24 Шілде, 2017

Жанболат Аупбай. Қазқонақ

343 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

1983 жылы мамырда Пав­ло­дарда «Комсомольская правда» газетінің күндері өтті. Оған өз республикамыздағы «Лениншіл жас», «Білім және еңбек», «Қазақ­стан пионері» сияқты жастар мен балалар басылымдарынан да өкілдер шақырылып, олардың қатарында біз де болдық.

Жанболат Аупбай. Қазқонақ

Айтайық дегеніміз, сол іс-шарада оны ұйымдастырушылар қонақтарға облыс орталығындағы тарихи-өлкетану музейі мен қаланың химия қалашығы маңындағы Ертіс өзені ернеуінен өзіндік ерекшелікке ие археологиялық қазба жұмысынан табылған жәдігерлерді көрсетті. Ол есте жоқ ескі заманда белгісіз себеппен қырылып, кейін құм мен топырақ қабаттары басып қалған мыңдаған аң-құстың сүйегі жатқан жер еді. Бұған таңданған мәскеулік журналистер экскурсовод мамандарға сан түрлі сұрақтарды жаудыртты-ай дейсіз. Сонда олардың айтқандарынан ұққанымыз мынау болды.

1928 жылы мәскеулік палеонтолог Юрий Орлов Пав­ло­дар қаласының солтүстік баты­сындағы Ертіс өзенінің оң жаға­лауы­нан ерекше бір қорымды табады. Ол жалпы көлемі 2 гектардай алқаптағы 6-8 метрлік жер қыртысының астында 3-4 метр қалыңдықты құрап, төбе-төбе болып үйіліп жатқан ежелгі заман жануарларының сүйектер жиынтығы еді. Бұл маңайды тұр­ғы­лықты халық о бастан-ақ «Қазқонақ» («Гусиный перелет») деп атаған.

Оның себебі, күзде жылы жаққа бет алып, ал көктемде кері оралатын қанаттылар осы жерге келіп, дамылдайды екен. Ю.Орлов пен ол жұмыс істейтін Бүкілодақтық Палеонтология ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері жоғарыдағы археологиялық қазбадан кейін не істеген дейсіздер ғой. Олар 1930-1935 жылдары осы төңіректен бұдан басқа да жаңалықтар ашылып қала ма деген үмітпен тағы да экспедиция жасақтап, тынбай еңбектенеді. Соның нәтижесінде ғалымдар аталмыш өңірден тек құстар ғана емес, 20-ға жуық бұғы, 40 керік, 130 мүйізтұмсық пен 200 гиппарион жылқысы және сол ежелгі заманда Ертіс өзені жағалауын мекен еткен тасбақа, қылыш тісті жолбарыс қаңқаларына кезігеді. 

Қазқонақ алабынан табылған жан-жануарлар сүйектері ХХ ғасырдың алғашқы жарты­сындағы палеонтологтар үшін үлкен олжа болады. Бұл ежелгі дүние тіршілік иелерінің өмір сүрген уақыты шамамен 7-10 миллион жыл бұрынғы неоген дәуіріне барады екен. Осыдан кейін экспедиция мүшелері Ертіс өзенінің жағасындағы жұмыс нәтижесіне одан сайын қызығып, бастаған жұмыстарын тағы да жалғастырады. Өкінішке қарай, ғалымдардың маңдай терімен келген тамаша іс өзінің нақты бағасына ие бола алмайды. Неге десеңіздер, археологтар тапқан жоғарыдағы құнды жәдігерлер – 16 тонна аң-құс сүйектері респуб­ликадан тыс жерлерге әкетіліп, ешқайсысы жөнді сақталмайды. Талан-таражға ұшырайды. Ол кезде Павлодарда қандай да бір қазба жұмыстары нәтижесінде табылған олжаларды зерттеумен айналысатын ғылыми мекемелер мен өлкетану мұражайы жоқ еді. Тек 1960 жылы ғана Мәскеу палеонтолог Ю.Орловтың бастаған жұмысын өз республикамыздағы Зоология ғылыми-зерттеу инс­титутының палеобиология бөлімі экспедициясына жалғастыруға рұқсат береді. Бұл мекеменің қыз­меткерлері де қазба жұмыстары ке­зінде аталмыш аймақтағы омыртқалы жануарлардың көп­теген сүйектерін табады. Осы ор­та­лық мамандарымен тізе қоса қимыл­даған облыстық тарихи-өлке­тану мұражайы ұжымы болса, олар Қазқонақ алқабына арнал­ған экспедицияны жүйелі ұйым­дас­тырып, аталмыш жердің толық анық­тамасын жасауға қол жет­кізеді. Ақыры 1971 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі ондаған мың аң мен құстың сүйегі жатқан бұл өңірдің ел мен жер тарихы үшін маңыздылығын ескере келіп, оны мемлекет қорғауына алады.

Мамандар сонда, яғни 1983 жылы бізге осыларды баяндай келіп, дүние жүзіндегі зоологиялық және орнитологиялық қазба жұ­мыстарында өте сирек кездесетін құбылысқа ие аумақты аман сақтап қалуда бір нәрседен қатты алаңдайтындықтарын айтқан болатын. Ол – Ертіс өзені суының уақыт өткен сайын Қазқонақ ала­бына жақындай түсуі екен. Арада 27 жыл өткен соң, яғни 2010 жылы барып көргенімізде аталмыш жерді су шаю қаупінен басқа, онда екінші проблема­ның пайда болғанын байқадық. Бұл облыс орталығындағы химия қала­шығының өсіп, өзіміз сөз етіп отыр­ған тұсқа қарай қанат жаюы дер едік. Ал ол шағын ауданнан шық­қан күл-қоқыс ше? Олар жер астында төбе-төбе болып үйі­ліп жатқан, археологиялық қаз­ба жұмыстары әлі аяқталмаған ау­мақтың үстіне төгіле бастаған.

