24 Шілде, 2017

Қаз басқан қасиетті мекен

1069 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Естияр шаққа ілінгенде егде кісілердің аузынан «әркімнің туған жері Мысыр шәрі» деген сөзді жиі еститінбіз. «Әй, осы шалдар да айта береді, «Мың бір түндегі» Мысыр қайда, мимырт жатқан біздің ауыл қайда?» деп, шеңгел шарбақты шағын ауылдың көрінісіне онша көңіл тоғайта қоймайтынбыз.

Қаз басқан қасиетті мекен

Сөйтсек, үлкен кісілер өскелең жас­­­тың бо­йына атажұртқа деген ің­кәрлікті,  ту­ған жерге деген құрметті осы­­лай сіңіргісі келеді екен. Үйдің дә­лі­­зі­не ұя салған қарлығашты қарын­дасындай қастерлеп, далада мал екеш мал да менсіне бермейтін кекіре, мия, ала­ботаның ашқылтым иісін айран сіміргендей рахаттана жұтатын көнекөздердің әрбірі ісі өнеге екен ғой. Дала мектебінің сол бір салиқалы сабақтары бізді бағзы бабалар қадымнан қазық қаққан өскен өңірді қадірлеуге, кие тұтуға баулыды. Есейе келе ұядай ауылға деген ұлпа сезім ұлан-байтақ қазақ жеріне деген ұлағатты  сезімге ұласты. Университет қабырғасында еліміздің әр өңірінен жиналған достар арқылы бәріміздің бойымызда Сарыарқаның сағымды белдері мен Алтайдың сабынды көлдеріне, Каспийдің толқын ұрған шомбал тастары мен Түркістанның күн сүйген көне күмбездеріне деген ерекше махаббат оянды. Мен және менің дос-тарым жұмыр жердегі жұмақ мекен дәп осы кең көсілген қазақ жері екенін ешбір жасандылықсыз, ешқандай боямасыз сезіндік, айрықша ұлағат тұтып келеміз. Қос формацияны қолтықтап, егемендіктің елең-алаңын көзімен көр­ген, көкірегімен сезінген біздің буынның қазақы патриотизмі міне, осындай саф күйінде сақталып қалды. 

Осындайда жаһанданудың жойқын ағысында ұлттық болмысты сақтап қалудың сындарлы бағыты белгіленген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» деген бәтуалы сөзінің астарын сезініп, тереңдігін ұғынасыз. 

Осы тұрғыда атап өтер жайт, тәуел­сіздіктің арқасында шат-шадыман тір­шілік етіп, өмірінде ауыл көрмеген ша­һари жастардың санасына көне қаланың, көделі даланың киесін сіңіре алмағандықтан ба, кейінгі кездері олардың көпшілігі әлемнің өркениетті елдерін еркін аралап, тілін үйреніп, үздік оқу орындарында білім алғаннан соң, сол мемлекеттерде қалып қоюды болмаса біржолата қоныс аударуды әдетке айналдыра бастағандай. Әрине, әркімнің өмірде өз таңдауы бар шығар. Бірақ өзіңді дүниеге әкелген, өсірген, тәрбие берген ата-анаңмен барабар саналатын туған жеріңнің, байтақ еліңнің алдындағы адами һәм азаматтық борыш ше? Бұған қоса, «бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» деп қазақ айтпақшы, барған жеріңнің бәрінде бақыттың миуалы бағы жайқалып тұрғанына кім кепілдік береді? 

Біраз жыл шетелде тұрып, елге қайта оралған отандық саясаттанушылардың бірі осы мәселеге қатысты білдірген пікірін оқыған едік.  Оның айтуынша, біздің жастардың шетелдерге барғанда ғажайыптар әлеміне еніп кеткендей болатын бастапқы әсері кейіннен нақты өмір шындығымен бетпе-бет келген тұста быт-шыты шығады. Сондықтан өркениетті елдің бәрін «алма пісіп, ауызға түсе қалатын» жұмаққа баламау керек. Әлемнің ешбір елі қазақтың қарадомалақ баласы келеді деп құшағын айқара ашып отырған жоқ. Олай ешқашан болмайды да, дейді ол.  

Олай болса, қалалық жастардың бойына ұлттық рухтың дәнін қалай еге аламыз? Бұл жолы да теория мен практиканың қайсысы тиімді деген мәңгілік сұрақ тағы алдымыздан шығады. Гетенің «Фауст» трагедиясында Мефистофельдің  білім іздеп келген талапкерге «Теория досым құп-құрғақ қой қарашы, ал өмірдің гүл жайнап тұр ағашы» деген сөздері еске түседі. Біз практиканы құп көреміз. Сондықтан, бүгінгідей жаһандану заманында ұрпағының бойына елді сүю, жерді қорғау, Отанды қастерлеу сияқты ұлы сезімдерді сіңірудің рухани міндеттілігін сезінген азамат өз перзентін қалалық пәтерінде отырып құрғақ ақыл,  жалаң насихатпен тәрбиелемеу керек. Онсыз да ұялы телефонын жастанып жатып, арманы мен аңсары мүлдем өзге әлемге ауып кеткен қала жастарына қанша жерден ақыл айтсаң да саралы сөзің санасына сәуле боп құйылуы екіталай. Ендеше, ештеңеге қарайламай, анау-мынауға алаңдамай балаңның қолынан ұста да ауылыңа алып бар, қала берді елді аралат. Қазақтың салқар даласының, әсіресе, кір жуып, кіндік кескен туған жеріңнің ойы мен қырын, тауы мен тасын, жазығы мен жазирасын таныстыр, өз көзімен көрсет, шалғынына аунат. Перзент өзінің ата тегін, терең тамырын, рухани діңгегін біліп, шын жүрегімен сезінген тұста ғана оның тұла бойында Отанға деген тұнық сезім бүршік ата бастауы тиіс деп ойлаймыз.

Қуат Бораш,
«Егемен Қазақстан»