Спорт • 24 Шілде, 2017

Бұқаралық спортты дамытудың елордалық үлгісі

354 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұқаралық спортты дамыту Астананы өркендетудегі басым бағыттардың бірі десек, артық айтқандығымыз емес. Оған мысал ретінде бір ғана  «Астана» президенттік кәсіби спорт клубын айтсақ жетіп жатыр. Бола­шақта Президенттік клубтың қара­мағындағы командаларда елор­даның бүгінгі жас спортшылары өнер көрсетпесіне кім кепіл?

Бұқаралық спортты дамытудың елордалық үлгісі

Осы мақсатта Астанамызда жыл сайын әртүрлі спорттық алаңдар салынып, тұрғындар игілігіне берілуде. Сонымен қатар, саламат­ты өмір салтын насихаттау мақсатында, жастарды спортқа баулу үшін елордада көпшілікке арналған сайыстар мен спорттық фестивальдар жиі өткізіліп тұрады. Бүгінде бас қалада ересектерге де, балаларға да спортпен шұғылдануға арналған ірілі-ұсақты 600-ден астам спорттық нысан жұмыс істеп тұр. 

Соның бірі – «Астана» спорт кешені. Бұл спорт нысаны қала тұрғындарына бассейн мен жаттығу залын ұсынады. Сонымен қатар, балалар скалодром, футбол және баскетбол мен волейбол үйірмелеріне жазылып, үлкендер жағы ойын алаңдарын жалға алып, жаттығуларына болады. Спорттық секциялардан кикбоксинг, каратэ, бокс және т.б. бар. Бір айта кетерлігі, жаз маусымында «Астана» спорт кешені оқушылар секілді жазғы демалысқа шығады. Спорт кешеніне жаз мезгілінде тек үлкендер мен жалға алушылар ғана жаттығып, денесін шынықтырады.

Сонымен қатар, спорт кеше­нінде жаттығу мен бассейн залы бар. Балалар үшін жаттығу залына жазылу айына орта есеппен 4500 теңге болса, ересектер үшін 8500 теңге. Сонымен қатар, әр айдың соңғы күнінде зейнеткерлер мен студенттер залда тегін жаттыға алады. Жүзу бассейнінде балалар топпен жаттықса айына 13000 теңге, ал жекелей жаттықса 18000 теңге төлейді. Үлкендер үшін топпен жаттығу 18000 теңге, жекелей жаттығу үшін 20000 теңге. 

Спорт кешендері үшін стандартты болып табылатын жүзу, фит­нес, дзюдо, айкидо, джиу-джитсу, өзін-өзі қорғау сияқты спорт түрлерімен «Қазақстан» спорт сарайында айналысуға болады. «Арыс» бокс клубы секциялар тізі­мінде ерекше орын алады. Онда топтық және жеке дайындық жұ­мыс­­тары жүргізіледі. Жүзу үйір­ме­сі­не бір ай қатысу үшін мектеп жа­сын­дағы балалар мен студенттерге 5000 тең­ге, ал үлкендерге 10 000 теңге көле­мінде ақы белгі­лен­ген. Бұлшық еті­ңіз­ді дамытып, денеңіздің сымбат­ты болуын қаласаңыз және әдемі бей­нелеуші қозғалыстар үйренгіңіз келсе, фитнес студиясына жазылуға болады. Баға­сы – 7 мың теңге. Балаларды би топ­тарына қабылдау 4, 5 жас­тан жүргізіледі. Би үйірмесінен шы­ғыс, әлем халықтарының, балалар, клубтық билер, стрип пласти­ка, BreakDance, йога, шоу балет (салтанатты кештерде билеу) биін үйрене алады. Айлық баға­сы 10000 теңге шамасында. «Қазақ­стан» спорт кешені бүгінгі күні Астананың спорттық және қоғамдық өмірінде маңызды рөл атқарады. Спорт кешені 2002 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен салынғанын айта кеткен жөн.

2011 жылы пайдалануға беріл­ген республикалық «Сарыарқа» велотрегі – велошабандоз шлемі түрінде жасалған, ерекше спорт ғимараты, әлемдегі ең үздік спорт кешендерінің бірі ретінде танылған. Велотректің ішіне жаттығу залы, трек, мұз сырғанағы, бокс, гимнастика, ойын залы және шағын футбол алаңдары кіреді. Жаттығу залына 5 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Ал, мектеп оқушыларына, студенттерге және зейнеткерлерге бір жолғы келуге 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. 

«Алау» мұз айдыны Астана тұрғындары жаз мезгілінде спортпен шұғылдану үшін орталық ашқан. Мұз айдыны сарайы спорт сүйер қауымға мынадай қызмет түрлерін ұсынады: конькимен сырғанау (хоккей алаңы), роликпен сырғанау (400 метрлік конькимен жүгіру жолы), батут, үстел теннисі, бадминтон, бильярд және шағын гольф. Бір күндік толық билеттің бағасы – 1000 теңге, ал, жеңілдік билеті – 500 теңге. Сонымен қатар, 7 жасқа дейінгі балаларға, I және II топ мүгедектері, көп балалы отбасынан шыққан, кәмелетке толмаған балалар және балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне  кешенге кіру тегін. Оқытушылар, студенттерге жеңілдік билеті қарастырылған.

Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның есігі жаз маусымында жеңіл атлетика мен футболға әуес жандарға әрдайым ашық. Кез келген қала тұрғыны жеңіл атлетика және футболмен тегін айналыса алады. Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда халық­аралық стандартқа сәйкес (105х68м) табиғи көгалды футбол алаңы бар және ол 12250 орынды трибунамен жабдықталған. Футболдан басқа, стадионда 400 метрлік жүгіру жолы, ұзындыққа, биіктікке секіретін арнайы орындар бар. 

«Алатау» спорт кешені қала тұрғындарына олимпиялық бассейн, жүгіру жолы, екі шағын фут­бол алаңы, волейбол алаңы, бір­неше жекпе-жек спорт түрлері, жат­тығу залын және бірқатар би үйірмелері қызметін ұсынады.

Су спорты түрлеріне әуес жандар жүзу, суға секіру, академиялық есу, байдарка мен каноэ есу, желкен­ді спортқа мамандандырылған «Толқын» спорт мектебіне жазыла алады.

«Дәулет» спорт кешенінде үлкен теннистен дәрістер жүргізіледі. Бүгінде еліміздегі ең үлкен теннис орталығында балалар жекелей және топ болып жаттығады. Бұл жерде теннистің әліппесін үйретуден бастап, түрлі жарыстарға дайындап шығарады. Сондай-ақ, қала тұрғындары қалаған уақытында кортты жалға ала алады.

Міне, елорда тұрғындары спорт­­шылар мен халық игілігі үшін са­лын­ған спорттық ғимараттарды өз игі­ліктері үшін осылайша пайдалана алады. Сондай-ақ, қазіргі таңда Аста­надағы әр тұрғын үй кешенінің ауласында спорт алаңқайлары бар. Елордада саламатты өмір салтын ұстанамын деген жанға барлық жағдай жасалған, тек өзіңізде ынта мен жігер болсын!

Әли Битөре,
«Егемен Қазақстан»