Аймақтар • 22 Шілде, 2017

Шығыста мектеп оқушыларына Таласбек Әсемқұлов атындағы стипендия тағайындалды

471 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақтың көрнекті жазушысы, киносценарист, күйші, әдебиет және музыка сыншысы, аудармашы Таласбек Әсемқұловтың Аягөз ауданының Айғыз ауылындағы орта мектепте білім алғаны белгілі.

Шығыста мектеп оқушыларына Таласбек Әсемқұлов атындағы стипендия тағайындалды

Жақында осы білім ордасындағы музейде қаламгердің құрметіне арнайы бұрыш ашылып, мектепті 1997 жылы бітірген түлектер ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның 5 томдық шығармалар жинағын, өз орындауындағы 73 күйі енген «Талтүс» СД-альбомын, өзі сценарийін жазған «Біржан сал», «Құнанбай» фильмдерінің дискісін салтанатты түрде табыс етті. Тағылымды шара аясындағы жұрт көңілін серпілткен бір жаңалық, 1980 жылы туған түлектердің Таласбек Әсемқұлов атындағы стипендия тағайындауы.

«Бұл стипендия жаңа оқу жылынан бастап мектептің үздік оқушысына ай сайын беріліп отыратын болады. Айғыздағы мектепті осыдан 20 жыл бұрын тәмамдаған түлектер ақылдаса келе осындай шешім қабылдадық. Жазушыға деген құрмет ең әуелі өсіп-өнген мекенінен басталуы тиіс деп ұйғардық», дейді білім ордасын 1997 жылы бітірген түлектердің бірі Бауыржан Сабырбеков.

Сонымен қатар, 20 жылдық кездесу аясында жазушының рухына дұға бағышталып, Құран Хатым түсіріліп, тай, құнан, ат бәйгесі ұйымдастырылды. Түлектер ауылда салынып жатқан мешіт құрылысына көмек ретінде 100 мың теңге қаражатты табыс етті.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»