Спорт • 21 Шілде, 2017

Қазақстан Сурдолимпиада ойындарында тұңғыш медальға қол жеткізді

295 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркияның Самсун қаласында есту қабілеті төмен спортшылар арасында өтіп жатқан ХХІІІ Сурдолимпиада ойындарында қазақстандық дзюдошы Шаяхмет Қанапиянов күміс медальге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Қазақстан Сурдолимпиада ойындарында тұңғыш медальға қол жеткізді

Шаяхмет Қанапиянов 66 келі салмақта өнер көрсетіп, ақтық сайыста ресейлік балуан Руслан Аскеровтан жеңілді. Финалға шықпас бұрын жерлесіміз түрік, иран және украин дзюдошыларын тізе бүктірген. Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері Сурдолимпиада ойындарында жүлде алып көрмегенін ескерсек, Шаяхметтің жетістігін тарихта қалатын жеңіс деп айтуға болады.

Еске сала кетейік, 28 шілдеде Түркияның Самсун қаласында ХХІІІ Сурдолимпиада ойындары басталған болатын. Төрт жылда бір өтетін әлемдік жарысқа 100 мемлекеттің 3 мыңнан астам спортшылары қатысуда. Аталған жарыста ел намысын 9 спорт түрінен 50-ге жуық спортшы қорғауда. Атап айтқанда, қазақстандық спортшылар грек-рим күресі, жеңіл атлетика, жүзу, таеквондо, каратэ, үстел теннисі, дзюдо және спорттық бағдарлау түрлерінен бақ сынауда. Сурдолимпиада ойындары 30 шілдеде аяқталады.