Қазақстан • 23 Шілде, 2017

Астанада Николас Кейдж тал отырғызды

165 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада өтіп жатқан XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында «Бес құрлық» балалар кинофестивалі салтанатты түрде ашылды.

Астанада Николас Кейдж тал отырғызды

Фестиваль ашылмас бұрын Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Ұлттық кинематография өнері мен ғылымдары академиясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Айман Мұсақожаева, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен «Оскар» және «Алтын глоубс» иегері Николас Кейдж тал отырғызып, игі дәстүрді жалғастырды.

«Осындай тамаша фестивальді ұйымдастырушы ұжымға, министрлікке алғыс айтамын. Егер кино өнер саласына араласуды ойлаған болсаңыз ұзақ ойланып қажеті жоқ, тек алға! Кино өндірісіне әуелі төзім қажет. Содан соң кино жасақпен байланыс орнату маңызды. Кез келген табысты фильмнің кілті – командалық бірлікте. Егер менің ойымды білгілеріңіз келсе, киноға айнадағы өз бейнеңізді көргендей қараңыз. Осы жолмен жүремін деген нақты шешім қабылдау таланттан да маңызды», деген Николас Кейдж қазақстандық балалардың болашағына сәттілік тіледі.

Фестивальдің ашылу салтанатында әлемдік және отандық киноиндустрияның жұлдыздарымен бірге өнер мен спорт саласында үлгерімі үздік балалар да болды.

XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Ұлттық кинематография өнері мен ғылымдарының академиясы» қоғамдық бірлестігімен іске асырылады. ЭКСПО-2017 көрмесіне орайластырылып өтіп жатқан халықаралық кинофестивальдың «Мәдениеттер көпірі» тақырыбы отандық кино бизнестің дамуына, сондай-ақ, кинофестиваль демеушілерінің өнімдерін жарнамалауға жол аша түсетіні сөзсіз.

Ая ӨМІРТАЙ,

"Егемен Қазақстан"