Қазақстан • 21 Шілде, 2017

Медициналық сақтандыру туралы ашық теледебат өтеді

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін, яғни 21 шілде күні 19:30-да «Хабар» арнасында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен «Талап» орталығының басшысы, бұрынғы Инвестициялар және даму вице-министрі Рахым Ошақбаев арасында Қазақстандағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі тақырыбында теледебат өтеді.

Медициналық сақтандыру туралы ашық теледебат өтеді

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ісі бойынша жұрт екіұдай пікірде қалғаны жасырын емес. Денсаулық сақтау министрлігі бұл бастаманың қажеттілігін, әлемдік тәжірибеде бар екенін, денсаулық саласының дамуына септігі тиетінін хабарлап келеді. Дегенмен, көпшілік арасында осыған қатысты теріс пікірлер де жоқ емес. Солардың бірі қоғам белсендісі, экономист Рахым Ошақбаев бір айға жуық уақыт бұрын Facebook әлеуметтік желісі арқылы медициналық сақтандырудың жүйесі туралы сыни пікірін білдірген болатын.

Арада белгілі бір уақыт өткеннен кейін Денсаулық сақтау министрі оны ашық дебатқа шақырып, сол жерде бәрін талқылауды ұсынды. Өз кезегінде Рахым Ошақбаев Елжан Біртановтың ұсынысын бірден қабыл алды.

Медициналық сақтандыру мәселесін халыққа жеткізу барысында бұл шараның маңызы зор. Не үшін маңызды? Себебі, көп жағдайда билік тарапынан қабылданып жатқан бастамалар халыққа толық әрі нақты жеткізілмегендіктен керағар пікір туындап жатады. Салдарынан жауапты мекемелер өз ісін толық орындамай отырғаны туралы теріс ой қалыптасып қалатыны жасырын емес. Ал осы дебат арқылы медициналық сақтандырудың қыр-сырын Денсаулық сақтау министрінің өзі толығымен түсіндіреді. Яғни, Үкімет пен халық ашық дискуссияға келіп, өзекті мәселелерді талқыға салады.

«Бұл дебатты көп адамның көргенін қалар едім. Себебі, осы эфир арқылы көпшілік көкейінде жүрген сұрақтарға жауап табылады деп ойлаймын. Сондай-ақ, біздің ұстанатын позициямыз, яғни медициналық сақтандыруды не себепті енгізу керек екенін, кейінге қалдыруға болмайтынын көпшілік білер еді. Тағы бір айта кетерлік жайт, көрермендер арасында эфирді үзіп көрсетті деген ой қалмас үшін тікелей эфирде көрсетуді жөн көрдік», деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Шынын айтқанда, Үкімет пен халықтың ашық дискуссияға келуі жақсы белгі. Бұл батыс қоғамында қалыптасып қалған жағдай.

Дайындаған: Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»