесері көпшілік назарына ұсынылмақ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