Мұндағы жағдай күні кешеге дейін осылай болып келді десек, еш қателеспейміз. Олай деуімізге былтырғы мамыр айында «Қазақстан – Павлодар» телеарнасында көрсетілген хабар негіз болып отыр. Онда облыс әкімі Болат Бақауовтың қаладағы зиялы қауым өкілдерімен кездесуі бейнеленген еді. Көп ұзамай сол кештен «Казахстанская правдада» хабар да жарияланды. Сондағы сұрақ-жауап кезінде оған Қазқонақ алабындағы жағдай туралы сауал да қойылмай қалған жоқ. Бұған өңір басшысы былай деді: «Бұл жағдайды сіздер мен біздер әңгіме еткелі қашан. Енді сөзден іске көшетін кез келді. Осыған байланысты біріншіден, қаланың қазіргі картасынан Қазқонақтың аумағын нақтылап тұрып белгілеп алуымыз керек. Сосын оны ежелгі замандағы аң-құстардың сұлба-силуэті бар дуалмен қоршап, ол жерге баратын бір ғана қақпа қалдыруымыз қажет. Осымен бір мезетте аталмыш алқаптың тарихи маңызы бар болғандықтан мемлекет қарауына алынғандығын білдіретін билборд ілу жұмысы мен аумақ айналасын күл-қоқыстан тазартуды қатар жүргізсек дейміз. Бұған қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері мен «Жасыл ел» қозғалысының жаса­ғын жұмылдыруға болады. Осы­ған байланысты біз облыс орта­лығындағы университет, институт ректорлары мен колледж, училище директорларынан жанды іс қимылға толы көмек күтеміз». 

Осылай деген әкім Қазқонақ алабын қызықтап келіп көретін туристер мен энтузиастар болса, олар жүретін ойлы-шұқырлы жерге Баянауылдың жалпақ тас­­тарын әкеп төсеп, жаяу жол салудың артық емес екен­дігіне де тоқталды. Сөзінің соңын­да қала әкімдігіне аталмыш аумақ­ты көгалдандыруды дереу қолға алып, оны жүйелі жүргізуге күш салуды тапсырды.

Қарап отырсақ, содан бері міне, бір жылдан астам уақыт өтіпті. «Осы мерзім ішінде жоғарыдағы жақсы ой жүзеге асты ма? Ол ізгі ниеттің орындалу барысы қалай?» деген сауал келді көкейімізге. Мәселенің жай-жапсарын білуді, атап айтқанда, ел мен жер үшін үлкен маңызы бар Қазқонақ алабын қоршап, анықтамалық тақ­та ілу, оның төңірегін тазартып, көгалдандыру және жиек жол жасау жағдайын көріп қайтуды осы өңірдегі меншікті тілшіміз Фарида Бықайдан сұраған едік. Әріптесіміз былай деді: 

– Иә, өткен жылдан бері мұн­дағы жұмыс жанданды. Оған негіз болған нәрсе, облыс әкімінің ел алдында берген уәдесі. Соның нәтижесінде Қазқонақ айнала­сы­на 1000 метрлік қоршау тұрғызыл­ды. Көрнекі жерге осы табиғи ескерт­кіштің тарихи маңызы сипат­талған ақпараттық тақта орнатылып, электр жарығы тартылды. Ой-шұқырлар тегістеліп, туристер жүретін жиек жол жасау да ұмыт қалған жоқ. Сөз орайында көгалдандыру жұмыстарына ерекше мән берілгенін атап айтқан жөн. Атқарылған осы істерде «Жа­сыл ел» қозғалысының жасағы мен Павлодар педаго­гика­лық мемлекеттік институ­ты студенттері ерекше белсенділік көр­сетті. Жоғарыдағы жұмыс­тар­дың бәрі өңір кәсіпкерлері мен энтузиастардың демеушілік қаражаты есебінен жүзеге асты. Ал биыл Қазқонақ алабына деген жанашырлық өз жалғасын тауып, ол көктемдегі сенбілікте айрықша көрінді. Өзіміз сөз етіп отырған төңіректі тазалап, ретке келтірудегі сол күнгі жұмысқа 200-дей студент қатысты. Оның соңы елдік рухты көтеріп, жастардың ой-өрісін дамытатын әртүрлі ойын-сауық бағдарламасына ұласты. 

Сөзімізді Павлодар география үйінің директоры Алек­сандр Вервекиннің пікірімен қоры­тын­дылайық. «Соңғы 25 жыл­дан бері Қазқонақ алабын сақ­тау жөнінде әртүрлі жиындарда қаншама ұсыныстар айтыл­ды десеңізші, – деді ол. – Таби­ғат жанашырларының сан рет көтер­ген жоғарыдағыдай мәсе­лесіне қарамастан, іс алға жылжымай-ақ қойған еді. Ал өткен жылдан бергі қимыл-қозғалыс көңілімізге қуаныш ұялатып отыр. Сөзден іске көшкен деген, міне, осы. Соған көңілімізді демдеп, істі ілге­рі жылжытушы әкімдік, қоғам­дық ұйымдар басшылары мен бел­сен­ділеріне ризашылық білдіреміз». 

Жанболат Аупбай,

"Егемен Қазақстан". 

ПАВЛОДАР

Суреттерде: аққу ұшып, қаз қонған қайран Ертіс; көк жүзінен түсірілген мына суреттен өзен бойындағы жарқабақ пен химия қалашығы арасындағы Қазқонақ телімін көруге болады. (Бұл аэрофото Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінен алынды).