08 Қазан, 2011

Партиялық бақылау пәрмені

331 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Нұр Отан» ХДП облыстық фи­лиалы  өңірдің экономикалық-әлеу­мет­тік дамуына ықпал ететін маңызды нысандардағы жұмыстардың мерзімінде сапалы атқарылуын қада­ға­лауды жолға қойды. Сондықтан да ірі инновациялық жобалардың жүзеге асырылуы, тың бастамалардың өмірге енгізілуі партия назарынан тыс қалған емес. Бұл экономикалық ілгерілеуге із ашып қана қоймай, ұқыптылық пен үнемшілдіктің, тәртіп пен реттіліктің қалыптасуына, жұмыс қарқынын арт­тыруға ықпал етуде. Қазірдің өзінде көптеген құрылыс нысандарында, халыққа қызмет көрсету орын­да­рын­да,  денсаулық сақтау мекемелерінде партиялық бақылау бекеттері жұмыс істейді. Қаланың Лачугина көшесі, 5 және Әбілқайыр хан даңғылы, 6 тұрғын үйлеріндегі терможаңғырту жұмыс­тары­ның қаншалықты сапалы атқа­рылып жатқанын көзбен көруге келген «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы партиялық бақылау комиссияның төр­ағасы Ғалымжан Нұрышев бастаған  бекет мүшелері  тиянақты жұмыс нәтижесіне тәнті болды. Екі тұрғын үйдің күрделі жаңғырту жұмыстарын тиісінше «Интерьстиль» ЖШС мен  «Контакт» құрылыс компаниясы жүр­гізуде екен. Екі құрылыс мекемесінде де партиялық бақылау бекеттері құ­рылған. Әбілқайыр хан даңғылы, 6 үйдің тұрғыны Василий Гурьевпен тілдескенімізде мемлекеттік бағдар­ламаға ризашылығын білдірді. – Салынғанына 40 жылдан асқан бұл үйді өз күшімізбен ешқашан да күрделі жөндей алмас едік.Үйіміздің подъездері мен жертөлесі жөнделді, электр қондырғылары, құбырлар жаңартылды. Расында да қуаны­шы­мызда шек жоқ, – дейді ол. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын модернизациялау және да­мытудың қазақстандық орталығы» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Меңдібай Мақтаевтың айтуынша,  об­лыс орталығында сегіз үйге осындай жаңғырту жүргізілуде. Оның алтауына автоматты жылу реттегіш қондырғы орнатылған. Осы тұрғын үйлердегі жаңғырту жұмыстарына 276 131 030 теңге қаралған, соның 120 миллион теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген. Ал, бағдарламаның екінші тетігі бойынша 45 көп қабатты тұрғын үйге пәтер иелерінің қалауы бойынша таңдалған күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бұл жұмыстарды атқару үшін «Табыс Ақтөбе» ЖШС-іне  343 750 000 теңге бөлінген. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.