Аймақтар • 24 Шілде, 2017

Жан жабырқатқан жайлар, көңіл күрсіндірген көріністер

410 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жан жабырқатқан жайлар, көңіл күрсіндірген көріністер

Қайғылы жағдай қайталанбасын десек...

Табиғат тамылжып, жер­дің бауырынан құт өрген жаз мезгілінде де жан жабыр­қат­қан жайлар кездеседі. Тыл­сым табиғаттың небір ке­ремет­те­­рі­­нің де адам­ға апат әке­ле­тін, өмірін қия­тын сәттері бар. Бұл мез­­гілде, әсіресе, өрт пен су қаупі­нің күшейетіні бел­гілі. Тіл­сіз жаумен қанша күрес­кен­мен, Жамбыл өңірінде бүгінде қайғылы жағдайлар орын алып отыр. 

Өңірде биыл да жан жа­быр­­қат­қан жайлар мен көңіл күр­сіндірген көріністер бар. Биыл­дың өзінде 25 адам су айдындарына кетіп, қайтыс болған. Ең өкініштісі, олардың 14-і балалар екен. Балалардың суға кету оқи­ғасы Байзақ, Т.Рысқұлов, Шу және Меркі аудандарында жиі орын алған. 

Облыстық төтенше жағ­дай­­­лар департаментінің мә­лі­­ме­­тінше, шомылуға ты­йым са­лын­ған орындарда жер­гілікті атқарушы органдармен бірге судағы қауіп­сіздік тақырыбына 82 ескерту белгілері мен 12 билборд орнатылған. Сондай-ақ, шомылу маусымына байланысты Тараз қаласындағы «Зербұлақ» көлі, Қаратау қа­ласындағы «Жартас» көлі және Жаңатас қаласындағы жаға­жайлар «Жедел құтқару жасағы» мекемесі құтқарушы­лары­ның қарауында екен. 

Жалпы, Жамбыл облысы аумағында екі жүзге жуық су айдыны бар. Ал Талас, Шу, Аса өзендері және Ақкөл, Билікөл, Балқаш көлінің бір бөлігі, сондай-ақ, Теріс-Ащыбұлақ, Тасөткел су қоймалары су айдындарының ең ірілері болып есептеледі. Сонымен қа­тар, Тараз қаласы аумағынан өтетін Талас өзенінің қауіпті аймақтары да белгіленген. Тек­тұрмас, Қант зауыты, Гидро­узел, Автобекет және Шөлдала аймақтары Талас өзенінің қа­уіп­ті арналары болып саналады. Суға түсу кезінде қай­ғы­лы жағдайларды болдырмау мақсатында Тараз қа­ласы мен Жуа­лы ауданында 29 қо­ғам­дық құтқарушылардың 9 бекеті құрылған. Алайда, өзге аудандарда мұндай жұмыс жүйелі жолға қойылмаған. 

Жаз келсе суға түсу көп адамдар үшін әдетке айналған. Бірақ ол жердің табиғаты қан­дай, адам тағдырына қауіп­ті ме, жоқ па, мұны көбісі ойлай бер­мейді. Тіпті арнайы демалыс орындарының өзінде спирт­ті ішімдік ішіп, суға тү­сіп жүргендерді кездестіруге болады.

Әкімдер жауапкершіліктен жалтармауы керек

Тілсіз жаудың тағы бір түрі – өрт. Болмашы нәрседен тұтанып, дес бермей кететін өрт, әсіресе, далалы, орманды жерлерде көп болады. Бүгінгі күнге дейін облыстың далалық алқаптарында 660 гектар жерде 57 жану оқиғасы, 11275 гектар жерде 4 орман өрті және 3 дала өрті орын алған. Орман өрті салдарынан 9 миллион 373 мың теңге, ал дала өрті салдарынан 8 миллион 370 мың теңге шығын келген. Аудандарда және ауыл­дарда өртке қарсы түрлі шаралар ұйымдастырылып жатқанымен, тілсіз жаудың қай қиырдан келіп қалатыны белгісіз. 

Жуырда ғана өңірдегі Қосқұдық орман шаруа­шы­лығы мемлекеттік меке­месінің орман қорында найзағайдың әсерінен өрт болған еді. Арада шамалы уақыт өткенде өрттің көлемі ұлғайып, Мойынқұм мемлекеттік мекемесінің же­ріне кірген. Тілсіз жауды ауыз­дықтауға 121 адам, 28 тех­ника қатыстырылып барып, өрт әрең дегенде оқшау­ланған. Бірақ өрт болған күні Мойынқұм ауданының әкімі Бақытжан Нұркенов пен Шу ауданының әкімі Қайрат До­саев жауапкершілікті бір-бі­ріне сілтеген екен. Даланы өрт алып жат­қанда қос әкімнің өрт салдарын өз аумақтарынан алып қашуын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев та сынға ал­ған болатын. Алайда, кейін­нен өрттің басым бөлігі Мойынқұм ауданына тиесілі болғаны анықталған. Өрттің кесірінен сол Мойынқұм да­ласының бір байлығы болып саналатын біраз сексеуіл өртке оранған. Бұдан бөлек, Жуалы және Байзақ аудандарында да өрт болған. Аталған аудан­дарда орын алған өрттің қызметтік тексеру материалдары бүгінде ішкі істер органдарына жіберіліп, өртке жол бергені үшін Қосқұдық, Жуалы және Байзақ аудандарындағы тиісті мемлекеттік мекемелер директорларына қатаң сөгіс беріліпті. 

Әрине, өртті ауыздықтауға да тиісті қаражат бөлініп келеді. Жұмыс күші де жет­кілікті. Енді өрт шыққан жағ­дайда аудан басшылары оқи­ға басында болса, тілсіз жау­ды ауыздықтау шаралары тыңғылықты ұйымдас­тырылар еді.

Хамит Есаман,

"Егемен Қазақстан"

Жамбыл облысы