Қазақстан • 23 Шілде, 2017

Астана әкімі «Сарыарқа» ауданының аумағында бірқатар жобалардың іске асырылуын тексерді

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қалалық басқарма және коммуналды мекемелерінің басшылары мен олардың орынбасарларымен бірлесе отырып, аталмыш аудан тұрғындарының мәселелерін кешенді қарастыру мақсатында "Сарыарқа" ауданына барды. Бұл туралы astana.gov.kz хабарлады.

Астана әкімі «Сарыарқа» ауданының аумағында бірқатар жобалардың іске асырылуын тексерді

Қала билігі жолдардың сапасын, әлеуметтік нысандар мен мектептердің, ауруханалар мен аулалардың жағдайын тексерді.

Жалпы алғанда қала басшысы ауданның 15 нысанына тексеру жүргізді. Атап өткен жөн, ағымдағы жылдың ақпан айында «Сарыарқа» ауданы әкімі жергілікті тұрғындармен есепті кездесуінде аудан тұрғындарымен өзекті мәселелер көтерілген болатын. Өзекті сұрақтардың ішінде бұзылған жолдар мен көшенің жарықтандырылуы, қоршаулардың бұзылуы сынды инфрақұрылымды қайта қалпына келтіру мәселелері болды.

Барлық сұрақтар әкімнің қатаң бақылауына алынған болатын, бүгінгі тексеріс барысында «Сарыарқа» ауданының әкімі Арман Тұрлыбек қала басшысына жоғарыда көрсетілген барлық мәселелер өз шешімін тапқанын жеткізді.

Онымен бірге қала басшысы Самал шағын ауданында жөндеуден және қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін пайдалануға берілген аулаларды аралады.

Әкім әрі қарай Күмісбеков көшесіне барып, Кенесары көшесінен Абай даңғылына дейін Күмісбеков көшесінің жолында жүргізіліп жатқан құрылыс барысымен танысты. 

Әрі қарай қала басшысы Кенесары көшесінен бастап Бөгенбай батыр даңғылына дейін созуға жоспарланған Күмісбеков көшесі бойынша жолдың құрылысы туралы Арман Тұрлыбектің есебін тыңдады. Көшесі жарықтандырылып, өтпежолдар салынып, толығымен абаттандырылатын жолдың құрылысы ағымдағы жылдың күзінде бітеді деп жоспарлануда. 

Қала басшысы Көктал-1 тұрғын алабында жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, Базарлық, Таңжарық және Ақтолқын көшелерін аралады. 

Тексеру барысында Алматы көшесі, Жангелдин көшесінен Бейсекова көшесіне дейін жол құрылысы бойынша жұмыстарды көріп, Бөгенбай батыр даңғылынан Мәскеу көшесіне дейін Сарыарқа даңғылын кеңейту мәселесін қарастырды. 

Сондай-ақ қала билігі Кубрин 20/1 көшесінің ауданындағы құрылысы бітуге жақын қалған жол жөндеу бойынша жұмыс барысымен танысып, ауланы абаттандыру мәселелерін талқылады. 

187 көшесі бойынша 2 кәсіби-теxникалық мектептің құрылыс барысын тексеріп, Қосшығұлұлы 16,18 көшесі бойынша тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру, №65 және №67 мектептеріне кіреберістің ұйымдастырылу барысы жөнінде мәселені қарастырды. 

Тексеру барысында қала билігі «Қамқор» базарын сүріп тастауға арналған жұмыстың барысымен танысты, Бөгенбай батыр даңғылы және Жеңіс даңғылының қиылысындағы үйлерді сүріп тастау мәселелерін қарастырды.