ЭКСПО-2017 • 23 Шілде, 2017

Астанада Шығыс Қазақстанның мәдени күндері өтіп жатыр

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жиырма бірінші шілдеден бастап халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында Елордада Шығыс Қазақстанның мәдени күндері өтіп жатыр. Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған ұлылар мекенінің сан салалы мәдени-танымдық бағдарламалары 25 шілдеге дейін жалғасады.

Астанада Шығыс Қазақстанның мәдени күндері өтіп жатыр

Астананың іргесіндегі «Қазанат» атшабарындағы Этноауылға құдды Шығыс Қазақстан көшіп келгендей. Бәрі осында жүр. Көмейі бүлкілдеген әншіңізді де, күйшіңізді де, мың бұралған бишіңізді де, он саусағынан өнер тамған қолөнершіңізді де, білекті балуаныңызды да, жүректі аударықпақшыңызды да осы жерден кездестіруге болады. Мұндағы арнайы әзірленген археологиялық көрмеден Берел, Шілікті қорғандарынан табылған 3 мыңға жуық жәдігерлерді тамашалай аласыз.

Шырайлы Шығыстың түкпір-түкпірінен келген Айман Боқбасарова, Айбын Жұматай, Гүлнәр Қожамжарова, Наталья Жукова сынды қолөнер шеберлерінің киізден, ағаштан, теріден жасалып, шиден тоқылған туындыларына тамсанып, өздерімен тілдесуге де мүмкіндік бар. Этноауылдың бір тұсынан Мұзтау, Рахман қайнары, Марқакөл, Қиын керіш, Сібе көлдері, Алакөл, Жидебай, Бұқтырма су қоймасы секілді өңірдің көркем жерлерінің фотосуреттерін көруге болады. Этноауылдың қақ ортасындағы алтыбақан маңына келіп, Шығыстың бұлбұл көмей әншілерінің әндерін тыңдап, Өскемен мен Семейдегі театр актерлерінің өнерін тамашалаймын десеңіз мархабат. Ал атшабарға барсаңыз, аударыспақтан еліміздің 5 дүркін  чемпионы, Азия чемпионы Ермек Жәпішев бастаған, Ерзат Арғынов, Әділ Төкешов, Фархат Қайырбеков сынды қазақ күресі шеберлерінің ұлттық спорт түрлерін паш еткен қан қыздырар көрсетілімдерінің үстінен түсесіз. Сонымен қатар күн сайын «Бәйтерек» монументі мен «Жастар» саябағында Шығыс Қазақстаннан шыққан өнер майталмандарының концертін тамашалауға болады.

Облыстың Елордадағы мәдени күндері 25 шілдеде ЭКСПО қалашығындағы «Шырайлы Шығыстан – атағы асқақ Астанаға» атты гала-концертпен түйінделмек. Бұл шараға Қазақстанның Халық Әртісі Роза Рымбаева бастаған өңірдің өзге де шығармашылық ұжымдары қатысады.

Реті келгенде айта кетейік, ЭКСПО көрмесі басталғаннан бері оны 36 700 шығысқазақстандық тұрғын тамашалап үлгеріпті. 23 шілдедегі деректерге сүйенсек, облыс көрменің 89 700 билетін сатып алыпты.  Көрмені 26 000 бала (оның 15 500-і аз қамтылған отбасынан, 905-і – жетім, 3 750-і дарынды және 4 9595-і колледж студенттері) тамашалайтын болады. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 419 миллион теңге қаржы қарастырылыпты.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»