Қазақстан • 24 Шілде, 2017

Оқиға Бас прокуратураның назарында

116 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптада, яғни 20 шілде күні Ақмола облысы Целиноград аудандық прокуратурасының ғимаратында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасалғаны жөнінде ақпарат тарағаны белгілі. Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында орын алған бұл оқиғаны Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі сол күні растады.

Оқиға  Бас прокуратураның назарында

 «Прокуратура қызметкері Ж.Әлібаев және Целиноград ауданы ішкі істер бөлімінің тергеушісі А.Пшембаев жарақат алды. Қарулы шабуыл қылмыстық іс бойынша сотталушы Ө.Жампозовтың тарапынан жасалғаны анықталды. Іс бойынша Ө.Жампозов ҚР АШМ «Казводхоз» РММ ШЖҚ директоры бола тұра, басқа лауазымды тұлғалармен және мердігерлермен алдын ала сөз байласу арқылы өзіне сеніп тапсырылған Преображенское су құбырын жөндеу үшін бөлінген 620 млн теңге қаражатын талан-таражға салған. Жампозовқа қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Өзіне қарулы шабуыл жасалынған прокуратура қызметкері, аталған қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптауды қолдаған. Іс бойынша талқылау ашық болған. 2017 жылдың 18 шілдесінде сот жарыссөздері барысында мемлекеттік айыптау-шы Жампозовты кінәлі деп тануды және оған «Рақымшылық жасау туралы» Заңның  ережесін қолдана отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Үкімнің жариялануы 2017 жылдың 20 шілдесі сағат 16-00-ге тағайындалған. Қарулы шабуыл сот үкімінің жариялануына дейін жасалған. Қарулы шабуыл жасағаннан кейін Жампозов қылмыс орнынан жасырынған. Осыдан кейін оның автокөлігі АЛЖИР қуғын-сүргін құрбандары мемориалды кешенінің аумағынан табылды. Сол жерде Жампозовтың мәйіті анықталды. Алдын ала болжам бойынша ол өз-өзіне қол жұмсаған. Жарақат алған қызметкерлер ауруханаға жатқызылды. Істің тергелуін қадағалау Астана қаласы прокуратурасына тапсырылды», делінген баспасөз хабарламасында. 

Осы оқиғаға байланысты еліміздің Бас прокуратурасы 21 шілдеде ақпарат таратып, аталған іске қатысты барлық амалдар жан-жақты және объективті түрде жүргізілетінін мәлімдеді. 

Бас прокуратураның баспасөз қызме­тінің хабарлауынша, қазіргі таңда Ө.Жам­позовты бюджет қаражатын талан-таражға салды деп айыпталып отырған қылмыстық іске қатысты прокурордың ұстанымы қаншалықты негізді екенін анықтау үшін қызметтік тексеріс жүріп жатыр.  Сонымен қатар, өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу бойынша Целиноград АІІБ іс қозғады. Ал сотқа дейінгі алдын ала тергеу әрекеттерінің заңдылығын қадағалау Астана қаласының прокуратурасына жүктелді. 

«Егемен-ақпарат»